2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан жаңа конституциялық кезеңге қадам басты. Осы жылдың айшықты жаңалығына айналған бұл саяси сәт енді тарих қойнауында сақталады.
Дәл осы күні республикалық референдумда қабылданған еліміздің жаңа Конституциясы ресми түрде қолданысқа енгізілді. Ал 1995 жылы қабылданған Ата Заңның күші жойылды.
Алдағы уақытта мемлекетімізде маңызды өзгерістер орын алып, конституциялық реформа жүйелі түрде жүзеге асырыла бастайды. Оның барысында саясат сахнасынан бастап бірнеше салада жарқын бастамалар күтіп тұр.
Жаңартылған Ата Заңның аясындағы өзгерістердің қандай болатыны көпшілікті қызықтырмай қоймайтыны анық. Ендеше ресми дерек көздеріне сүйене отырып, жаңа Конституция ықпал ететін елдегі айтулы жаңалықтардың ең маңыздыларына тоқталайық.
Парламент енді жоқ.
Оның орнында –
Құрылтай
Жаңа Ата Заңға сәйкес 1 шілдеден бастап Қазақстандағы дәстүрлі қос палаталы Парламент жүйесі жойылды. Халық қалаулылары осы аптада соңғы отырыстарын өткізіп, Парламент қабырғасымен қош айтысты.
Енді мемлекетімізде бір палаталы заң шығарушы орган болады және ол Құрылтай деп аталады. Оның құрылу механизміне байланысты республика көлемінде сайлау өтеді.
Ал оның тағайындалған мерзімі жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы аптада арнайы Жарлыққа қол қойып, Құрылтай сайлауын 2026 жылдың 23 тамызына белгіледі.
Құрылтай құрамы 145 депутаттан тұрады. Олардың бәрі партиялық тізім бойынша пропорционалды жүйемен сайланады. Яғни бұрынғы Парламенттегідей Президент квотасы болмайды. Одан бөлек Президенттің пәрменінше, депутаттар ішінде «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек.
Партиялардың Құрылтайға өту межесі 5%-дан аспайды. Мұндай ұстаным ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейтеді.
Құрылтай депутатының өкілеттілік мерзімі – 5 жыл. Аталған органды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайланатын Төраға басқарады және үш орынбасары болуы мүмкін. Комитет саны 8-ден аспауы тиіс.
Заң қабылдау процедурасы үш кезеңнен тұрады. Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды.
Аймақтардағы мәслихаттарға келер болсақ, Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша мажоритарлық жүйе сақталады. Бұл өңірлердегі жергілікті азаматтардың дауыстарын және пікірлерін ескеру үшін маңызды.
Вице-президент
институты құрылады
Жаңа Ата Заң бойынша атқарушы билік құрамында жаңа лауазым пайда болады. Ол – Вице-президент. Бұл қызмет бұрынғы мемлекеттік кеңесші институтының орнын басады. Яғни бұл лауазымды атқарушы адам мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіреді, Президент тапсырмаларын орындайды, тіпті, қажет жағдайда Мемлекет басшысының міндетін уақытша атқарады. Ал вице-президент бұл міндетті атқара алмаса, Құрылтай төрағасына беріледі. Президент қызметінен кетсе, екі айдың ішінде сайлау өтуі тиіс. Бұрынғы Конституцияда президент қызметін босатса, Сенат төрағасы уақытша орнын басатын.
Вице-президентті Құрылтай келісімімен Президенттің өзі тағайындайды және қызметінен алып тастай алады. Ал егер Құрылтай құрамы Вице-президентті тағайындауға келісім бермесе, Мемлекет басшысы Құрылтайды таратуға құқылы.
Вице-президент депутат болып сайлануға, жалақы төленетін қызметке орналасуға, саяси партия құрамында болуға заң бойынша мүлдем құқығы жоқ. Тіпті, кәсіппен де айналысуға болмайды.
Ассамблея мен
Ұлттық Құрылтай
жойылды
Конституцияның күшіне енуіне байланысты бұдан былай Қазақстан Халық Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай дегендер болмайды. Екеуі де өздеріне жүктелген миссияларын аяқтады. Алдағы уақытта олардың міндеттері басқа институтқа жүктеледі. Нақты айтар болсақ, жаңа саяси алаңда халық мүддесін білдіретін жоғары консальтивтік орган құрылады. Ол Қазақстан Халық кеңесі деп аталады.
Конституциялық мәртебеге ие болатын бұл орган 126 адамнан жасақталады. Оның құрамы 42 өкілі бар этномәдени орталықтардан, ірі қоғамдық бірлестіктерден және мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестерден тұрады.
Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды. Аталған құрылым міндеттері бойынша заң жобаларын ұсына алады, референдум бастамасын көтеруге ықпалы жетеді және ұлттық бірлік мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейді.
Президент
өкілеттіктері артты
Жаңа Конституцияның тағы бір айрықша тұсы – Президент институтының ықпалын күшейту. Заң бойынша Мемлекет басшысының өкілеттігі кеңейіп, енді ол бірқатар маңызды лауазымдарды тікелей тағайындай алады. Ата Заңда Президенттің осындай маңызды мәртебесі айқындалған. Атап айтар болсақ, Мемлекет басшысы Бас прокурорды, Конституциялық соттың төрағасын, Жоғарғы сот төрағасын, Ұлттық банктің басшысын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындауға құқығы бар.
Мемлекеттік қызметтегі
жаңашылдық
Ел Президенті 19 мамырда қол қойған «Мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң 1 шілдеден бастап қолданысқа енді. Заңдағы басты өзгерістің бірі — ең алдымен, ол кәсіби, ашық әрі азаматтардың мүддесіне бағдарланған мемлекеттік қызметті қалыптастыруға бағытталған. Заңда ашықтық қағидатына ерекше назар аударылған. Мемлекеттік қызметшілер өз құзыреті шегінде азаматтар мен ұйымдардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.
Осы аталған құжат аясында алғаш рет «мемлекеттік қызметшінің мінсіз беделі» ұғымы енгізілді. Ол қызметшінің кәсіби, адамгершілік және жеке қасиеттерінің жиынтығын қамтып, мемлекеттік қызметке кіру мен оны атқаруға қойылатын талаптарды нақтылайды.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметшінің еңбек жағдайларына қатысты да бірқатар өзгерістер нақтыланған. Мемлекеттік қызметшілерге толық емес жұмыс уақыты режимін қолдану мүмкіндігі беріліп, икемді жұмыс кестесін енгізуге құқықтық негіз жасалды. Әлеуметтік кепілдіктер де айтарлықтай кеңейтілді. Бұрынғы 30 күнтізбелік күндік жыл сайынғы еңбек демалысына қосымша, мемлекеттік қызмет өтілі 10 жылдан асқан қызметшілерге еңбек өтіліне қарай 3-тен 10 күнге дейін қосымша демалыс беріледі. Одан бөлек неке қию, бала туу, бала асырап алу, жақын туыстарының қайтыс болуы сияқты жағдайларда 10 күнге дейін қысқа мерзімді ақылы демалыс алуға құқықтары бар.
Құрылыс барысы
бақылауда болады
Конституция қолданысқа енгізілгеннен бастап, яғни 1 шілдеден жаңа Құрылыс кодексі де күшіне енді. Бұл құжат құрылыс сапасын арттыруға, мемлекеттік бақылауды күшейтуге және қауіпсіздік талаптарын жаңартуға бағытталып отыр.
Енді барлық қала құрылысы жобалары, оның ішінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары міндетті сараптамадан өтеді. Мұндай жобаларға өзгеріс екі жылда бір реттен жиі енгізілмейді. Сондай-ақ әрбір құрылыс нысанына бірегей сәйкестендіру нөмірі беріледі. Құрылыстың жүзеге асырылуы мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған жүйесі арқылы бақыланады. Кодексте сейсмикалық қауіпсіздікке ерекше назар аударылған. Сейсмикалық тәуекелдерді бағалау, заманауи қорғаныс технологияларын пайдалану және қауіпті аймақтардағы құрылыс талаптарын күшейту көзделген.
Қалақұрылысының
ережелері өзгерді
Ата Заң аясындағы тағы бір айта кетерлік жаңалықтың бірі – 1 шілдеден бастап бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеудің жаңа тәртіп бойынша күшіне енуі.
Бұдан былай бас жоспарларды әзірлеу мен түзету тек жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Ал кейбір егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының шығынын инвестор өз мойнына ала алады.
Қоғамдық талқылауларға да жаңа талаптар енгізілді. Жергілікті атқарушы органдар арнайы интернет-бөлім ашып, ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, ашық кездесулер өткізуге міндетті. Талқылауға кемінде 50 адам қатысса, ол өткен болып есептеледі. Сонымен қатар жобаларды әзірлеу кезінде елді мекендердің дизайн-коды, сәулеттік келбеті, ғимараттардың қабаттылығы мен түсі, сондай-ақ сел, көшкін және сейсмикалық қауіптер ескеріледі.
Орыс тілі қазақ тілімен
тең емес, қатар
Алдағы уақытта жаңа Конституцияның 9-бабына сәйкес қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданады.
Ал мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады.
Айта кетейік, бұрынғы Ата Заңның алғашқы нұсқасында: «орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған еді. Бұл қоғамда қарсылыққа ұшыраған соң, конституциялық кеңес «тең» сөзін «қатарға» өзгертті.
Неке және отбасы
құқықтары өзгерді
2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген Конституцияға неке институтын нығайту, ата-ананың жауапкершілігін күшейту және баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге арналған жаңа нормалар енгізілді.
Бұл өзгерістер отбасы институтын сақтап, оның құндылығын арттыруға, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған.
Жаңа Ата Заңдағы 30-бапта былай жазылған:
1. Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады.
2. Неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы.
3. Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру – ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi.
4. Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.
Заңға өзгерістер енгізу тәртібі,
жаңа ұғымдар
Енді Конституцияға өзгерістер тек қана республикалық референдум арқылы енгізіледі. Бұл оның құқықтық күшін күшейтеді.
Сондай-ақ Ата Заңда жаңа ұғымдар пайда болды. Басты құжаттың кіріспе бөліміңде «Әділетті Қазақстан», «Заң және тәртіп» деп аталатын түсініктер енгізілді. Одан бөлек азаматтың құқықтарына бағытталған адамға орталықтандырылған тәсіл бекітілді.
Құқық қорғау қағидасы
нақтыланды
Жаңа Конституцияның күшіне енуі құқықтық қағидатты айшықтай түсті. Қолданысқа енген Ата Заң адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін, құқық үстемдігін және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін нығайта отырып, еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашып отыр.
Конституциялық реформаның негізгі бағыттарының бірі – адам құқықтарын қорғауды одан әрі күшейту. Сонымен қатар жеке бас бостандығы мен әділ сот төрелігінің кепілдіктерін нығайтуға ықпал етеді. Оның мән-мағынасын Бас Прокуратура мәлімдеді.
– Конституцияның 18-бабында әрбір адамға ұсталған кезде оның бостандығын шектеудің негіздері мен құқықтарын түсіндіру міндетінің бекітілуі маңызды жаңа өзгерістердің бірі болды. Бұл ұсталған сәттен бастап адамға оның бостандығын шектеудің себептері, үндемеуге құқығы, қорғаушының көмегіне жүгіну және ұсталғаны туралы жақын туыстарына хабарлау құқығы түсіндірілуге тиіс дегенді білдіреді. Мазмұны жағынан бұл конституциялық кепілдік, халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын Миранда қағидаларына сәйкес келеді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Ал бұл норманың Конституциялық тұрғыда күшіне енуі адамның бостандығы шектелген алғашқы сәттен бастап оның себептерін біліп, өзінің процестік құқықтарын түсінуіне және уақтылы заң көмегін пайдалануына мүмкіндік береді.
Бұл нормалар құқықтарды негізсіз шектеуден қорғаудың қосымша кепілдіктерін қамтамасыз етіп, іс жүргізудіңең бастапқы кезеңінен бастап қорғану құқығын тиімді жүзеге асыруға жағдай жасайды әрі әділ сот төрелігі қағидаттарының сақталуына ықпал ететіні анық.
Тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға заңмен
тыйым салынады
Ата Заңда пәтер иелерінің құқықтары да назарға алынған. Жаңа Конституцияда айқын жазылғандай, тұрғын үйге қатысты маңызды әлеуметтік-құқықтық кепілдік нақты бекітілді.
Нақты айтар болсақ, жаңа Ата Заңның 28-бабы 1-тармағында тұрғын үйден айыруға және одан шығарып жіберуге сот шешімінсіз жол берілмейтіні анық жазылды. 28 баптың мәтіні төмендегідей:
1. Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға және шығарып жіберуге жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны қарап-тексеруге, тiнтуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртiппен жол берiледi.
2. Қазақстан Республикасында өз азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Тұрғын үй соған мұқтаж азаматтардың заңда көрсетiлген санаттарына заңда белгіленген нормаларға сәйкес берiледi.
Дін мемлекеттен
бөлек
1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда діннің мемлекеттен бөлек екені айқындалып, заң жүзінде бекітілді.
Енді Ата Заңға байланысты елдегі барлық діни ұйымның қызметі заңмен реттеліп, конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау, адам құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету, ұлттық қауіпсіздікті сақтау, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығын және қоғамдағы адамгершілік қағидаттарды қорғау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін.
Ал аталған заң нормасы маңызды шешім екені жайлы жақында ғана лауазымды қызметке тағайындалған Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин пікір білдірді.
− Жаңа редакциядағы Конституцияның 5-бабында «Дін мемлекеттен бөлек» деп анық жазылған. 30-бапқа «Рухани-діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының ұйымдары мен мекемелерінде білім мен тәрибе беру жүйесі зайырлық сипатқа ие» деген жаңа норма қосылып отыр. Мұның барлығы мазмұны жағынан да, мағына жағынан да өте маңызды шешім, – деп нақтылаған еді Ерлан Тынымбайұлы.
Сөз бостандығы
Бұрын қолданыста болған Конституцияның мәтінінде: «Сөз және шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады», – деп жазылған.
Одан бөлек әр азамат заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсіл арқылы ақпаратты еркін алуға және таратуға құқылы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтердің тізбесі заңмен айқындалады.
Сонымен қатар бұрынғы Ата Заңда зорлық-зомбылыққа немесе соғысқа шақыруға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, нәсілдік, ұлттық, діни және өзге де белгілер бойынша араздықты қоздыруға, қатыгездікті насихаттауға тыйым салынған.
Ал күшіне енген жаңа Конституцияда бұл баптың тұжырымы өзгеріске ұшыраған. Онда «Сөз бостандығына, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі», – деп көрсетіліп, оған жаңа тармақ қосылған. Оның мәтіні мынадай: «Сөз бостандығы мен ақпарат тарату басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығына және қоғамның имандылық қағидаларына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс».
Ал цензураға қатысты тыйым салатын норма өзгеріссіз қалды. Тек тыйым салынатын насихат түрлерінің тізімі кеңейтілген. Енді жаңа Ата Заңға сәйкес төмендегі жайттарға жол берілмейді:
– конституциялық құрылыстың негіздерін күшпен өзгертуге;
– Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығына, егемендігі мен тәуелсіздігіне қол сұғуға;
– қоғамдық тәртіпті бұзуға;
– ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге;
– соғыс пен қарулы қақтығыстарды насихаттауға;
– әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этностық немесе діни үстемдікті дәріптеуге;
– араздықты қоздыруға;
– қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттауға;
– осындай әрекеттерге арандатуға және оларды жасауға үндейтін шақыруларға жол берілмейді.
Шетелден қаржыландыруға қойылатын талаптар күшейді
Қазіргі таңда Қазақстанда саяси партиялар мен кәсіподақтарды шетелдік мемлекеттердің, ұйымдардың және азаматтардың қаржыландыруына тыйым салынған.
Күшіне енген жаңа Конституцияда бұл шектеулердің саны артты.
Атап айтқанда, шетелдік компанияларға, шетелдік капиталы бар кәсіпорындарға және азаматтығы жоқ адамдарға да саяси партиялар мен кәсіподақтарды қаржыландыруға тыйым салынады. Сонымен бірге коммерциялық емес ұйымдар шетелден алатын қаражат пен өзге де мүлік туралы ақпаратты ашық жариялап отыруға міндеттеледі.
Бұл талап шетелдік мемлекеттерден, халықаралық ұйымдардан, компаниялардан, азаматтардан және азаматтығы жоқ адамдардан алынған барлық қаржы мен активтерге қатысты болады.
Жоғарыда атап өткен заң нормаларының бәрі жаңа Конституция күшіне енген сәттен, яғни 1 шілдеден бастап қолданысқа енді. Ата Заңдағы айшықты ұйғарымдар Қазақстанның саяси жүйесін жақсы жағынан өзгертуді мақсат етеді. Реформалардың жаңартылуы ел болашағын жарқын жаққа бастайды деген сенімдеміз.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Конституциясы ең алғаш рет 1993 жылы 28 қаңтарда, одан кейін 1995 жылы 30 тамызда қабылданған еді.
Қазіргі жаңа Конституция 2026 жылы 15 наурызда республикалық референдум нәтижесінде қабылданды. Осыған сәйкес еліміз бойынша 15 наурыз Конституция күні болып бекітілді. Ата Заң 11 бөлімнен 98 баптан тұрады.
Дидар Мәлікұлы.

