Өткен аптада Қапал батыр атындағы орта мектепте ел мақтанышы, Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимовпен кездесу кеші өтті. Бұл шараға, сонымен қатар Бірінші Май ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Бахытжан Альменбетов, ардагер спортшы Бұлар Мейрманов құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Кездесу барысында Олимпиада чемпионы Ермахан Сағиұлы оқушылармен еркін форматта сұқбаттасып, өзінің спорттағы жетістіктері мен өмір жолы туралы әңгімеледі. Ол өз сөзінде спорттағы табысқа жету үшін қажырлы еңбек, төзімділік пен мақсатқа деген сенімнің маңыздылығын ерекше атап өтті. Ал оқушылар чемпионға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұжырымды жауап алды. Әсіресе, жас спортшыларға бұл кездесу үлкен жігер сыйлады. Ермахан Ибраимов жастарды саламатты өмір салтын ұстануға, спортпен тұрақты айналысуға шақырды.
Кеш барысында танымал спортшыға арнайы шағын концерттік бағдарлама ұсынды. Оның барысында мектебіміздің мақтанышы, облыстық, республикалық ән байқауларының жүлдегері Бөпенай Рахатхан өнерін көрсетсе, бастауыш сыныптың ұлдары рухты ән айтып, қонақтарды таланттарымен тәнті етті.
Сонымен қатар бұл шара аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясына да көңіл бөлінді. Оған құрметті қонағымыз, ел мақтанышы Ермахан Ибраимов қолдау білдіріп, ұстаздармен және оқушылармен бірігіп, мектеп ауласына ағаш отырғызды. Осылайша танымал спортшы қоғамдық жұмысқа да бей-жай қарамайтынын байқатып, белсенділігін танытып, қоғамдық ортаның тазалығына атсалысты. Ал чемпионның осындай қарапайымдылығына, жалпы құрметті қонақ болғанына мектеп директоры Жамбыл Нуралиев мектеп ұжымы атынан алғысын білдірді.
Осындай тағылымы мол тәрбиелік кездесулер жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастырып, биік мақсаттарға ұмтылуына жол ашады деп ойлаймыз. Мектебімізде өткен бұл кездесу оқушылардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Г.АЛПЫСБАЕВА,
Қапал батыр атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.

