Осы аптаның алғашқы күні Қонаев қаласында Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтің қатысуымен брифинг өтті. Аудан басшысы баспасөз мәслихатында Қарасай жерінде атқарылған жұмыстарды баяндап, келешекте жүзеге асатын нәтижелі жобалардың жай-жапсарын түсіндірді. Әсіресе, әлеуметтік және инфрақұрылымды дамытуға қатысты бастамалар кеңінен сөз болды.
Бүгінгі таңда Қарасай ауданының халқы қарқынды өсіп келеді. Тіпті, ел аумағында бұл көрсеткішпен алдыңғы орында деуге болады. Ресми статистикаға сүйенсек, қазіргі аудан аумағындағы тұрғындардың саны 386 мың адамды құрайды.
Қарасай жеріндегі халық санының қарқынды өсуі, ең алдымен, іргеміздегі ірі мегаполис – Алматы қаласына жақын орналасуымыз тікелей байланысты. Бұған қоса, мұнда көлік логистикасының ыңғайлылығы мен жұмыс орындарының шоғырлануы үлкен әсер етеді. Бұл жағдай аудан экономикасына оң әсерін тигізгенімен, білім, денсаулық, су, жарық және жол сияқты салаларға салмақ түсіріп отырғаны айдан анық.
2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ауданның негізгі капиталына 803,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл ретте орташа жылдық өсім 17,1% құрағанын да айта кету керек. Бұл аралық кезеңде аудан аумағында «KT&G», «Фокус Логистик», «Apple Logistics», «Алтын таға», «Қазақстандық құбыр арматурасы зауыты» және «MP Solutions» логистикалық кешені, «Almaty W.S» сияқты ірі жобалар іске қосылып, нәтижесінде 17 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Ал ағымдағы жылдың өзінде инвестиция тарту және мемлекеттік қолдау шараларының қарқынды дамуының нәтижесінде 4775 жаңа жұмыс орны ашылып, жылдық жоспар 2,8 есе артық орындалды. Осылайша ауданда жұмыссыздық деңгейі 4,5%-дан 4,4%-ға төмендеді.
Қарасай ауданында басқа да жобалардың жүзеге асырылып жатқанын ұмытпауымыз керек. Атап айтар болсақ, жалпы құны 130 млрд теңге болатын 20 жаңа жоба іске асырылуда. Солардың ішінде ең маңыздыларына тоқталуға да болады. Олар – алкогольсіз сусындар шығаратын «Casрian Beverage Holding» зауыты, «Нью-Йорк кино академиясы креативті индустриялық паркі, «Фаб Инвестмент» көпфункционалды өнеркәсіптік-логистикалық паркі, «Novus Polimer» өндіріс зауыты, мыс, алюминий және мырышты қабылдау және қайта өңдеу «Kyzyr Group» зауыты, «М СтройТранс» индустриялық-логистикалық паркі және тағы басқа. Бұл аталғандардың әрбірі 100-300 аралығында жұмыс орнын ұсынуды жоспарлауда.
Аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы білім мен денсаулық сақтау салаларындағы оңды өзгерістерге де тоқталды. Айтуынша, 2022 жылы ауданда 12 мектеп үш ауысымда жұмыс істеген. Соңғы төрт жылдың ішінде 13 мектеп пен үш жапсаржай салынудың нәтижесінде бүгінгі таңда бұл мәселе түбегейлі жойылды. Енді алдағы уақытта Қаскелең қаласындағы екі білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Олар – А.Пушкин атындағы және Н.Әлімқұлов атындағы орта мектептер. Алғашқысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылысына қажетті қаражатқа өтінім берілген. Екіншісінің ЖСҚ-ы дайындалуда.
Денсаулық сақтау саласында да жағымды жаңалықтар бар. Мәселен, қазіргі таңда Қарасай аудандық көпбейінді орталық ауруханасының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұдан бөлек келешекте Қаскелең қаласында заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы басталу жоспарлануда.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, көпбейінді балалар ауруханасы Қаскелең қаласында салынады. Осыған байланысты аудан әкімдігі тарапынан 4,5 гектар жер телімі бөлінді.
Тағы бір айта кетер бастаманың бірі – Қаскелең қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасын қайта жаңғырту жұмыстарының басталуы. Қазір оның ЖСҚ-ы дайын.
Бұл аталғандардан бөлек Қарасай ауданында 6 жаңа жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы дайын тұр. Олардың қатарында Қаскелең қаласында 500 келушіге арналған жаңа емхана, Көлащы ауылында 300 келушіге арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы және Бекболат, Қайнар, Ұлан, Шалқар ауылдарында жаңа амбулаториялар.
Аудан әкімі жоғарыда аталған жұмыстардан бөлек, басқа да салаларда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын түсіндірді. Атқарылған шаруалардың ретіне тоқталып, алдағы жүзеге асатын жобалардың маңызына да тоқталды.
Баяндама аяқталғаннан кейін Жасұлан Тоққожаұлы ақпарат алаңында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Алдымен «Alataunews» сайтының тілшісі аудан аумағында тұрғын үй құрылысы қарқын алып жатқанын алға тартып, оның айналасында әлеуметтік нысандар мен басқа да халыққа қажетті шаралар қаншалықты ескерілетінін сұрады. Ал бұл ретте Қарасай ауданының әкімі аталған тұрғын үйлердің барлығы ауданнан шалғай жақта емес, қала мен елді мекеннің маңайында әрі балабақша, мектеп қолайлы жерде салынып жатқанын айтты.
Келесі кезекте «Алатау арайы» газетінің тілшісі ауызсудың мәселесіне қатысты сұрақ қойып, бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. Аудан басшысының сөзінше, ауданға қарасты елді мекендерді үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Жаңатұрмыс, Қаратөбе, Жармұхамбет және Қайрат ауылдарында ауыз су жүйелерінің құрылысы аяқталды. Ал қазіргі уақытта Елтай, Шалқар және Кемертоған ауылдарының су желілерінің құрылысына көңіл бөлінуде. Оның ішінде Елтай ауылындағы су жүйесі осы жылдың соңында пайдалануға беріледі, ал Шалқар және Кемертоған ауылдарындағы құрылыс жұмыстарын аяқтау қаржыландыру көлемінің бөлінуіне сәйкес жүзеге асырылады. Сондай-ақ осы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру мақсатында енді төрт елді мекеннің, атап айтқанда Жібек жолы, Көлащы, Береке, Көктоған деген ауылдардың ауыз су жүйелерін қайта жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде.
Баспасөз брифингінің соңында аудан әкімі Жасұлан Естенов басты мақсат аудан халқының тұрмысын жақсарту екенін айтып, осы бағыттағы жоспарлы жұмысты нәтижелі атқаруға күш салатынын жеткізді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

