Кеңес үкіметі тарап жатқан уақытта оның құрамындағы әр мемлекет өзіне тиесілі аумақты сақтап, шекарасын бекітіп алуға тырысты. Дәл осы уақытта Әзірбайжан мен Армения елдері Таулы Қарабақ аймағы үшін бітімге келе алмай, қанды қырғынның орын алуына себепкер болды. Қақтығыс үлкен соғысқа ұласып кетпесі үшін қос тарапты бірлікке шақырып, халықты келісімге көндіру қажет болды. Сол үшін жан-жақтан бет алған әскери қызметкерлердің көбі шайқас майданына аттандырылып, оның 30 мыңдайы соғыста қаза тапты. Олардың арасында әскери борышын өтеуге аттанған қазақстандық сарбаздар да болды.
Аталған қақтығыста қаза тапқан жерлестерімізді және олардың ерлігін еске алу мақсатында жылда елімізде әртүрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі аптаның сәрсенбісі күні Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Үштерек № 2 орта мектебінде өтіп, білім ордасының базасында «Айбын-2026» аудандық сайысы ұйымдастырылды.
Спорттық жарысқа Алматы облысы «Таулы Қарабах ардагерлері мен мүгедектері» ұйымының төрағасы Ерлан Абубакирұлы, аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы Ерлан Абдыкалыков, аудандық білім бөлімінің әдіскері Елдаулет Алтынбекұлы Таулы Қарабақ соғысының ардагерлері, оқушылар мен олардың әскери жетекшілері қатысты.
Сайыс басталмас бұрын мектеп директоры Ғабит Сәбитұлы мен оған келген арнайы қонақтар сөз сөйлеп, аталған шараның маныздылығын түсіндіріп, жас қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мұнан кейін жарыстың негізгі бөлігі басталды. Оның барысында оқушылар бағдарлама аясында белтемірге тартылу, денені көтеру, әскериленген кросс, «АК-74» автоматын бөлшектеу-жинақтау және арқан тарту кезеңдері бойынша сынға түсті.
Қатысушылар тек күш сынасып қана қоймай, әрбір кезенде өздерінің ептілігін, төзімділігін, жылдамдығын және командалық бірлігін көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізуге тырысты.
Жалпы «Айбын-2026» аудандық сайысы өте жоғары деңгейде өтті. Оның нәтижесінде бас жүлдені алған команда облыстық кезеңге жолдама және Қарасай ауданы Таулы Қарабақ ардагерлері атынан бас жүлдеге ие болды.
Сондай-ақ І, ІІ, ІІІ орындарға ие болғандар кубок, медальдармен және «Таулы Қарабах ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарасай ауданы бойынша филиал төрағасы Әділбек Қаналиев атынан дипломдармен марапатталды.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

