Қарасай жерінде қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өткен аптада ауданға қарасты Жібек жолы ауылдық округінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында аудан әкімі Жасұлан Естеновтің қатысуымен ауқымды тазалық жұмыстары жүргізіліп, 500-ден астам ағаш көшеті отырғызылды.
Аталған игі шара Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан «Алтын таға» өндірістік компаниясының тікелей бастамасымен және Қарасай ауданы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Экоакцияны қолдау аясында кәсіпорын қажетті ағаш көшеттерін өз қаражаты есебінен сатып алса, әкімдік тарапынан бұталарды отырғызу мен тазалық жұмыстарының ұйымдастырылуына көмек көрсетілді.
Жалпы айтқанда, шара барысында кәсіпорын аумағында 230 қарағаш, 150 шаған, 150 үйеңкі тұқымдас ағаштар отырғызылды. Бастаманы аудан жұрты зор ықыласпен қолдап, экологиялық акцияға «Алтын таға» зауытының ұжымымен бірге аудан басшысы Жасұлан Естенов, ауданның зиялы қауымы, бизнес өкілдері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Көпшілік үшін бұл сенбілік тек тазалық шарасы емес, келер ұрпаққа көлеңкелі бақ пен таза ауа қалдыруға бағытталған ортақ міндетке айналды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, табиғатқа жанашырлықпен қарау және елді мекендерді көгалдандыру – әр өңір үшін маңызды міндет. Осы бастама аясында ауданымызда көктем келгелі күнделікті жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жақында ғана Жастар ресурстық орталығынын алдында орналасқан саябаққа көшеттер отырғызылған еді. Енді, міне, ауданымыздағы үлкен «Алтын таға» компаниясы да «Таза Қазастан» акциясына өз үлесін қосып, 500-ден астам ағаш көшеттерін отырғызды. Бұл кәсіпорынның аудандағы экологиялық ахуалды жақсартып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға қосқан нақты үлесінің көрінісі деп білемін.
Жалпы ауданымызда «Таза Қазақстан» акциясы аясында 12 мыңнан астам көшет отырғызу жоспарда бар. Сондықтан осы бағытта жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады, – деді аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы.
Айта кетейік, «Алтын таға» кешені 2007 жылы құрылған, бірақ ірі өнеркәсіптік-өндірістік кешен салу жобасы 2022 жылы басталды. Бүгінде ол Алматы облысы бойынша негізгі өндірістік нысандардың бірі болып табылады. Мұнда қалалық және жоғары кернеулі электр беру желілеріне арналған темірбетон тіректер шығарылады. Сондай-ақ стандартты металл конструкцияларын, тірек және анкерлік тақталарды, сэндвич панельдерін, аспалы крандарды, дәнекерленген арқалықтарды, суару арналарына арналған науаларды да жасайды. Кәсіпорынның тәулігіне орташа өндірістік қуаты 300-ден астам конструкцияны құрайды, бұл елдегі инвестициялық жобалардың шамамен 90%-ының қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта кәсіпорын тек Қазақстанды ғана емес, сондай-ақ Орталық Азия мен ТМД елдеріндегі құрылыс нарығы үшін мыңнан астам өнім түрін шығару бағытында жұмыс істеуде.
«Таза Қазақстан» акциясын қолдау мақсатында өткен демалыс күндері Жібек жолы округіндегі шарамен қатар Қаскелең мен басқа ауылдық округтерде кең көлемді сенбілік жұмыстары жүргізіліп, аумақ қоқыстан тазартылды. Оған 5000-нан астам адам жұмылдырылды.
Анығырақ айтқанда, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Іргелі округінде ауқымды экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, Іргелі ауылының аумағы тазартылып, жиналған қоқыс сұрыпталды. Бұл жұмыстарға 70-ке жуық адам қатысты.
Сондай-ақ экоакцияға орай Қаскелең қаласында жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Қаскелең қаласы әкімдігінің ұжымы «Алтын ауыл» шағын ауданы маңындағы жаяу жүргіншілер жолдарының бір шақырым бөлігінде өсіп кеткен шөптер мен бұталарға санитарлық кесу жұмыстарын жүргізді. Аталған іс-шараға жеті мейрамхана, алты медициналық орталық, төрт қонақүй және үш базар қатысып, қаланың көркеюіне өз үлестерін қосты. Оған қоса аудандық білім бөлімі тарапынан Наурызбай батыр ескерткішінің аумағы тазартылды. Жалпы сенбілік барысында 3,5 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылып, 4 шақырым жаяу жүргіншілер жолы толықтай тазаланды.
Мұнан бөлек «Таза Қазақстан» аясында Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Алмалыбақ ауылында көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бұған дейін апаттық жағдайда болып, қауіпсіздік мақсатында кесілген ағаштардың орнына 50 түп алма, алмұрт және қылқанжапырақты арша ағаштары отырғызылды. Ал Райымбек ауылдық округіне қарасты Бұлақты ауылында «Мөлдір бұлақ» акциясы ұйымдастырылып, Қырғауылды өзенінің жағалауы қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар Әйтей ауылдық округінің Өмірзақ ықшам ауданында орналасқан «Өмірзақ саябағында» 30 түп ағаш отырғызылып, саябақ аумағындағы қоқыс жиналды.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

