Аудан болғаннан кейін оның орталығы көрікті мекенге айналып, үлгі ретінде көзге көрінуі тиіс. Сондықтан мұндай мекеннің даму деңгейіне ерекше көңіл бөлінуі орынды деп білеміз. Осы тұрғыдан алғанда Қарасай жерінің орталығы болып табылатын Қаскелең қаласында жыл сайын оңды өзгерістер орын алып, инфрақұрылымы жақсарып келеді. Сондай жұмыстардың бірі ретінде орталық көшенің бойы жаяу жүргіншілер үшін қолайлы болуын айтуға болады.
Қаскелең қаласының кіреберісінен басталатын басты жолдардың бірі – Абылай хан көшесі. Оның жалпы ұзындығы 9 км-ді құраса, соның 5,3 шақырымын, яғни SDU университетінен Мақашев көшесіне дейін абаттандыру жоспарланған.
Жобаға сәйкес І кезең бойынша жол жиегін ретке келтіру жұмысы былтыр басталды. Атап айтқанда, 2025 жылдың соңына дейін 3,8 шақырым жөнделді. Бұл SDU университеті мен автобекет аралығын қамтыды.
Абаттандырудың ІІ кезеңіне сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл да жалғасын табуда. Осы мақсатта 2026 жылдың жаз айында Қарасай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан конкурс жарияланып, жеңімпаз ретінде «АСК Ауылқұрылысы» компаниясы мердігер мекеме ретінде анықталған.
Кезең-кезеңге бөлінген абаттандыру қазіргі уақытта Абылай хан көшесінің Мақашев пен Өмірәлі көшелерімен қиылысатын аралықта жүзеге асырылуда. Жоғарыда аталған бөлім басшысы Бекзат Каримовтің сөзіне сүйенсек, жоспар бойынша бұл жұмыстар осы айдың соңына дейін аяқталады.
– Абылай хан көшесін абаттандыру кезең-кезеңге бөлінгендіктен, былтыр басталған жұмыс биыл да жалғасын табуда. ІІ кезең бойынша мердігер мекеме тиісті міндетін кестеге сәйкес орындауда. Қазір Мақашев пен Өмірәлі көшелерінің ортасы жөнделуде. Одан кейін Өмірәлі мен Наурызбай көшелерінің аралығы реттеледі. Келісімшарт негізінде 2027 жылдың шілде айына дейін жобаны толық аяқтау жоспарда тұр. Бірақ құрылыс қарқынын күшейтіп, мерзімінен ерте бітіруге тырысамыз, – деді бөлім басшысы Бекзат Жұмағалиұлы.
Айта кетейік, Қаскелеңдегі Абылай хан көшесін абаттандыру жобасы аясында жаяу жүргінші жолдарының екі жақ бетінде тротуарлар төселіп, бірнеше аялдама мен көше жарығының бағаналары жаңартылады. Сонымен қатар автотұраққа арналған жол жамылғысы асфальтпен жаңартылады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

