Жақында Өжек Жаңабаев атындағы мектепте аудан мұғалімдеріне арналған семинар өтті. Басты мақсат – сабақты жоспарлауды тиімді түрде іске асыру шеңберінде мұғалімдерге өз педагогикалық тәжірибесін бағамдап, жетілдіруге, сабақ жоспарлау мен өткізу дағдыларын дамытуға көмектесу. Іс-шараны арнайы шақыртумен келген Алматы қаласының педагогикалық орталықтың тренері Асхат Әлімов өткізді.
Семинар барысында Асхат Әлімов көптеген мағлұматтармен бөлісті. Оқушылармен жұмыс жасағанда 20 пайыз жеке, 80 пайыз бірлесе жұмыс жасағаны тиімді екенін айтты. Сонымен қатар, ойын баласын ойын арқылы үйрету керектігін түсіндірді. Айтуынша, себебі ойында мақсат болмайды.
– Сабақта ойын арқылы мақсатқа жету керек. Бастауыш сыныпта үй тапсырмасын беру тиімсіз, онын орнына бірлесе отырып, сол үй тапсырмасын мектепте орындатқаны абзал. Миды жұмыс істету үшін жылына кем дегенде 60 кітап оқу қажет. Себебі, идея сырттан келеді, – деді тренер А.Әлімов.
«Lesson Studi» – мұғалімдерді оқыту және олардың тәжірибесін дамытудағы ынтымақтастық тәсілі болып табылады және де іс-әрекеттерді зерттеу. Бұл жайлы Асхат Әлімов жан-жақты ақпарат беріп, сабақты зерттеу әдісі жайлы түсіндірді. Айтуынша, бұл сабақ мұғалімдердің педагогикалық білімі мен тәжірибесін дамытуға арналған тиімді құрал болып табылады. Яғни, сыйластық қарым-қатынаста топ құрады, жоспар құру, зерттеу объектісін анықтау, дерек көздерін тиімді пайдалану, қорыту керектігін айтты.
Айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым дағдыларын оқушыда дамыту. Семинар барысында осы төрт дағдымен мұғалімдер әр мектеп бойынша топтарға бөлініп, өздерінің алған бір дағдысын қорғап шықты. Жапониядағы сабақ процесін көрсетті, ол жерде бастауыш сынып оқушылары (олар 6 жыл оқиды екен бастауышта) өздері сабақ өтіп жатты. Мұғалім тек қана бақылаушы болып жүрді. Кезекші оқушы үй тапсырмасын сұрады. Оны орындағандар ойларын бөлісті. Қалғандары соның сөзі дұрыс болса, «ия дұрыс» деп, басын изеп, дұрыс болмаса таңғалып, басын шайқап эмоцияларын білдіріп отырды. Мұғалім бір ретте ғана, сұраққа жауап бере алмаған оқушыға, басқа балалардың айтқанын қайталатқызды.
Практикалық жұмыс ретінде, бізді де бір бастауыш сыныпқа кіргізіп, сабақ процесін бақылауды ұсынды. Жарты сағатқа ғана кірген сабағымыздан, не түйдік, не көрдік, оқушылар қалай отырды сабақта, кім қалай жауап берді, қай топ белсенді болды, осының бәрін бізден ойларымызды ортаға салуды өтінді. 1 топ белсенді емес, бірақ жұппен бөлісті, 2 топ жақсы байқалды, 3 топ сөйлеушіге қолдау көрсетті, 4 топта сұрақ қойылмады, белсенді болмады, деген жауаптарымызға өз қорытындысын айтты.
Сөзін қорыта келе Асхат Әлімов әр оқушыны биік мақсатқа бағыттау керектігін айтты. Себебі олар мектеп қабырғасынан өмір сүруге, үйренуге, адам болуға, еңбектенуге, өз бетімен өмір сүруге, өзге адамдармен әрекет етуге үйренуі тиіс.
«Осындай семинарлар көп болса екен», деп біз де тілек білдіріп, педагогикалық қоржынымызды жаңа идеяларға толықтырып, жаңаша көзқараспен аттандық.
Толқын МҰҚАШЕВА,
Бөлексаз орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.