Жуырда Қарасай ауданында өңірдің қоғамдық-саяси өмірі үшін маңызды саяси науқан өтті. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтуға бағытталған саяси науқан аясында аудан орталығы Қаскелең қаласы әкімінің сайлауы болды. Тұрғындардың белсенді қатысуымен өткен науқан нәтижесі бойынша Қаскелең қаласының әкімі лауазымына Абылай Зуайда сайланды. Сейсенбі күні жаңа басшы ресми түрде қызметіне кірісті.
Қаскелең қаласындағы сайлауда еңбек жолының басым бөлігін Қарасай ауданында өткізген маман Абылай Жұмабекұлы жеңіске жетті. Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Азамат Жандосов қалалық әкімдікке арнайы барып, жаңа басшыны ұжымға және шаһардың белсенді тұрғындарына таныстырды. Аудан басшысының орынбасары Абылай Жұмабекұлын жаңа қызметімен құттықтай отырып, Қаскелеңнің аудан орталығы ретіндегі стратегиялық маңызына тоқталды. Сондай-ақ шаһарда шешімін күткен өзекті мәселелер мен ауқымды міндеттер жеткілікті екенін атап өтіп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Абылай Зуайда 1996 жылы Жамбыл облысының Меркі ауданында дүниеге келген. 2017 жылы Т. Рысқұлов атындағы Нархоз университетін «Экономика және басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2016 жылы ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Алматы шипажайы» АҚ-да іс жүргізуші болып бастаған ол мемлекеттік қызмет пен мекемелерде мол тәжірибе жинақтады. 2017 жылы Астана қаласындағы Инвестициялар және даму министрлігінде тұрғын үй комиссиясы хатшысының көмекшісі міндетін атқарды.
Жаңа қала әкімінің кәсіби біліктілігі Қарасай жерімен тығыз байланысты. Ол 2017-2018 жылдары аудандық жұмыспен қамту орталығында бас маман болып еңбек етті. 2018 жылы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Алматы қаласындағы «Шаңырақ» олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде кадр бөлімінің инспекторы болды. 2019 жылы Қарасай аудандық жұмыспен қамту орталығына қайта оралып, іскерлігінің арқасында 2019-2022 жылдары бөлім басшысы, ал 2022-2023 жылдары осы орталықтың директоры қызметін абыроймен атқарды.
2023 жылдан бүгінге дейін Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Еңбек мобильділігі орталығының директоры лауазымында еңбек етті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

