Бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі – жыл сайын саны өсіп келе жатқан халықты жұмыспен қамту және елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету. Әлбетте, бұл мақсатта мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар іске асырылып, көптеген шаралар өткізілуде. Жүргізліп жатқан сондай жүйелі жұмыстардың бір айғағы ретінде таяуда Қарасай ауданында өткен өңірдегі еңбек нарығын жандандыруға үлкен серпін беретін бос орындар жәрмеңкесін айтуға болады. Ауданға қарасты Іргелі ауылдық округінің Мәдениет үйінің ғимаратында болған шараны жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіге қызмет көрсететін аудандық Мансап орталығы ұйымдастырды.
Аталған шараның негізгі мақсаты – тек жұмыссыз азаматтарға бос орындар ұсыну ғана емес, сонымен бірге олардың кәсіби біліктілігін арттыруға қолдау көрсету, жастарға заманауи еңбек нарығында дұрыс бағыт-бағдар беру және жалпы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға ықпал ету.
Бұл жолғы жәрмеңкенің ерекшелігі — оған тек өндіріс орындары емес, сонымен қатар құқықтық және әлеуметтік сала өкілдерінің де белсенді қатысуы болды. Оның аясында аудандық прокуратура өкілдері мен сот орындаушылары азаматтарға заңнамалық тұрғыдан кеңес берді. Оған қоса, аймақтағы ірі және белді мекемелер өздерінің ұсыныстарын ала келді. Мәселен, Алматы облысының Қарасай ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты мемлекеттік қызметке қызығушылық танытқан жастарға қойылатын талаптарды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Якарь» және «MP Solutions» ЖШС сияқты өндірістік әрі заманауи технологиялық компаниялар техникалық бағыт бойынша, ал «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде орналасқан дәрігерлік амбулаториясы медицина саласының мамандарына арналған бос орындармен бөлісті.
Жәрмеңкеге аудан аумағында орналасқан жалпы саны 30-дан астам мекеме мен кәсіпорын қатысты. Олар еңбек нарығының түрлі салаларын қамтитын 150-ден астам бос жұмыс орнын халық назарына ұсынды. Шара барысында 100-ге жуық азамат жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, өздерінің түйіндемелерін қалдыруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ келген қатысушыларға тек жұмыс орындары көрсетіліп қана қоймай, түрлі сала мамандары тарапынан еңбек заңнамасы, жұмысқа орналасу шарттары және мемлекеттік бағдарламалар аясында қайта даярлау курстары туралы егжей-тегжейлі кеңестер берілді.
Іргелі ауылында өткен бұл жәрмеңке – аудан тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіні бетпе-бет кездестірген тиімді алаң алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, аудандағы жұмыссыздық мәселесін шешуге септігін тигізе бермек.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

