Әр оқу жылы аяқталған сайын мектеп қабырғасында алған білімімді және ұлағатты ұстаздарымның берген бағыт-бағдарын, ақыл-кеңестерін ерекше еске аламын. Өткен күнге көз жүгіртіп, балалық шақтан қазіргі жасыма дейінгі ескірмейтін естеліктерге жүрегім елжірейді. Кейде қолыма қалам алып, сол бір санамдағы сағынышты қағаз бетіне түсіретінім бар.
Мен 1956 жылы, 14 қаңтарда Қаскелең ауданы, Кошмамбет ауылында дүниеге келгенмін. Зейнеп әжем батырлар жырындағы Алпамыстың жұбайы Гүлбаршынның құрметіне «Гүлбаршын» деп есімімді қойыпты.
1966 жылға дейін біздің ауылда электр шамы болмады. Әкем кешке жақын пілте шаммен дөңгелек үстел басында батырлар жырын оқитын. Ол кісі жатқа оқып, өлеңдетіп, арасында кітапқа үңіліп қоюшы еді. Әкемнің қоңыр даусы әлі күнге дейін жадымда сақтаулы. Біз отбасымызда үш қыз болдық. Үшеуіміз де кітапқа құмар едік. Бұл қасиеттер әкемнен дарыған болуы керек.
Менің алғаш ауыл кітапханасына барғаным да есімде. Күнде сабақтан соң кітапханаға барам,бірақ есік аузында үлкен қара құлып тұрады. Әйтеуір, не керек бір күні ашық екен. Мені әдемі келген, қара торы кітапханашы күлімсіреп қарсы алды. Ол кісінің ауылға беделді Сламбек атаның үйіндегі кісі екенін білем. Сол кезде алғашқы алған кітабым вьетнам халқының ертегілері еді. Есімде қалғаны бір жетім кішкентай қыз жыласа, көзінен маржандар түсетін болған. Кешке жатқанда сол қызды ойлап, мен де көз жасыма ерік беруші едім.
Менің тегім әкем атында Әбдікерімқызы емес, әжем атында – Зейнепқызы. Оның да шығу тарихы бар. Мен бірінші сыныпқа барып, оқып үйренгеннен кейін үйдегі іс-қағаздарын оқи бастадым. Ол кезде үйде балаларға арналған кітап жоқ. Туу туралы куәліктерді оқып отырып, екі сіңілімде Әбдікерімқызы деп жазылғанын байқадым, ал менде жоқ. Мені ауылда бәрі «Зейнепқызы» деп атайды. Сонымен өз қолыммен сия қаламсаппен быттитып «Зейнепқызы» деп жазып қойғам ғой. Ауылда әжем беделді кісі болды, оны бидің тұқымы дейтін. Ауылдастардың әжеммен келіп ақылдасып тұратын кездері де болатын. Сол кезде мені қызық көріп «Кімнің қызысың?» деп сұрайтын көрінеді. Ал мен «Зейнеп қызымын» дейтінмін. Бірде әбден запы болуым керек «Қазына қызымын» деп, анамның есімін айтыппын. Ұзынқұлақтар дереу әжеме жеткізген. Әжем ашуланып, мен келгенше Үшқоңыр жайлауына кетіп қалатын.
Әкем қойшы ауылда бухгалтер-кассир, қойшыларға жалақысын апарып берген. Жазда біз тауда боламыз. Мен де үйге келе салып, іле-шала бау-бақшаның басына қарай жүгірдім, онда үлкен жол болатын. Машина да келе қалды, сірә тауға баратын болу керек. Не керек, мені әкеме апарды. Әкем ертесіне екі атты ерттеп, мені әжеме апарып тастады. Бір күні ертеңгісін оянсам, әжем жоқ. «Әжем қайда?» десем, «бұлақ басына кетті», – дейді. Жанұшыра бұлаққа қарай жүгірдім, әжем жылап отыр екен. «Неге жылайсың?», – дедім. Сонда әжем: «Ее, мен де сендей кішкентай болғам, осы бұлақ басында ойнаушы едім», – деді ол. Мен аң- таңмын, әжемнің кішкентай қыз болғанына сенер емеспін. Сөйтіп, асыл әжем сол жылы күзде дүниеден өтті. Жаңағы әңгімесі туған жерімен қоштасуы екен ғой!
Менің алғашқы ұстазым Күмісбек Қуанышбеков деген болды. Ол кісі қоңыр дауысты, сымбатты әрі мейірбан еді. Ағайдың төбесі көрінсе, жанұшыра алдынан жүгіріп, біріміз портфелін алып, енді біріміз қолынан ұстап, тіпті, шалбарынан да ұстап, мәз-мәйрәм болатынбыз. Ағай болса «Ер адамның алдынан жүгіруге болмайды, ұят болады» дейтін. Оған құлақ асар біз жоқ, ертеңінде де солай қайталана беретін.
Менің мектебім төртжылдық болды. 5-сыныпты автобуспен Жамбыл ауылына барып оқу керек болатын. Әкем қыз балаға қиын болады, Қаскелең қаласында оқисың деп шешті. Мен жалғыз бармаймын дедім. Сонымен үшінші сыныпта оқитын сіңілім Гүлбанумен баратын болып келістік. Сөйтіп, мен исі қазақ балаларының қара шаңырағына айналған Абай атындағы мектеп-интернатына оқуға келдім.
Менің жақсы, білімді, жан-жақты болып қалыптасуыма бірден-бір себепкер болған осы алтын ұя мектебім және асыл ұстаздарым деп білемін. Ол кезде оқу-тәрбие жұмысын Мұқанова Мариям Хамзақызы басқаратын. Мариям апайдың бастамасымен қаншама қызықты кештер өткізілді. Соның ішінде алғашқы революционер Сара Есова, Мәриәм Хакімжанова, атақты Примак партизан отрядында «Вася» лақап атымен күрескен жазушы Қасым Қайсенов, Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккен батыр ағамыз Рақымжан Қошқарбаев, атақты жазушы Әзілхан Нұршайықов , қазақтың бұлбұлы атанған Бибігүл Төлегенова сияқты танымал тұлғалармен өткен кездесулер әлі есімде. Бұл жүздесулер біздің ұлттық, патриоттық тәрбиеміздің қалыптасуының бірден-бір көзі еді.
Мариям Мұқанова жоғарғы сыныптарда бізге қазақ тілі және әдебиет пәнінен сабақ берді. Ұстаздың байсалды, бірқалыпты даусы әлі құлағымда. Сабақ түсіндірген кезде ұйып тыңдаушы едік.
Химия пәнінен Әсет Асқаров беретін. Бойы аласа келген, мұнтаздай таза жүретін кісі еді. Көктемде, күзде басына өзіне жарасып тұратын берет киіп алатын. Біз ол кісіні жақсы көріп, «Мурзилка» деп атаушы едік. Қу тілді балалар
«Химия қиын, ашиды миың, ашыса миың, Асқаровқа сыйың» деуші еді.
Физикадан орта сыныптарда мектеп директоры Әбдірахман Байжанов берді. Ұзын бойлы, сымбатты болатын. Мен ол кісіні Дінмұхамед Конаевқа ұқсатушы едім. Бірде жетінші сыныпта үш алып қалдым. Ылғи беске оқитын мен үшін бұл – ұят нәрсе. Сабақта өкіріп жыладым, ағай шошып кетті. «Жылама, үшті қоймаймын» деп, ыстық алақанымен басымнан сипады. Алақаны қандай жұмсақ еді…
Біз орыс тіліне де жетік болып өстік. Ондай дәрежеге жеткізген Айнагүл Чанчарова мен Шария Кенжекеева сынды мұғалімдердің еңбегі деп білемін. Физика пәнінен Раушан Даутқұлова беретін. Өзі сұлу, әдемі киінетін. Тұла бойы актриса сияқты еді. Сабақты да мықты оқытатын. Институтқа түсетін емтиханда осы апай туралы еркін тақырыпта шығарма жазып, төрт алғаным әлі күнге дейін жадымда сақтаулы.
Интернатта оқып жүрген кезімізде, бізге сабақтан кейін «самоподготовка» дейтін болатын. Сабақ сияқты үй тапсырмаларын орындайтынбыз. Сонда Әбдірахман Байжанбаев пен Уали Игильманов екеуі жиі келетін. Бірі ұзын, екіншісі қысқа, жақсы көріп «Штепсель мен Торапунька» деп атаушы едік. Уали ағай сыныпқа кіре салып, Нургожаева, Есіркемесова, Аукеев тақтаға деуші еді. Тақтаны үшке бөліп, есеп беретін, біз оны жарыса шығаратынбыз. Ағай маған разы болып, «Нұрғожаева ЖенПидің математика факультетіне барады» дейтін. Ал Байжанов ағай болса, «Жоқ. Гүлбаршын Қарағандының мединститына барады» деуші еді. Екі ағайымның да арманын орындамадым, Алматының шет тілдер институтына түстім.
Мен ұстаздық жолымды Еңбекшіқазақ ауданы, Каракемер ауылындағы Киров орта мектебінде ағылшын тілі мұғалімінен бастап, Қаскелең қаласындағы Белинский атындағы орта мектептен құрметті демалысқа шықтым. Аттай 44 жыл ұстаздық етсем, соның 25 жылы Белинский мектебінде өтіпті.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей отбасымнан, асыл да қымбатты Абай мектебінен көрген тәрбием менің қоғамға пайдалы адам болып қалыптасуыма тірек болды. Осы ретте аяулы ұстаздарымды еске алып, оларға деген құрметімнің белгісі ретінде талай қоңырауда шырқалатын мына бір өлең жолдарын тарту еткім келеді:
Ұстазым, менің ұстазым,
Өзіңменен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып,
Ұстазым, менің ұстазым!
Гүлбаршын НҰРҒОЖАЕВА,
зейнеткер, ардагер-ұстаз.

