Қарасай ауданының аумағында Президенттің «Таза Қазақстан» акциясын қолдау мен оны өскелең ұрпаққа дәріптеу ісі ілгеріліп, түрлі экошаралар әр апта сайын өткізілуде. Соның айқын көріністерінің бірі – Елтай ауылындағы жайлы мектептің айналасында ағаштарды отырғызу.
Мұндай игі бастамаға Оңтүстік Кореяның «KT&G» халықаралық компаниясы демеушілік жасаса, Қарасай ауданының әкімдігі өнегелі істі қолдап, мектеп аумағында экологиялық шараның өтуіне ұйытқы болды.
Салтанатты басқосуда алдымен Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек сөз сөйлеп, «Таза Қазақстан» акциясының маңызын айтып, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Одан бөлек осы шараға демеушілік жасап, экоакцияға бастамашыл болған «KT&G» халықаралық компаниясының ұжымына алғысын жеткізді. Осы ретте аталған өндірістік орынның бас директоры және завод жетекшісі Юн Дэ Бинге ізгі ілтипат танытып, қазақтың салты бойынша иығына шапан жапты.
Мұндай құрметке ие болған компания басшысы Юн Дэ Бин жұртшылық алдында қарасайлықтарға ризашылығын білдіріп, өндіріс орнының Қазақстан жерінде табысты қызмет етіп және жергілікті қоғамдастықпен өсіп-өркендеп жатқанын сөз етті. Сонымен қатар ол бір өлкеде жұмыс істегендіктен, қоршаған ортаны аялау ортақ жауапкерішілік екенін алға тартып, экошараны қолдаудың маңызын түсіндірді.
Ал «Таза Қазақстан» акциясының өңірдегі ахуалы жайында Алматы облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының өкілі Алина Түсіпбаева түсіндіріп, облыс көлемінде экошаралардың легі әлі де жалғасатынын айтты.
Салтанатты шарадан кейін жоспарға сәйкес жиналған жұртшылық жайлы мектептің қасындағы белгіленген орынға 200 түп ағаш отырғызды. Оның ішінде алма, алмұрт, шие, қара өрік тұқымдары болды. Әрбірі 50-ден егілді. Жасыл желекті көгалдандыруға «KT&G» халықаралық компаниясының ұжымы, Елтай ауылдық округі әкімдігінің қызметшілері, аудан жастары және еріктілер атсалысты.

