Еліміздің ұлық мерекесі – Республика күні қарсаңында Қарасай ауданында халыққа қуаныш сыйлайтын жақсы жайттар орын алуда. Өткен аптада жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтетін айтулы күннің қарсаңында баспана кезегінде тұрған 20 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті салтанатты түрде табысталды. Бұл оқиға аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстардың айқын көрінісі болды.
Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында салтанатты жиын өтіп, оған жергілікті билік өкілдері, баспана иелері мен қала жұртшылығы қатысты. Шарада сөз алған аудан басшысы Жасұлан Естенов жиналған қауымды келе жатқан айтулы мерекемен де, көптен күткен қоныс тойымен де құттықтады.
Ол өз сөзінде мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы адал еңбек пен азаматтардың әл-ауқатын арттыру екенін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, тұрғын үй құрылысын дамыту және халықты сапалы баспанамен қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі болып қала беретінін айтты. Осы мақсатта Үкімет тарапынан біршама ауқымды бағдарламалар қабылданып, табысты жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, берілген пәтерлер «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, республикалық бюджет есебінен «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына» арнайы бөлінген.
Бүгінгі таңда Қарасай ауданы бойынша тұрғын үй кезегінде жалпы 13 036 азамат тіркелген. Оның ішінде 6 915 адам әлеуметтік жағынан осал топтар санатына кіреді. Осы тұрғындарды баспанамен қамту – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен, жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қарасай ауданында 2024 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж азаматтар санатындағы 88 отбасы пәтер алса, 2025 жылы 73 отбасы баспанамен қамтамасыз етілген. Ал биылғы жылдың басынан бері бұл көрсеткіш айтарлықтай артып, кезекте тұрған 223 отбасы жаңа пәтерлеріне орналасты.
Мерекелік шара барысында «Елтай» және «Қарлығаш» тұрғын үй кешендерінен баспаналы болған 20 отбасының қуанышында шек болмады. Олардың қатарында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес және көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім балалар, зейнеткерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар. Аудан басшысы әрбір отбасыға жаңа баспаналарының құтты әрі берекелі болуын тілеп, пәтер кілттерін өз қолымен тапсырды.
Бұл игі бастама мұнымен тоқтап қалмайды. Жыл соңына дейін тағы 46 отбасын заманауи жайлы баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Мұндай ауқымды шаралар тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, ел болашағына деген сенімін нығайта түсері анық.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

