Күні кеше ауданға қарасты Райымбек ауылдық округінде орналасқан «Анаға құрмет» музейінде ана асылдығын, отбасы мен ұрпақ сабақтастығын дәріптейтін тағылымды шара өтіп, «Ұлы Ана» атты мүсіндер саябағы салтанатты түрде ашылды. Мерекелік шараға құрметті қонақ ретінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, соның ішінде генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталов, сондай-ақ шығармашылық саласының өкілдері, аға буын мен жастар қатысты.
Ауқымды шара барысында алдымен музей экскурсоводы Аяжан Қайратқызы парасаттың, қайырымдылық пен аналықтың бейнесіне айналған қазақ әйелі Домалақ анаға арналған бұрышты таныстырды. презентациясын өткізді. Оның ерекшелігі мұнда Домалақ ана және оған қатысты қызықты ақпаратты оқуға болатын QR-код қойылған. Алдағы уақытта осындай цифрлы бағдарлама музейдегі мыңға жуық жәдігердің әрқайсысына орнатылады.
Мұнан кейін тоғыз баланы өсірген Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталовтың анасы Ұлжан Аяпбергенқызына арналған бұрыштың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мұнда Ұлжан ананың портретін, өмірде қолданған заттары мен жеке бұйымдарын көруге болады.
Мерекелік шараның келесі бөлігі музей аумағындағы саябақта жалғасты. Бұл жерде ана бейнесін ұлттық дүниетаным, тарихи жады және рухани сабақтастық тұрғысынан танытатын бірегей жоба ретінде іске асырылған «Ұлы Ана» мүсіндер саябағының ашылуы болды. Бастамының іске асуына еліміздің тоғыз өңірінен келген 20-ға жуық мүсінші атсалысып, әйел бейнесін сомдайтын 25 туындыны көрерменге ұсынды. Мүсіндерді жасауға пайдаланылған табиғи тастар Маңғыстау облысынан, кезінде Каспий теңізінің түбі болған Ақтау маңынан арнайы жеткізілген.
Саябақ төрінен орын алған туындылардың ішінде Жанұзақ Мусапир, Алтай Бейсенов және Әділғали Баяндиннің «Ұмай ана», Болат Сәрсенбайдың «Эргенекон киелі тағзым орны», Бақтыгерей Жапардың «Күту» және «Ана алақаны» мүсіндері ерекше көз тартады. Сонымен бірге Диана Мохаммад, Диас Қаңтарбаев, Серік Нұрсапаев, Дәулетбек Бектеміров, Нұрлан Болатбеков, Айгүл Тасмағамбетова және Нұрболат Ысқақов сияқты майталман шеберлердің жүрек жылуынан туған туындылары да келушілердің ыстық ықыласына бөленді. Мүсіншілердің қасына балаларын ертіп, ұрпақты еңбек пен өнерге баулығаны саябақтың маңызын арттыра түсті.
Экскурсиядан соң мамыр айында басталған халықаралық мүсіншілер симпозиумының ресми аяқталуына орай «Отбасы – бақыт бастауы» атты рухани-мәдени бағдарлама өтті. Шараны ашқан Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ануар Үмбеталиев пен генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев жобаның тарихи маңызына тоқталып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға зор үлес қосқан музей ұжымына, сондай-ақ жаңа саябақтың негізін қалаушылар Әлік мен Бақыт Шпекбаевтарға ризашылықтарын білдірді.
Салтанатты шара аясында марапаттау рәсімдері де өтті. Белгілі қазақстандық суретші, график, иллюстратор және ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нелли Бубэ ҚР Көркемсурет академиясы атынан Бақыт Шпекбаеваға қоғамды рухани байытқаны үшін «Өнермен Отанға қызмет ету» алтын медалін табыс етті. Сонымен қатар ҚР Көркемсурет академиясының президенті, белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амандос Ақанаев осы жобаға қатысқан барлық мүсіншілерге Алғыс хаттар табыс етті.
Ауқымды мерекелік шара «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Орындалған әндердің де өмірдің бастауын, отбасы ошағының жылуы мен жайлылығын, дені сау әрі бақытты ұрпақты бейнелейтін қазақ аналарының жарқын бейнелеріне арналғаны қуантады.
Айта кетейік, «Ұлы Ана» саябағының абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасатын болады. Мұнда субұрқақтар, сондай-ақ жаңа туындылар, соның ішінде граниттен, мәрмәрдан, қоладан жасалған мүсіндер орнату жоспарланған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

