Жуырда Қаскелең қаласының әкімі Абылай Зуайда ардагерлер арасындағы күрес түрлерінен Иорданияның астанасы Амман қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған 54 жастағы Нұрболат Макишевті қабылдап, халықаралық аренада еліміздің оның ішінде Қарасай ауданының абыройын қорғап келген спортшыға құрмет көрсетіп, алғысын білдірді.
Айта кетейік, жақында Иордания Корольдігінің астанасы Амман қаласында ардагерлер арасында күрес түрлерінен (еркін және грек-рим күресі) кезекті әлем чемпионаты өтіп, дүбірлі додада еліміздің намысын қорғаған спортшыларымыз биік тұғырдан көрінген еді. Халықаралық Дүниежүзілік күрес бірлестігінің (United World Wrestling) қамқорлығымен ұйымдастырылған бұл байрақты бәсекеде әлемнің 42 елінен келген ең тәжірибелі, сайдың тасындай іріктелген балуандар боз кілемде күш сынасты. Ережеге сәйкес, додаға 35 жастан асқан спортшылар қатысып, бес түрлі жас санаты бойынша шеберліктерін байқатты.
Ел намысы сынға түскен дүбірлі біріншілікте Қазақстанның майталман спортшылары жоғары дайындық пен мұқалмас қайсарлық танытты. Солардың ішінде Қаскелең қаласының тұрғыны, 54 жастағы ардагер спортшы Нұрболат Макишевтің өнері ерекше атап өтуге лайық. Ол еркін күрестен бәсекесі мол, тартысты белдесулерде қарсыластарының бәрін тізе бүктіріп, финалға дейін сүрінбей жетті. Шешуші кездесуде жоғары тәжірибе мен тактикалық шеберлік көрсеткен жерлесіміз күміс медальды қанжығасына байлап, әлем чемпионатының жүлдегері атанды.
Бұл жеңіс Нұрболат Ақанбайұлына оңайлықпен келген жоқ. Ол халықаралық аренаға шығу үшін бірнеше іріктеп-сараптау кезеңдерінен мүдірмей өтті. Алматы қаласында ұйымдастырылған ардагерлер арасындағы беделді халықаралық турнирде жеңімпаз атанып, Көкшетау жерінде өткен дәстүрлі «Burabay Open» турнирінде топ жарды. Осылайша, өз салмағында еліміздің ең мықты балуаны екенін дәлелдеп, әлемдік додаға жолдама алған болатын.
Осы аптаның сейсенбісі күні Қаскелең қаласының әкімі Абылай Зуайда ел мерейін өсірген ардагер спортшыны арнайы қабылдап, оған айрықша құрмет көрсетті. Шаршы алаңда ел намысын биік ұстаған жерлесіміздің жеңісін жоғары бағалаған шаһар басшысы бұл жетістіктің тек жеке спортшының қуанышы емес, бүкіл Қарасай жұртшылығы мен аудан халқы үшін зор мақтаныш екенін тілге тиек етті. Шара барысында қала әкімі Нұрболат Ақанбайұлын ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, спорт саласының дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін арнайы Алғыс хатпен марапаттап, қазақы дәстүр мен салтымызға сай иығына шапан жапты.
Нұрболат Макишев – өзін спортқа толығымен арнаған азамат. Оның боз кілемдегі алғашқы қадамы мектепте 5 сынып оқып жүргенде басталған. Тұла бойындағы дарынды байқаған бапкерлердің бағыттауымен ол 13 жасында Алматы қаласындағы даңқты Қажымұқан атындағы спорт-интернатына оқуға түскен. Сол сәттен бастап спорт оның бүкіл өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.
Кейіннен басқа салада еңбек етіп, азаматтық міндетін атқарып жүрсе де, Нұрболат ағамыз спорттан бір сәт қол үзген емес. Өзін үнемі бабында ұстап, қажетті сәттерде Алматы облысының және елдің туын көкке көтеру үшін халықаралық ареналарда өнер көрсетіп келеді. Оның бұл қайсарлығы мен табандылығы – бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа, келешек спортшыларға таптырмас үлгі-өнеге.
Әлемдік додада көк туымызды желбіретіп, еліміздің абыройын асырған, жастарға саламатты өмір салтын насихаттап жүрген Нұрболат Ақанбайұлын жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Ардагер спортшымыздың деніне саулық, отбасына амандық тілей отырып, алдағы байрақты бәсекелерде де тек толағай табыстар мен жаңа белестерді бағындыруын тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

