Қарасай ауданында наурыз айының 15-і күні елімізде өтетін референдум аясында жаңа Конституция жобасын түсіндіру және оның мазмұнын кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуда. Аптаның сәрсенбісі күні осы мәселемен ауданға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапармен келді. Оның барысында ауданның зиялы қауымы мен қоғам белсенділерімен кездесіп, алда келе жатқан Жалпыұлттық референдумды өткізу мәселелері мен конституциялық реформалар жайлы сөз етті.
Орын алуы мүмкін жаңа өзгерістер сөз болған басқосуды «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының хатшысы Серік Нұрқадыров ашып, жүргізді. Алғашқы сөз кезегі облыстық мәслихат депутаты Рүстем Өтембаевқа беріліп, одан кейін Қарасай ауданының «Ассамблея жастарының» төрағасы Ясми Мчедлидзе және Қарасай ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов пікір білдіріп, жаңа Конституция жобасының саяси жүйені жаңғыртуға, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және мемлекеттік басқаруды жетілдірудегі маңызды қадам екенін талқылады. Сондай-ақ алда өтетін саяси науқанға аса жауапкершілікпен қарап, жұртшылықты дауыс беруге шақырды.
Мұнан кейін жиынның негізгі бөлігі басталып, сөз кезегі Мәлік Нұржанұлына берілді. Президент кеңесшісі алда болатын референдумның қоғамдық келісімді нығайтып, азаматтардың ел тағдырына тікелей қатысуына мүмкіндік беретін маңызды саяси қадам екенін атап өтті. Сонымен қатар оның саяси жүйені жаңғыртудағы маңызына, конституциялық реформалардың әділетті қоғам қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Бұған қоса Президент кеңесшісі жаңа реформа әділдік, сабақтастық, өрлеу деген үш сөзге негізделіп жасалғанын да жеткізді.
– Қазақта заман басқа заң басқа деген сөз бар. Заман өзгергенде, қоғам өзгергенде, адам өзгергенде, әрине заңның өзгеруі қисынды нәрсе. Бұл – жалпы заңнама ғана емес, негізгі заңымыз Конституцияға да қатысты айтылған нәрсе. Сондықтан көп жылдан кейін біз Ата заңымызға айтарлықтай түзетулер мен өзгерістер енгізуді шештік. Жаңа заңнама жобасы, шын мәнісінде, қазақ халқының салтын, мінезін білетін сарапшылар тарапынан дайындалды.
Біздің Мемлекет басшымыз айтып өткендей, еліміздегі бүкіл саяси реформалар, өзгерістер барлық шын мәнісіндегі елді дамытуға бағытталған механизмдер әділдік, сабақтастық, өрлеу деген сөздерге негізделіп жасалуда. Жаңа Конституциялық реформа да осы үш сөзге негізделген, – деді Мәлік Отарбаев.
Жалпыұлттық референдум мәселесі жан-жақты талқыланған жиын соңында Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы алдағы саяси науқан ел болашағына тікелей ықпал ететінін тілге тиек етіп, тағы бір мәрте, еліміз үшін тағдыршешті сәттен қалыс қалмай, көпшілікті дауыс беруге шақырды.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
