«Анаға құрмет» музейінде ел тарихында есімдері ерекше сақталған аяулы аналардың ғибратқа толы ғұмыр жолы мен өлшеусіз еңбектерінен сыр шертетін жәдігерлер көп кездеседі. Әрбірінен өнеге алып, үлгі тұтуға болады. Солардың ішінде Ұлы Отан соғысы жылдарында мақта өсірудің шебері атанған Сәрсенкүл Рыспекқызын да ерекше айтуға болады. Оның еселі еңбегін, табандылығы жайында биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында сөз етсек артық болмас.
Сәрсенкүл Рыспекқызы 1925 жылдың 8 наурызында Өзбекстан Республикасының Шыназ өңірінде қарапайым еңбекқор отбасында дүниеге келген. Балалық шағы саяси қуғын-сүргін мен тәркілеу жылдарымен тұспа-тұс келіп, отбасы ауыр кезеңді бастан өткерді. Әкесі қуғындалып, анасы балаларын аман сақтап қалу үшін бар қажыр-қайратын жұмсады. Сол қиындықтар болашақта Сәрсенкүлдің қайсар мінезі мен табанды еңбегінің қалыптасуына үлкен әсер етті.
Сәрсенкүл Рыспекқызының еңбек жолы – қарапайым ауыл әйелінің қажырлы еңбегі мен қайсар рухының айғағы. Соғыс жылдарында ер-азаматтардың көбі майданға аттанғанда, ауылдағы ауыр жұмыс әйелдердің иығына артылды. Сол қиын кезеңде жас Сәрсенкүл де қатардан қалмай, ұжымдық шаруашылықтың тірегіне айналды. Ол егін егіп, мақта теріп, малға қарап, күн-түн демей еңбек етті.
Ерен еңбекқорлығы мен ұқыптылығының арқасында көп ұзамай ұжым ішінде беделге ие болды. Тәжірибелі жұмысшы ретінде басқаларға үлгі көрсетіп, жас қыз-келіншектерге бағыт-бағдар берді. Мақта өсіру ісіндегі жоғары көрсеткіштері үшін бірнеше мәрте аудандық және облыстық деңгейде марапатталып, 1956 жылы республика көлемінде «Мақта өсірудің озаты» атанды.
Сәрсенкүл Рыспекқызының еңбегі ел көлемінде еленді. Соның арқасында ол Алматы мен Мәскеуде өткен республикалық және Бүкілодақтық озат мақташылар съездеріне қатысу құрметіне ие болды. Мәскеуде өткен жиында сол кездегі КСРО басшысы Н.Хрущёвпен, КСРО Мәдениет министрі Е.Фурцевамен және Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Д.Қонаевпен жүздесіп, ауыл әйелдерінің атынан сөз сөйледі.
Өзінің ұйымдастырушылық қабілеті мен табандылығының арқасында Сәрсенкүл Рыспекқызына үлкен сенім артылып, ол Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып екі мәрте сайланды. Депутат ретінде ауыл шаруашылығын дамыту, әйел еңбегін әділ бағалау және ауыл жастарына білім алу мүмкіндігін кеңейту бағытында белсенді жұмыс атқарды. Зейнет жасына жеткен соң да ол еңбектен қол үзген жоқ. Шардара өңіріне қоныс аударып, ауыл шаруашылығына үлесін қоса жүріп, жас ұрпақты адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиеледі.
Сәрсенкүл Рыспекқызының өмірі – ХХ ғасырдағы қазақ әйелінің тағдырын айқындайтын, ел еңбегін қадірлеп, ұлт рухын биіктеткен жарқын өнеге. Ол – адал еңбектің, төзімділік пен қайсарлықтың символы, ұрпаққа үлгі болған тұлға.
«Анаға құрмет» музейінде Сәрсенкүл Рыспекқызына арналған арнайы естелік бұрышы ұйымдастырылған. Онда оның өмір жолынан сыр шертетін жәдігерлер, фотосуреттері қойылған. Баршаңызды музейге келіп, халқымыздың еңбекқор аналарының өмірімен танысуға шақырамыз!
Гүлнар ӘБІШ,
«Анаға құрмет» музейінің меңгерушісі

