Бүгінгі таңда Қазақстанның транзиттік-логистикалық әлеуетін арттыру және өңірлік инфрақұрылымды жаңғырту мемлекеттік-экономикалық саясаттың ең басты бағыттарының біріне айналып отыр. Осы орайда еліміздің маңызды көлік дәліздерінің тоғысында заманауи хабтардың бой көтеруі отандық логистика саласына тың серпін беруде. Солардың бірегейі ретінде 2025 жылдың тамыз айынан бастап Елтай ауылдық округіне қарасты Көкөзек ауылының іргесінде Пулат Хаитовтың жетекшілігімен жұмысын бастаған «Burunday Container Terminal» (BCT) компаниясының көпфункционалды контейнерлік терминалын атап өтуге болады. Бұл ауқымды нысан тек өңірдің ғана емес, жалпы отандық көлік-логистика жүйесінің дамуына елеулі әрі салмақты үлес қосады.
Жаңа логистикалық кешеннің тыныс-тіршілігі мен алға қойған мақсаттары туралы кәсіпорынның техникалық директоры Арман Оразбаев пен операциялық директоры Асқар Жұмаділов егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Олардың мәлімдеуінше, бұл жобаның жалпы инвестициялық құны 10 миллиард теңгені құрайды. Бұл ретте қаржыландырудың 80 %-ы несиелік қаражат есебінен тартылған. Ал бұл отандық банк жүйесі мен инвесторлардың жобаның болашағына деген жоғары сенімін көрсетеді.
Кешеннің құрылысы 2024 жылдың шілде айында басталған болатын. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жоғары сапада жүргізуге бір жылдан астам уақыт жұмсалды. Атқарылған жұмыстың ауқымына қарап, жобаның қаншалықты күрделі әрі жауапты болғанын аңғару қиын емес. Терминал орналасқан жер учаскесінің жалпы ауданы 16,5 гектарды құрайды, ал оның аумағындағы заманауи ғимараттар мен құрылыстардың ауданы 50 000 шаршы метрге жетеді. Оның ішінде 2 500 шаршы метрі арнайы уақытша сақтау қоймасына бөлінген, бұл келіп түскен жүктерді қауіпсіз әрі жүйелі түрде орналастыруға мүмкіндік береді. Түнгі уақытта кешен аумағы толығымен қуатты жарықшамдармен жарықтандырылады. Жобаны жүзеге асырушылар қаражатты аямай, мұндағы жарықтандыру мен қауіпсіздік жүйесін ең жоғары халықаралық стандарттарға сай етіп мұқият қарастырған. Бұл кездейсоқ емес, өйткені алдағы уақытта контейнерлік терминалдың жұмысын толықтай тәулік бойы, яғни 24/7 режиміне көшіру жоспарланып отыр.
Кешеннің ішкі құрылымы өте күрделі әрі тиімді ұйымдастырылған. Мұнда тауарларды сақтауға арналған мамандандырылған жабық және ашық қоймалар, жалпы ауданы 1 200 шаршы метрді құрайтын әкімшілік және кеңсе үй-жайлары, ауыр жүк автокөліктеріне арналған кең тұрақ, заманауи бақылау-өткізу пункттері мен техникалық қызмет көрсету аймақтары кіреді. Ерекше атап өтетін жайт, бұл кешеннің аумағында мемлекеттік кедендік бақылаудан өтуі тиіс жүктер де орналасады. Елдің аумағына әкелінетін тауарларды ресми рәсімделуі, атап айтқанда, құжаттарды мұқият тексеру, кедендік баждарды, салықтар мен міндетті алымдарды төлеуді қамтитын «кедендік ресімдеуден» өткеннен кейін ғана жүктер өздерінің түпкілікті межелі жерлеріне қарай жол тартады.
«Burunday Container Terminal» заманауи мультимедиялық және цифрлық шешімдерді енгізуде де көш ілгері тұр. Клиенттерге ыңғайлы болу үшін арнайы ашылған жеке онлайн-кабинеттер арқылы олар өз жүктерінің орналасқан жерін, қозғалыс бағытын және мәртебесін 24 сағат бойы нақты уақыт режимінде бақылай алады. Жаңа терминалда терминалдық қызметтердің толық спектрі – жүкті түсіру мен тиеуден бастап, оны сұрыптау мен сақтауға дейінгі жұмыстар жоғары деңгейде көрсетіледі. Нысанның жылдық өткізу қабілеті шамамен 100 000 TEU (жиырма футтық эквиваленттегі контейнер) құрайды. Бұл көрсеткіш терминалдың үлкен әлеуетін білдіреді. Жоба негізінен Қытай Халық республикасынан, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден келетін импорттық жүктерді қабылдауға және жедел өңдеуге бағытталған. Терминалдың теміржол торабына және Үлкен айналма автомобиль жолына (ҮААЖ) тікелей жақын орналасуы жүктерді жеткізу уақытын айтарлықтай қысқартып, көлік шығындарын азайтуға септігін тигізеді.
– Терминал заманауи автоматтандырылған басқару жүйесімен, сондай-ақ жоғары технологиялық жабдықтармен және сенімді ауыр техникамен қамтамасыз етілген. Мысалы, логистика әлемінде өзін дәлелдеген Швецияда шығарылған «Kalmar» маркалы екі жаңа заманауи тиегіш (reachstacker) сатып алынды. Бұл техникалар жүк көтеру және тасымалдау жұмыстарын орындау кезінде таптырмас көмекші болып табылады және салмағы 1,25-тен бастап 72 тоннаға дейінгі ең ауыр жүктерді де еш қиындықсыз көтере алады. Құрылыс сапасына келетін болсақ, кәсіпорын басшылығы бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қараған. Аумақты бетондау кезінде қолданылған жоғары сапалы бетонның қалыңдығы 35 сантиметрді құрады, – деді кәсіпорынның техникалық директоры Арман Оразбаев.
Мұндай қалыңдық пен материалдың ерекше сипаттамасы терминалдың беріктігіне, ауыр салмаққа төзімділіге және ылғалға қарсы тұру қабілетіне кепілдік береді. Сонымен қатар гидрооқшаулау мәселесі де ғылыми тұрғыдан негізделіп, терең ойластырылған. Ол үшін құрылыста «Брит Премиум ЭПП» битумды орама материалы пайдаланылған. Бұл материал кез келген экстремалды температуралық жағдайларда өзінің қасиетін жоғалтпайды, арнайы битумнан, полимерлі қоспалардан және қорғаныш қабаттарынан тұрады. Оны монтаждау балқытып жапсыру әдісімен жүргізілген. Дәл осы заманауи қорғаныш қабаттары кешен негізінің толық су өткізбеушілігін қамтамасыз етіп отыр. Ең маңыздысы, мұндай заманауи материалдардың қызмет ету мерзімі 30 жылдан асады, бұл нысанның ұзақ мерзімді тұрақты жұмысына негіз болады.
Осылайша, бүгінгі таңда іске қосылған «Burunday Container Terminal» жобасы отандық бизнесті, халықаралық сауданы және өзара тиімді серіктестікті дамыту үшін кең көлемде жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Жоғары сапалы терминалдық қызметтерге деген сұраныстың қарқынды артуы және еліміз арқылы өтетін жүк тасымалы көлемінің жыл санап ұлғаюы терминалдың өзін алдағы уақытта одан әрі дамыту үшін өте қолайлы перспективалар туғызатыны сөзсіз.
Ауқымды инфрақұрылымдық жоба аудан мен Алматы облысының логистикалық мүмкіндіктерін айтарлықтай жақсартуға және жаңа деңгейге көтеруге жағдай жасайды. Экономикалық тиімділіктен бөлек, жобаның әлеуметтік маңызы да зор. Қазіргі уақытта мұнда 30 жергілікті маман тұрақты жұмыспен қамтылған. Нысан кезең-кезеңімен толық пайдалануға берілген сайын, тағы 70 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Яғни аймақтағы жұмыссыздық мәселесін шешуге септігін тигізері сөзсіз.
Компания мұнымен тоқтап қалмақ емес, жобаның екінші ірі кезеңін 2026 жылы толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде терминалдың қуаттылығын еселеп арттыруға жол ашады.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

