Өткен аптаның жұмасы күні Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылының Мәдениет үйінде тағылымы мол ерекше кеш өтті. Қарасай ауданы білім бөлімінің қолдауымен А.С.Макаренко атындағы орта мектебінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл шара жерлесіміз, танымал жазушы Бекен Ыбырайымовтың өмір жолы, қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегін насихаттауға бағытталды.
Қарасай ауданы – бір ғасырға жуық тарихы бар қасиетті мекен. Оның жерінен ауданды республикамызға, алыс-жақын шетелдерге танытқан айтулы ақындар мен жезтаңдай әншілер, қайтпас, қайратты батырлар, өнер адамдары шыққан. Солардың бірі ретінде қазақ балалар әдебиеті бойынша еліміздегі тұңғыш филология ғылымдарының докторы атанған әдебиет сыншысы Бекен Ыбрайымовты айтуға болады.
Еңбек жолын газетте әдеби қызметкер, тілші ретінде бастаған ол кейінгі жылдары бірқатар басылымдарда редактор, аға редактор, институтта кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары, директордың міндетін атқарушы болып қызмет еткен. Сонымен қатар газеттерде кітаптар бойынша рецензиялары шығып, кейіннен сыни, ғылыми еңбектері, әдеби шығармалары өз республикамызда, жекелеген туындылары Ресей, Германия сияқты шет елдерде басылып шыққан. Қазіргі уақытта құрметті ағамыз Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық Айтматов Академиясының академигі, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты және «Жалын» баспасының балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық бәйгесінің жүлдегері болып табылады.
Бүгінде Бекен Бекмұратұлының қаламынан шыққан туындыларының арасында жастарды «Іздер құпиясы» атты детективті роман ерекше қызықтырады. Бұл ретте өткен аптада А.С.Макаренко атындағы орта мектептің бастамасымен аудандық білім бөлімінің қолдауымен «Өз ізіңді қалдыр» атты аудандық ғылыми-шығармашылық байқауы ұйымдастырылған еді. Бейнелеу өнері, сахналық қойылым, интеллектуалдық сайыс, ғылыми жоба және әдеби дебат бағыттары бойынша өткен конкурсқа Ұмтыл және Елтай ауылдық округтерінен 14 мектептің 100-ден астам оқушысы қатысып, өз білімдері мен қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетті. Сондай-ақ өз ойларын еркін жеткізіп, шығармашылық ізденістерін дәлелдей алды. Екі күнге жалғасқан байқаудың соңғы күнінде арнайы құрылған комиссия мүшелерінің шешімі бойынша 65 жүлдегер анықталды.
Аталған сайысты қорытындылау және жеңімпаздарды лайықты марапаттау үшін округтің Мәдениет үйінде А.С.Макаренко атындағы орта мектептің ұйымдастыруымен «Іздер құпиясы» атты ерекше шара өтті. Оған кештің құрметті иесі Бекен Ыбрайымов, «Ана тілі» республикалық газетінің бас редакторы, ақын Ерлан Жүніс, «Простор» журналының бас редакторы Фархат Тамендаров, Алматы облысы Тіл оқу-әдістемелк орталығының директоры Қуаныш Амантай қатысты.
Тағлымы мол шараның шымылдығын Қуаныш Амантайұлы ашып, Алматы облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Салтанат Беспаеваның құттықтауын жеткізді.
Одан кейін сахна төріне оқушылар шығып, жазушының туындыларын мәнін өзінше жеткізуге тырысты. Мәселен, Макаренко мектебінің оқушылары «Іздер құпиясы» романының мазмұнын Эдвард де Бононың «Алты қалпақ» әдісі арқылы жан-жақты талдаса, байқауда «Жас детективтер сахнасында» бағыты бойынша үздік деп танылған Көкөзек ауылындағы жайлы мектеп пен Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназиясының оқушылары аталған романның мәнін қазақ және орыс тілінде шағын қойылым арқылы сахналады. Ал «Ой мен сөз: «TEDx форматындағы идеялар алаңы» бағытының жеңімпазы М.Бейсебаев атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Малика Молдажан романнан түйген ойын тезистік толғау арқылы жеткізді. Мұнан соң сахна төріне кештің иесі Бекен Бекмұратұлы шығып, «Өз ізіңді қалдыр» атты ғылыми-шығармашылық байқауының жеңімпаздарын құттықтап, оларға Қарасай ауданы білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаеваның атынан дипломдар табыс етті.
Шараның салтанатты бөлімі аяқталған соң «Екі жұлдыз, бір тілек» форматында ұйымдастырылған дөңгелек үстел өтті. Оның барысында құрметті қонақтар, яғни Бекен Ыбрайымов, «Ана тілі» республикалық газетінің бас редакторы, ақын Ерлан Жүніс пен «Простор» журналының бас редакторы Фархат Тамендаров аталаған роман мен детективті жанр жайлы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар қазіргі оқушылардың жасанды интелектті ойланбастан қолдануы, кітап оқитын балалардың азаюы, жалпы кітап әлемінің болашағы туралы әңгіме қозғады. Оған қоса кешке қатысқан оқушылардың тарапынан қойылған сауалдарына жауап пен бағыт-бағдар беріп, өздерінің құнды пікірлерімен бөлісті.
Қызықты ойлар мен ақпаратқа толы болған шара соныңда байқауға қатысқан 14 мектептің кітапхана қорына аталған кешке демеушілік көрсеткен жомарт жандардың қолдауымен «Іздер құпиясы» романының 10 данасы табысталды.
– Бұл шараның басты мақсаты – жастарды кітап оқуға баулу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ойлы, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Жалпы біздің мектебіміз әрқашанда балаларға арналған әдебиеттерді насихаттауға тырысады. Осы ретте «Іздер құпиясы» детективті роман жақсы үлгі болып табылады. Аталған туындының кейіпкерлері – әділдікті қалайтын, қалай болса да шындықтың түбіне жететін батыл тұлғалар. Сондықтан біздің балаларымыз да Бекен ағаның кейіпкерлері секілді әділ, Отанын сүйетін мықты азаматтар болып өссе деген мақсатта романмен үйлестірілген байқау өткіздік. Нәтижесі жақсы.
Оқушыларымыз нағыз зияткер ұрпақ оқитын кітаппен танысып қана қоймай, әдебиет саласында өзіндік орны бар танымал жазушы, басылым саласының майталмандарымен жақынырақ танысып, еркін сұхбат құрып, өзара пікір алмаса білді, – деді мектеп директоры Гүлбану Бердібекова.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

