Өткен аптада аудан орталығы Қаскелең қаласындағы «Delphin gym» спорт кешенінде инклюзивті спортты дамытуға, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды саламатты өмір салтына баулуға, сондай-ақ халық арасында спортты кеңінен насихаттауға бағытталған пара армрестлингке арналған ашық есік күні өтті. Алматы облысының дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы ұйымдастырған шараға Қарасай, Жамбыл, Еңбекшіқазақ аудандарынан және Қонаев қаласынан 35-тен астам спортшы қатысты.
Соңғы жылдары Алматы облысында пара спорт қарқынды түрде дамып келеді. Мүмкіндігі шектеулі спортшылар жиі әртүрлі деңгейлі жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Әсіресе, пара армрестлингтен.
Бүгінгі таңда Алматы облысы бойынша тірек-қимыл аппараты, көру және есту мүшелерінде зақымдануы бар 156 спортшы айналысады. Олардың қатарында 39 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 16 Қазақстан Республикасының спорт шебері, сондай-ақ 46 спорт шеберіне үміткер және спорттық разрядтары бар спортшылар бар.
156 спортшының барлығы халықаралық және ұлттық аренада жоғары нәтижелер көрсетуде. Мәселен, 2026 жылғы 29 қаңтар мен 3 ақпан аралығында өткен Әлем кубогында құрама 16 медаль жеңіп алды, оның ішінде бес алтын, алты күміс, бес қола. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 23-27 наурыз күндері өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Алматы облысының командасы 45 медаль алып (19 алтын, 17 күміс, 9 қола), жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
Шара барысында спортқа жаңадан келген және қызығушылық танытқандар үшін спортшылар мен жаттықтырушылардың көрсетілімдері ұйымдастырылды. Атап айтқанда, жаттықтырушы Дінмұхамед Мұсаев әртүрлі әдістерді көрсетіп, төрешілік қимылдарын таныстырды. Сонымен қатар, ашық есік күні аясында танымал спортшылар Камиля Жанадилова, Гүлмира Закунова, Абзал Қайыпберді, Азамат Мирзаев, Марат Хакимжановқа «пара қол күресі» спорт түрінен «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағы, ал Айдана Ермекбаеваға осы спорт түрінен «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы берілді.
Оған қоса бұл күні бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері халықаралық және республикалық жарыстардың жүлдегерлерімен кездесу мүмкіндігіне ие болды.
«Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясы қоғамдық бірлестігінің басшысы Тәжіғали Ходжамуратовтың айтуынша, инклюзивті спорт түрлеріне назар аудару әркімнің өз әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігі бар ашық және тең қоғам құруға ықпал етеді. Бүгінгі күннің басты мақсаты – бар спортшыларды қолдау және ерекше қажеттіліктері бар адамдарды пара-армрестлингке мүмкіндігінше көп тарту, оларға өздеріне сенуге, өз әлеуетін жүзеге асыруға, ауырсынумен, депрессиямен және жалғыздықпен күресуге және оларды толыққанды өмірге қайтаруға көмектесу.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

