Мәрия Жүйріктаева – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің І және ІІ шақырылымының депутаты. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі», Алматы облысы, Қарасай, Жамбыл аудандарының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Парламентінің «Алтын барыс» белгісінің, ТМД елдері парламентаралық ассамблеясының күміс белгісінің иегері. Өзінің көп жылдық еңбек жолында бірқатар маңызды лауазымдарда жұмыс істеп, халыққа қызмет еткен. Әсіресе, Мәрия Беспайқызының Қарасай ауданының білім саласының дамуына қосқан үлесі зор. Аяулы жанның өмір жолын еске түсіріп, еңбегін насихаттау мақсатында өткен аптаның жексенбісі күні Қарасай ауданында волейболдан турнир өтті. Қаскелең қаласында орналасқан Белинский атындағы орта мектеп гимназиясының базасында ұйымдастырылған сайысқа Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов қатысты.
Бәсекелестік алаңда Қарасай мен Жамбыл аудандарының ұстаздарынан құралған сегіз команда кездесіп, өзара мықтыны анықтады. Достық атмосферасында өткен турнирде қатысушылар жоғары дайындықтарын, ұйымшылдықтарын және жеңіске деген жігерлерін барынша паш етуге тырысты. Соның арқасында ойынның әр кезеңі қызықты әрі әсерлі сәттерге толы болды.
Тартысты жарыстың қорытындысы бойынша жеңісті, яғни І және ІІІ орындарды қарасайлық ұстаздар командалары қанжығаларына байлады. Ал көршілес жатқан Жамбыл ауданынан келген команда жүлделі екінші орынды иеленді.
Осындай спорттық шаралар ұстаздар арасында саламатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, өзара ынтымақтастық пен бірлікті нығайтуға зор ықпал етеді. Сондықтан алдағы уақытта да мұндай игі бастамалар жалғасын табады деген сенім мол.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

