Қарасай ауданының намысын қорғап, облыс мерейін үстем етіп жүрген «Жігер-М» мүгедектігі бар спортшылар федерациясының параспортшылары – отандық спорт кеңістігінде өзіндік өрнегі бар, мықтылар қатарынан ойып тұрып орын алатын саңлақтар. Олар аудан мен Алматы облысының атынан талай басты бәсекелерге қатысып, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда топ жарып келеді. Облыстың спорттық қоржынын алтын-күміс жүлделермен толықтырып, аудан мерейін асыруда бұл ұжымның қосқан үлесі орасын зор.
Таяуда Қарасай параспортшылары кезекті рет өзіндік шеберліктері мен жеңіске деген мұқалмас жігерін дәлелдеп, Іле ауданында өткен мүмкіндігі шектеулі жандар күніне арналған облыстық турнирде топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Аталмыш ауқымды спорттық шараны Алматы облысының Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы жоғары деңгейде ұйымдастырды. Іле ауданына қарасты Өтеген батыр ауылында өткен турнирге Алматы облысының сегіз өңірінен, атап айтқанда Қонаев қаласынан, сондай-ақ Еңбекшіқазақ, Кеген, Талғар, Қарасай, Жамбыл және Іле аудандарынан кіл жүйріктер жиналды. Сонымен қатар спорттық бәсекеге сурдоспорт өкілдері де белсене қатысып, бақ сынасты. Жалпы жиынтығы 100-ге жуық спортшыны біріктірген бұл турнир тартысты әрі тартымды өтті.
Сайыс бағдарламасына бұқаралық әрі жоғары икемділікті талап ететін спорттың үш түрі енгізілді: армрестлинг, жеңіл атлетика және 64 дойбы. Бұл жарыстың басты ерекшелігі мен құндылығы оған бұған дейін үлкен тәжірибе жинақтап үлгермеген жас спортшылар, соның ішінде өсіп келе жатқан жасөспірімдер, сондай-ақ республикалық біріншіліктерде әлі де бағы жана қоймаған әуесқойлар қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл өз кезегінде жаңа есімдерді анықтауға және бұқаралық параспортты дамытуға үлкен серпін берді.
Осындай жоғары бәсекелестікке қарамастан, «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының білікті жетекшісі Тәжіғали Ходжамұратов бастап келген қарасайлық құрама шеберлік пен ауызбіршіліктің жарқын үлгісін көрсетіп, жалпыкомандалық есепте суырылып алға шықты. Аймақ намысын абыроймен қорғап, қарсыластарынан озық шыққан жеңімпаздарға салтанатты түрде асыға күткен Бас кубок, заманауи үлкен теледидар және 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай жүлде табысталды. Турнирде жүлделі екінші орынды Қонаев қаласының майталмандары, үшінші орынды Талғар ауданының спортшылары қанжығалады.
Ұйымдастырушылар тарапынан турнирге қатысқан әрбір спортшыға арнайы бағалы сыйлықтар беріліп, олардың спортқа деген ынтасы мен жігері ерекше ықыласпен аталып өтті.
Бұл облыстық турнир қарасайлық параспортшылардың қайсар рухы мен жеңіске деген ұмтылысын тағы бір мәрте айшықтап берді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

