Осыдан бір апта бұрын Қаскелең қаласындағы Жайлы мектепте жас педагогтерге арналған «STEAM. AI. INNOVATION» тақырыбында облыстық форум өтті. Білім саласында тың серпін беруді көздеген алқалы жиынды «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының Алматы қаласындағы филиалы мен Қарасай аудандық білім бөлімі бірлесе ұйымдастырды. Ауқымды шараға Алматы қаласының және Алматы облысының аумағындағы білім мекемелерінің жас мамандары, сондай-ақ Түркістан және Жамбыл облыстарынан арнайы келген жас ұстаздар да қатысты. Форумның мақсаты – жас мұғалімдерге сабақ барысында жасанды интеллект құралдары мен STEAM технологияларын тиімді қолдануды үйрету, цифрлық дағдыларын жетілдіру.
Салтанатты шараның ашылу рәсімінде Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы филиалының, Қарасай аудандық білім бөлімінің басшылары сөз алып, жас мамандардың кәсіби дамуына сәттілік тіледі. Ал Алматы қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының аға менеджері Әлия Рысбаева жиынның тарихы мен маңызына айрықша тоқталды.
– «Жас ұстаз табысқа апарар жол» форумы – 2022 жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін іс-шара. Оның негізін қалаушы – Педагогикалық шеберлік орталығы. Міндетті түрде жылына бір рет Астана қаласында республикалық немесе халықаралық деңгейде өтетін болады, – деп атап өтті Ә.Рысбаева.
Тәжірибе мен жастық жалын тоғысқан форум үш негізгі бағытта өрбіді.
Алдымен TED talk алаңында халықаралық STEAM сарапшылары мен робототехника саласының үздіктері спикер ретінде сөз сөйлеп, әлемдік білім берудегі соңғы трендтер мен өз тәжірибелерін ортаға салды.
Одан кейінгі INNOVATION STEAM ARENA & AI TEACHER LAB бөлімінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұстаздары пән сабақтарында жасанды интеллект пен STEAM әдістерін тиімді кіріктіру бойынша шеберлік сыныптарын өткізді.
Ал «STEM PLAYGROUND» интерактивті тәжірибе алаңында Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері жас мамандарға заманауи әдістемелерді тәжірибе жүзінде сынап көруге мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында еліміздің әр өңірінен жиналған жас ұстаздар өзара пікір алмасып, кәсіби байланыс орнатты. Ортақ пікір алмасып, тәжірибеге негізделген білімдерін жетілдірді.
Жалпы айтқанда, бұл тағылымды форум жас педагогтердің заманауи цифрлық құралдарды меңгеріп, оқу үдерісіне жаңаша көзқараспен келуіне жол ашқан маңызды басқосу болды.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ.

