Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Тамыз конференциясының пленарлық отырысында: «…Облыста білім алып жатқан оқушылардың 75 пайызға жуығы ауылда тұрады. Олардың жан-жақты және қарқынды дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деп айтқан еді.
Мемлекет басшысының осындай пайымды пәрменіне үлес қосып, бүгінгі таңда елді мекенде саналы ұрпақ тәрбиелеп жатқан мектептер аз емес. Әсіресе, жеке дара қалыптасып, оқушылардың білім бәйгесінде оза шабуына, дарынымен даралануына, талантымен танылуына жол ашып жүргендер жетерлік. Солардың бірі – Қарасай ауданына қарасты Жандосов ауылында орналасқан Shakirt мектебі.
Тасжолдың бойындағы білім ошағының кескін-келбеті алыстан-ақ назарыңа ілінеді. Тау бөктеріне қарама-қарсы тұрғанының өзі тынысыңды ашып, бойыңа күш-қуат беретіндей. Осындай тұмса табиғаты бар жайлы ортада оқушының білім алуы санасына сергектік сыйлайтыны анық. Сондықтан мектептің қолайлы жерде бой көтеруі оның ұтымды тұсы деуге болады.
Ресми атауы «Shakirt school» болғанымен, көпшіліктің есінде «Шәкірт мектебі» деп есте сақталған. 1 га аумақта орналасқан үш қабатты мекеменің жалпы ауданы 3270 шаршы метрді құрайды. Сыртқы сәулеті заманауи үлгіде жақсы әсемделген. Ауласында оқушылар үшін арнайы футбол алаңы қарастырылған.
Мектептің білім саласына байыпты қадам басқанына аз уақыт болған жоқ. 2024 жылы салтанатты түрде есігін айқара ашып, жұмысын бастады. Содан бері айқын мақсат қойып, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында елеулі еңбек етіп келеді. Мекеменің директоры Зидда Кушназарованың айтуынша, бұл бағытта жұмысты бастау оңай болмаған. Десе де ауылды жерде баланың сапалы білім алуға болатынын дәлелдеуді қолға алып, осындай жауапкершілік жүгін арқалаған.
Бүгінгі таңда Қарасай жерінде 21 жекеменшік жұмыс істесе, әрбірінің мақсат-міндеттері, жоспар-жобалары айқындалған. Сол сияқты Shakirt мектебінің айрықша тұстары бар. Бұл жайында оның басшысы Зидда Ерімбайқызы сөз етіп, ата-ананың «неге осы білім мекемесін таңдауы керек?» деген сұраққа жауап берді.
– Кез келген ата-ана баласының сапалы білім алып, жайлы ортада қауіпсіз жүргенін қалайды. Міне, осы тұрғыдан алғанда бізде аталған мүмкіндіктер бар екенін сеніммен айта аламын. Одан бөлек мектебімізде баланың күйзеліске ұшырауы, буллингке тап болуы сияқты жағымсыз жайттар орын алмайды. Сонымен қатар олардың қауіпсіздігі қадағаланып, айналасындағы адамдармен тезірек тіл табысуы, білім алудан бөлек, басқа да қарым-қабілеттерінің дамуы назарға алынған. Бұл – біздің басты мақсатымыз. Осындай айрықша тұстарымызды ескере отырып, ата-аналар қауымы Shakirt мектебінде баласын алаңсыз оқыта алады, – деді мектеп басшысы З.Кушназарова.
Білім ошағының айрықша тағы бір артықшылығы – Қазақстан бойынша «Кембридж» әдістемесімен оқытатын ең бірінші ауыл мектебі атануы. Яғни, осында оқитын оқушылар аталған бағдарламаның бағытымен білім алып, емтихан тапсырады. Бұл сынақтан шәкірттер сүрінбей өтсе, халықаралық деңгейде арнайы сертификатқа ие болады.
Shakirt мектебінің ашылғанына екі жыл болса да, білім бәйгесінде оза шауып келеді. Ұлағатты ұстаздарының да, озат оқушыларының да жеткен жетістігі мақтауға тұрарлық. Атап айтар болсақ, өткен жылы математика пәнінен «Бастау» олимпиадасының республикалық кезеңінде 4 сынып оқушысы ІІ орын, 2 сынып оқушысы ІІІ орынды иеленген. 8 сынып оқитын тағы бір шәкірті ағылшын тілі пәнінен республикалық пәндік олимпиаданың сынағынан сүрінбей өтіп, үздік үштіктен көрінді.
Сонымен қатар алатақтада ой жарыстыратын шахматшылардың да жетістіктері қуантарлықтай. Дәл осы үйірмеге қатысатын жеткіншектердің көбісінде «спорттық санат» бар. Ал былтыр бір оқушы мектеп тарихында алғаш «спорт шеберіне үміткер» атанып, мекеменің мерейін үстем етті.
Білім мен тәрбие ұштасқан Shakirt school-да ұлттық құндылықтың ұлықталуы да жолға қойылған. Мәселен, аптаның әр жұмасында ұстаздар қауымы, асхана қызметкерлері және оқушылар ұлттық нақышта киім киеді. Бұл бастама апталық дәстүрге айналған. Осылайша мекеме ішінде ұлттық салт-сананы қалыптастыру ұмытылмайды.
Білім беру жүйесіне келер болсақ, Shakirt мектебі мектепалды даярлықтан бастап 11 сыныпқа дейін оқытады. Мұнда оқушының білім алу деңгейіне байланысты «Сингапур» әдістемесімен математика пәні 7 рет, ал «Кембридж» жүйесімен ағылшын тілі пәні аптасына 8 рет оқытылады. Оқушылар сабақ кестесіне сәйкес тиісті білім алып, одан кейін мұғалімдермен үй тапсырмасын бірге орындайды. Әр сыныптағы оқушы саны 20-дан аспайды. Қазіргі уақытта 400-ден астам оқушы білім алуда.
Жалпы мектеп жекеменшік болғаннан кейін оқу ақысына да көпшілік көңіл аударатыны белгілі. Оның бағасы салыстырмалы түрде қарағанда басқа мекемелердің бағасынан асып түспейді. Сондай-ақ әр балаға төленетін оқу ақысына үш мезгіл тамақтану мен сағат 8:00-де әкеліп, 17:00-де алып кететін тасымалдау көлігі қарастырылған.
Ал бұл мектепке тек Қарасай ауданынан ғана емес, көршілес аймақтардан да балалар білім алады. Мәселен, іргеміздегі Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы, Үмбетәлі сияқты елді мекеннен және алып шаһар Алматының өзінен 70-тей оқушы келеді. Олардың бәрі жоғарыда біз атап өткендей, арнайы көлікпен мектепке тасымалданады. Бұл қызметке ата-аналар қосымша қаржы төлемейді, яғни оқу ақысында қарастырылған.
Мектеп басшылығы педагогтердің білім деңгейіне ерекше мән береді. Жұмысқа орналасу үшін әрбір мұғалім сатылы әңгімелесуден, тест тапсырудан өтіп, қызметке қабылданады. Бұл ретте әрбір ұстаздың қандай жоғары оқу орнын бітіргені, қандай педагогтік дәрежені иеленгені ескеріледі. Бүгінгі таңда осындай талаппен Shakirt мектебінде 35 мұғалім еңбек етуде. Оның жартысы жоғары санатты болса, қалғаны – жас мамандар. Әрбірі шәкірттерін білім шыңына жеткізу үшін тынбай табандылық танытудан жалыққан емес.
Тағы бір айта кетерлігі, Shakirt мектебінде балалар тек қана білім алумен шектелмейді. Түрлі үйірмеге қатысып, таланты мен дарынын жан-жақты дамыта алады. Олар оқудан тыс бассейн, таэквондо, шахмат, футбол, волейбол, домбыра, хореграфия сияқты спорт пен өнер бағытында қарым-қабілеттерін шыңдайды.
Shakirt мектебінің алға қойған мақсат-міндеттері көп. Ең бастысы – келешекте осы алтын ұяда бәсекеге қабілетті, қоғамда өз орнын таба алатын білімді ұрпақ тәрбиелеу. Одан кейін ауыл балаларын білім додасында жеңімпаз атануына, биік дәрежеге жетуіне мүмкіндіктер жасау.
Міне, осы жолда мектеп басшысы Зидда Ерімбайқызы бастаған мұғалімдер қауымы талмай, тынбай еңбек етіп, шәкірттерін қанаттандырып, әрбірін биікке самғатуға күш-жігерін аямай келеді.
Қосымша ақпарат: мектептің мекенжайы: Қарасай ауданы, Жандосов ауылы, АКХ Жандосов, 705. Байланыс телефон нөмірі: 8 707 535 21 92.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

