Қарасай ауданының медицина саласында жақсы жаңалық орын алды. Өткен аптаның сәрсенбісі күні ауданда 50 келушіге арналған екі заманауи бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығы ашылды. Оның біреуі Райымбек ауылдық округіне қарасты Абай ауылында, ал екіншісі Әйтей ауылдық округінің Үштерек ауылында орналасқан. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталған екі нысанның салтанатты ашылуына Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов, аудан әкімі Жасұлан Естенов және Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасының басшысы Бауыржан Сатыбалды қатысты.
Шараның алғашқы құттықтау сөзі берілген аудан басшысы Жасұлан Естенов қазіргі таңда Қарасай ауданында Мемлекет басшысының қолдауымен көптеген әлеуметтік маңызы бар нысандар салынып жатқанын атап өтті. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Көктоған және Ақсеңгір ауылдарында, ал биыл Кемертоған мен Көкөзекте дәрігерлік амбулаториялар ашылды. Сонымен қатар мемлекет қаржысына Елтай ауылдық округіне қарасты Қаратөбе ауылында да жаңа медициналық орталық ашылуына жоспарлануда. Бұл жұмыстардың барлығы да Қарасай ауданының медицина сапасының дамуына жақсы серпін беруде.
Аудан әкімінің бұл сөзін Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов те қолдады. Оның айтуынша, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтауға ерекше назар аударуда. Соған байланысты облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолдауымен соңғы екі жылда аймақта 38 медициналық мекеме ашылды. Бұл жерде бір ескере кететін жайт, жаңа бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталықтары облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа салынды. Олар заманауи медициналық құрал-жабдықпен жабдықталған және халыққа жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуге арналған.
Құттықтау сөзінен кейін Ержан Сүлейменов пен Жасұлан Естенов ауылдың құрметті ақсақалдарымен салтанатты түрде ғимараттың лентасын қиды. Одан кейін келген халықпен бірге жаңа нысандарды аралап, ішіндегі құрал-жабдықпен, ұжыммен танысып шықты. Айта кету керек, бұл екі әлеуметтік маңызды нысан да Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасына қарасты медициналық мекеме болып табылады. Олардың құрылысын «Бауыр құрылыс компаниясы» ЖШС жүргізді.
Нысандардың өзіне келетін болсақ, Абай ауылындағы мекеменің жер көлемі 30 га, ал жертөлесі бар екі қабатты ғимараттың ауданы 927 шаршы метрді құрайды. Орталықта жеті дәрігер және 24 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Жалпы тағайындалған халық саны тоғыз мың адамды құрайды.
Үштерек ауылында да осындай ғимарат бұрынғы фельдшерлік-акушерлік пунктінің орнына салынған. Мұндағы жер көлемі екі есе аз – 14 га. Орталықта бес дәрігер және 24 фельдшер жұмыс істейді. Жалпы тағайындалған халық саны 5000-нан асады.
Үштерек ауылының алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының басшысы Әнуар Мәдіханның айтуынша, жаңа ғимарат тұрғындар мен қызметкерлер үшін тамаша жағдайларды ұсынады. Оның басты ерекшелігі жасанды интеллектті пайдалану және қашықтан медициналық қызметтерді ұсыну мүмкіндігі. Яғни нысанның фойесінде келушілерді қажетті дәрігерге бағыттайтын жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін арнайы мониторлар да орналастырылған. Барлық процесс ЖСН арқылы жүргізіледі.
Ғимараттарда тіркеу үстелі, стерилизация бөлмесі, физиотерапия бөлмелері, зертханалық тексеру бөлмелері, әйелдер мен ерлерге арналған тексеру бөлмелері, жалпы тәжірибе дәрігерлері және бірқатар мамандандырылған мамандар бар. Екі орталық та ана мен баланы қорғауға ерекше назар аударады. Айта кету керек, даму және ерте араласу орталықтары акушер-гинеколог кабинеттерінің жанында жұмыс істейді. Оған қоса вакцинация бөлмелері, балалық шақ ауруларын кешенді басқару, саламатты өмір салты және ауруларды басқару бағдарламалары бөлмесі және тіс дәрігері кабинеттері де қарастырылған.
Қарасай орталық аудандық аурухана басшысының орынбасары Даулет Кожаковтың мәліметіне сүйенсек, осы екі орталықтан бөлек алдағы жоспарға сәйкес, Бекболат, Ұлан, Шалқар, Қайнар ауылдарында да дәрігерлік амбулатория және Көлащы ауылында 300 келушіге арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығын ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта осы бес нысанның құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан оң нәтижемен шығып, аудан тарапынан облыстық бюджетке өтінімге беріліп қойылған. Бұған қоса Қаскелең қаласында салынады деп жоспарланған 200 орындық перинаталды орталықтың да құжатты мемлекеттік сараптамадан оң нәтижемен шыққан. Бүгінде осы бағытта жұмыстар жүргізілуде.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
