Кейінгі жылдары қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында мемлекет тарапынан ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Осы орайда, Қарасай ауданында өмірлік қиын жағдайға тап болған және тұрмыстық жанжалдардан зардап шеккен шаңырақтарға ерекше қолдау көрсетіліп келеді. Дәл осындай жан-жақты көмекке зәру отбасылардың бірі қазіргі уақытта Шамалған ауылдық округінде тұрады.
Осыдан 9 ай бұрын аудандық Отбасын қолдау орталығы алты кәмелетке толмаған бала тәрбиелеп отырған бұл жанұяны өз есебіне алған болатын. Содан бері орталық мамандары отбасы мүшелеріне қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп, ересектерді тұрақты жұмысқа орналастыру сияқты маңызды әлеуметтік қолдауды жүйелі түрде көрсетіп келеді. Мұндай кешенді көмек қиындыққа тап болған шаңырақтың аяқтан тік тұрып, қалыпты өмірге оралуына үлкен септігін тигізуде.
Бүгінде Шамалған ауылында жалдамалы үйде тұрып жатқан көпбалалы ана ұзақ жылдар бойы азаматтық некеде болған жолдасынан қорлық пен зорлық көріп келген. Тұрмыстық тауқыметке шыдамаған ол ақыры күйеуімен ажырасып, қазіргі уақытта 8 баласын (оның алтауы кәмелетке толмаған) жалғыз өзі бағып-қағуда. Алайда кейінгі уақытта безбүйрек әке отбасына қайта оралып, ана мен балалардың мазасын алып, қорқытып-үркітуді жиілеткен. Осыдан кейін шарасыз күй кешкен ана 9 ай бұрын аудандағы мамандандырылған орталыққа жүгініп, араша сұрауға мәжбүр болған. Сол сәттен бастап орталық мамандары өзге де құзырлы органдармен бірлесе отырып, бұл отбасына құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қолдау көрсетуді қолға алды.
Нақтырақ айтқанда, жергілікті әкімдікпен бірлескен жұмыстың нәтижесінде А. есімді азаматшаға аз қамтылған отбасыларға берілетін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау үшін қажетті құжаттар толық жинақталып, тіркеу процесі жүргізілуде. Сондай-ақ 8 баланың анасының құжаттары «Алтын алқа» алуға да тапсырылды.
Мұнымен қоса, балалардың денсаулығы мен білімі де назардан тыс қалмады. Аудандық аурухана қызметкерлерінің қолдауымен мектеп жасындағы балалардың оқу процесіне қажетті медициналық анықтамалары мен құжаттары әзірленуде. Ал ең бастысы, ана мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, мазаны қашырған бұрынғы күйеуінің үстінен заңды түрде арыз түсірілді. Қазіргі уақытта оны отбасы мүшелеріне жақындатпау және заң аясында шара қолдану бойынша тиісті құқықтық жұмыстар атқарылып жатыр.
– Біз бұл отбасымен жұмыс істеп келе жатқанымызға шамамен 9 ай болды. Бастапқы кезеңде азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен егжей-тегжейлі танысу үшін тұрғылықты жері бойынша көшпелі тексеру жүргіздік. Алғашқы кездесулер мен сенімді әңгімелесулер барысында біз негізгі сұраныстарды анықтап, отбасы мүшелерінің нақты қандай қолдауға мұқтаж екенін біле алдық.
Бүгінгі таңда біз шұғыл шаралардан жоспарлы жұмысқа көштік және серіктес мекемелермен бірлесе отырып, отбасына жан-жақты кешенді көмек көрсетудеміз. Біздің басты міндетіміз – дағдарыс белгілерін уақытша ғана басу емес, адамдарға қиын өмірлік жағдайды жүйелі түрде еңсеруге көмектесу. Біз ұзақ мерзімді өзгерістер үшін берік негіз қалауға тырысамыз: әл-ауқат деңгейін арттыру, отбасының әрбір мүшесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түптеп келгенде олардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсарту.
Мұндай нәтижелерге жалғыз қол жеткізу мүмкін емес, сондықтан мен орталық аудандық аурухананың басшылығы мен ұжымына, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ округ әкімі аппаратына айрықша алғысымды білдіргім келеді. Аталған мекемелерді жедел жәрдемдері, бей-жай қарамаулары мен осы отбасының мәселелерін шешуге белсенді қатысулары тек бірлесіп, ведомствоаралық өзара іс-қимыл арқылы ғана қиын жағдайға тап болғандарға тиімді көмек көрсете алатынымызды дәлелдейді, – деді аудандық отбасын қолдау орталығының басшысы Елена Константинова.
Аудандық Отбасын қолдау орталығының мәліметіне сүйенсек, есепті кезеңде Орталыққа отбасылық-тұрмыстық жанжалдар мен зорлық-зомбылық мәселелері бойынша 15 өтініш түскен. Шағымдардың барлығы заңнамада белгіленген тәртіппен уақытылы қаралды.
Патрульдік полиция қызметкерлері және Орталық аудандық аурухана мамандарымен бірлесіп 13 ведомствоаралық жедел шығу шарасы ұйымдастырылды. Әрбір оқиға бойынша жағдайға құқықтық және әлеуметтік баға беріліп, кәмелетке толмаған балалардың тұрмыс жағдайы тексерілді. Сонымен қатар отбасыларды алдағы уақытта сүйемелдеу қажеттілігі анықталды.
Орталық психологтары дағдарыстық жағдайға тап болған әйелдер мен балалар үшін 13 жеке кеңес берді. Айта кетерлігі, үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап балаларға арналған арнайы психологиялық сессиялар енгізілді. Бұл сабақтар балалар арасындағы агрессивті мінез-құлықтың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық моделін қалыптастыруға бағытталған.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу аясында жалпы саны 15 алдын алу іс-шарасы өткізілді. Оның ішінде, мамыр айында Ұмтыл және Елтай ауылдық округтерінің Аналар және Ақсақалдар кеңестерімен маңызды кездесулер ұйымдастырылды. Бұл шаралар отбасылық құндылықтарды ұлықтау мен қоғамдағы зорлық-зомбылыққа «мүлдем төзбеушілік» мәдениетін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.
Жедел желі көмегі аясында орталық мамандары құзыретті органдармен бірлесіп, «111» байланыс орталығынан түскен дабылдар бойынша шұғыл түрде оқиға орнына шығады. Қажет болған жағдайда зардап шеккендерді Қонаев қаласындағы дағдарыс орталығына орналастыру жұмыстарын ұйымдастырады. Есепті кезеңде дағдарыс орталығына 33 адам жолданды, оның ішінде 8 әйел және 25 бала бар.
Қазіргі таңда Орталықтың дағдарыстан кейінгі сүйемелдеуінде 32 отбасы тұр. Мұндай қолдау бір жылға дейінгі мерзімге созылады және отбасындағы жағдай толық тұрақталғаннан кейін ғана аяқталады.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Орталық қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдаудың интеграцияланған моделі аясында тиімді ведомствоаралық іс-қимылды қамтамасыз ете алды.
Қосымша ақпарат ретінде айта кетейік, 2024 жылы қабылданған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бағытталған жаңа заңнамалық реформалар өз нәтижесін көрсете бастады. Құқық қорғау органдары мен Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, елімізде ағымдағы жылдың алғашқы айларындағы көрсеткіштер бойынша отбасылық-тұрмыстық саладағы жалпы қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8%-ға қысқарды. Қылмыстық кодекстің Ұрып-соғу бабы бойынша қозғалған істер саны 20,4%-ға азайды (жыл басынан бері 514 іс), сондай-ақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіру көрсеткіші де 4,3%-ға төмендеген.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

