Ағылшын тілінде сөйлейтін мемлекеттерге оқуға немесе жұмыс істеуге бару керек болса, онда міндетті түрде тілдік деңгейді нақтылайтын арнайы сынақтан өту қажет. Бұл ретте «IELTS» деп аталатын тест түрі ғана таптырмас мүмкіндік болып табылады. Аталған емтихан түрін қабылдайтын мекеме Қазақстанның кез келген жерінде табыла бермегендіктен, оның маңызы жоғары. Ал мұндай орталықтың бірі енді Қаскелең қаласында бар екенін қуана айта аламыз.
Өткен аптада SDU University қабырғасында халықаралық деңгейдегі маңызды білім беру оқиғасы орын алып, «IDP IELTS Kazakhstan» ұйымымен бірлесіп жүзеге асырылған «IELTS on Computer» ресми тестілеу орталығы ашылды. Бұл бастама өңірдегі жоғары білім мен халықаралық емтихан инфрақұрылымын дамытуға бағытталған стратегиялық жоба болып табылады.
Ашылу салтанатына SDU University ректоры Әлімжан Игенбаев, «IDP IELTS Kazakhstan» компаниясының директоры Алла Липинская, сондай-ақ жоғары деңгейде ұйымдастырылып, академиялық қауымдастық, университет қызметкерлері, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Шара барысында жаңа орталықтың лентасы қиылып, заманауи талаптарға сай жабдықталған IELTS компьютерлік аудиториясы, тест тапсыруға арналған техникалық мүмкіндіктер, қауіпсіздік жүйелері және емтихан өткізу стандарттары таныстырылды.
Бағдарлама аясында маңызды рәсімдердің бірі – IDP IELTS Kazakhstan және SDU Extension Center (Үздіксіз білім беру орталығы) арасындағы ынтымақтастық туралы ресми келісімге қол қою болды. Бұл келісім екі тараптың халықаралық емтихан өткізу, білім сапасын арттыру және кәсіби дайындық бағдарламаларын дамыту бағытындағы ұзақ мерзімді серіктестігін бекітеді. Ынтымақтастық шеңберінде IELTS емтиханына дайындық курстарын жетілдіру, оқыту әдістемелерін жаңарту және үміткерлерге арналған қосымша оқу ресурстарын кеңейту жоспарланып отыр.
Жаңа ашылған орталық IELTS on Computer форматында емтихан тапсыруға мүмкіндік береді. Бұл формат үміткерлер үшін бірқатар артықшылықтар ұсынады. Атап айтқанда, нәтижелерді дәстүрлі форматқа қарағанда жылдамырақ алу мүмкіндігі, тыңдалым, оқу және жазу бөлімдерін компьютер арқылы орындау ыңғайлылығы, бір дағдыны қайта тапсыру (One Skill Retake) мүмкіндігі, заманауи цифрлық платформа арқылы жоғары дәлдік пен тиімділік және халықаралық стандарттарға толық сәйкестік. Аталған жаңашылдықтар студенттер мен талапкерлер үшін емтихан үдерісін анағұрлым қолжетімді әрі тиімді етеді.
SDU University ректоры Әлімжан Игенбаевтің айтуынша, енді Алматы облысының оқушылары, оның ішінде қарасайлықтар басқа қалаларға барудың қажеті жоқ. Бұдан былай олар университет қабырғасында білім деңгейлерін анықтай алады.
– «IDP IELTS Kazakhstan» компаниясының кеңселері осыған дейін ірі қалаларда бар еді. Енді, міне, университет қабырғасында бірінші рет ашылып отыр. Мұның ерекше маңызы бар. Себебі жылдан жылға оқушылар арасында IELTS тапсырам деушілер саны көбейіп келеді. Ал олар кез келген уақытта тест тапсырғысы келгенде IELTS орталықтарында қабылдау мүмкіндіктері бола бермейді. Ал біздің университетте ашылған орталықта бір уақытта 10-11 адамға дейін сынақ тапсыра алады. Одан бөлек сенбі, жексенбі күндері келіп бақтарын сынау мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл барша Алматы облысы бойынша, әсіресе, Қарасай ауданының оқушылары үшін керемет мүмкіндік болмақ, – деді оқу ордасының ректоры.
Қаскелеңде IELTS тест орталығының ашылуы – тек SDU University үшін ғана емес, бүкіл Алматы облысы мен оған жақын өңірлер үшін маңызды қадам. Енді үміткерлер халықаралық емтихан тапсыру үшін ірі қалаларға бармай-ақ, жергілікті жерде толыққанды тестілеуден өте алады. Бұл өз кезегінде білім беру инфрақұрылымын күшейтеді, халықаралық білімге қолжетімділікті арттырады және жастардың академиялық және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Жаңа IELTS on Computer тест орталығының ашылуы – SDU University-дің халықаралық білім беру кеңістігін кеңейту жолындағы маңызды жетістіктерінің бірі. Бұл жоба өңірдегі білім беру экожүйесін дамытып қана қоймай, Қазақстан жастарының әлемдік академиялық ортаға интеграциялануына нақты мүмкіндік береді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

