Сәуір айының жетісі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды заңға қол қойды. Бұл құжат аясында Еңбек кодексіне енгізілген негізгі өзгерістер 2026 жылдың 8 маусымынан бастап ресми түрде қолданысқа енеді. Осыған байланысты аптаның сәрсенбісі күні аудандық әкімдіктің мәжіліс залында түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде отырыс өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбектің төрағалығымен өткен жиынға арнайы түрде Алматы облысының Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Айгүл Ахметова және басқа да жауапты мамандар, мекеме басшылары, кәсіпкерлер палатасының, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен жеке кәсіпкерлер қатысты.
Күн тәртібінде қарастырылған алғашқы мәселе бойынша алдымен Айгүл Матанқызы баяндама оқыды. Оның сөзіне сүйенсек, жүргізілген талдау нәтижесінде 2026 жылдың қорытындысы бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалар саны 2025 жылмен салыстырғанда төмендеген. Мәселен, өткен жылы облыс кәсіпорындарында өндіріске байланысты сегіз жазатайым оқиға тіркеліп, 13 адам ауыр жарақаттанса, ағымдағы жылдың басынан бері төрт оқыс жағдай тіркеліп, бес адам жарақат алған. Осы жағдайлардың барлығы бойынша арнайы тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, оның қорытындылары тиісті құқық қорғау органдарына жолданған.
Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың басынан 81 кәсіпкерлік субъектісінде мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуына тексерулер жүргізді. Заң талаптарын бұзған жұмыс берушілерге 158 нұсқама беріліп, заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер және лауазымды тұлғалар жалпы сомасы 6,4 млн. теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыс аумағындағы 20 ұйымда қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту мақсатында өндірістік объектілерді талапқа сай аттестаттау жүргізілді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес Алматы облысында 8,5 мың қызметкер зиянды және қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейді.
Бұл ретте бүгінде облыстың 117 ұйымында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайларын бақылау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылған. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі тараптарының сақталуын күшейту мақсатында 35 кәсіпорында «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасы қосылды. Сонымен қатар 12 компания «Халықтық бақылау» жобасын енгізген.
Осы және өзге де іске асырылып жатқан шаралардың барлығы азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға және өңірдегі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ал күн тәртібіндегі негізгі мәселе еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер жайында «SENIM» қоғамдық бірлестігінің өкілі, азаматтық процесс және еңбек құқығының докторы Даулетбай Рысқалиев кеңінен айтып берді.
Жаңа өзгерістер ағымдағы жылдың маусым айының сегізі күні күшіне енеді. Ол бойынша осы уақытқа дейін көптеген компаниялар салықты азайту және еңбек демалысы мен ауру парақшаларын төлеуден қашу үшін қызметкерлермен еңбек шартының орнына Азаматтық-құқықтық сипаттағы (АҚС) шарттарды жасасып келгені жасырын емес. Жаңа заң бұл тәжірибеге қатаң шектеу қойды. Енді жасалған АҚС шартында еңбек қатынастарының кем дегенде бір белгісі (мысалы, белгілі бір жұмыс кестесіне бағыну, кеңседе отыру, нәтиже үшін емес, атқарған уақыты үшін тұрақты жалақы алу) анықталса, ол шарт бірден заңсыз деп танылады. Мұндай жағдайда жұмыс беруші қызметкермен ресми Еңбек шартын жасасуға және өткен мерзім үшін барлық әлеуметтік төлемдер мен өтемақыларды өтіп кеткен күнмен төлеуге міндеттеледі.
Заңнамадағы маңызды әлеуметтік жаңалықтың бірі – гендерлік теңдіктің сақталуы. Бұған дейін Еңбек кодексінде 14 жасқа дейінгі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған «жалғызбасты аналарды» жұмыстан шығаруға тыйым салынатын кепілдік болған. Енді бұл норма теңестіріліп, құжатта «жалғызбасты ата-аналар» деп көрсетілді. Бұл дегеніміз – баланы жалғыз өзі өсіріп отырған әкелер де аналармен бірдей құқықтық қорғауға ие болып, оларды жұмыстан қысқартуға заң жүзінде тыйым салынады. Сондай-ақ көптеген өндіріс және қызмет көрсету саласында жұмысшылар ауысым алдында немесе жұмыстан кейін міндетті медициналық тексерістен (мысалы, алкогольдік куәландыру, қан қысымын өлшеу) өтеді. Бұрын бұл уақыт есепке алынбайтын. Енді тексеруден өту және оны кезекте күту уақыты ресми түрде жұмыс уақыты деп есептеледі. Егер жұмыс беруші қызметкерді медициналық тексеріске өзінің демалыс күні жіберсе, бұл уақыт демалыс күнгі жұмыс ретінде бағаланып, кем дегенде 1,5 еселенген тарифпен төленуі тиіс.
Одан бөлек қайғылы жағдайлар мен өндірістік жарақаттарды зерттеу кезінде бұрын «жұмыскердің өрескел абайсыздығы» алға тартылып, оның кінәсі пайыздық көрсеткішпен жоғары белгіленетін. Бұл зардап шеккен адамға немесе оның отбасына берілетін сақтандыру төлемдері мен өтемақы көлемін айтарлықтай азайтып жіберетін. Жаңа түзету бұл әділетсіздікті жойды. Енді қандай жағдай болмасын, арнайы комиссия тергеу барысында зардап шеккен жұмыскердің кінәсінің дәрежесін 25%-дан асыра алмайды. Қалған жауапкершілік автоматты түрде қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген жұмыс берушіге жүктеледі.
Бұдан бөлек жаңа өзгерістер бойынша кодекске еңбек саласында адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, жеке өміріне қол сұғылмаушылыққа бағытталған жаңа принциптер қарастырылған. Сонымен қатар енді қызметкерлерге берілетін оқу демалысының мерзімі 6 айдан аспауы тиіс (шетелдегі «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамалардан бөлек). Жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы бар аналарға немесе мүгедектігі бар жандарға жұмысқа қабылдаудан бас тартқан жағдайда, компания басшылығы оның себебін жазбаша түрде ресми негіздеп беруге міндетті.
Жалпы ағымдағы жылы енгізілген еңбек заңнамасындағы өзгерістер нарықты реттеу мен «көлеңкелі экономикадан» шығудың айқын көрінісі болмақ.
Ал Enbek.kz ақпараттық жүйесіне электрондық еңбек шарттарын енгізу жұмыстарын түсіндіру мәселесі бойынша Алматы облысының еңбек мобильдігі орталығы директорының орынбасары Абзал Нұсқабай баяндады. Оның айтуынша, барлық әлемде жаппай цифрландыру қарқынды түрде жүргізіліп жатқандықтан, бұл үрдістен Қазақстан оның ішінде Алматы облысы да тыс қалып жатқан жоқ. Бүгінгі күнде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі электрондық еңбек шарттарын (ЭЕШ) енгізу жұмыстарын жүргізуде. Бұл алдағы уақытта еңбек қатынастарының ашықтығын арттырып, қағаз түріндегі еңбек шарттарынан біртіндеп бас тартуға мүмкіндік береді.
2026 жылғы еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді жұмыс берушілер еңбек қатынастары туралы мәліметтерді Enbek.kz базасына енгізуге міндеттеледі. Егер осы талапты орындамаса, онда әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Одан бөлек отырыста жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттары туралы «Мемлекеттік аннуитеттік компания» АҚ Алматы қаласы және Алматы облысы филиалының директоры Ерқанат Баужанов толық ақпарат беріп өтті.
Барлық баяндамашылар сөйлеп болған соң жиынға келген мекеме мен ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер тарапынан Enbek.kz сайты, зейнет жасындағы қызметкерлерге тиісті жәрдемақы, жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттары, жарақат алған қызметкерге бөлінетін қаражат көлемі секілді түрлі қойылған сауалдарға жауап берді.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек қорытындылап, алдағы уақытта жаңа өзгерістер бойынша сұрақтар туындап жатса, кездесу барысында мамандар берген телефон нөмірлерге хабарласуларын сұрады. Ал Алматы облысының Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Айгүл Ахметова жиналған кәсіпкерлерден заңсыз әрекеттерге бармай, қызметкерлердің барлығын ашық түрде жұмысқа қабылдап, міндетті түрде жұмысшымен еңбек шартын жасау маңызды екенін айтып, осыған айрықша назар аударуды сұрады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

