Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы себеп болған «Таза Қазақстан» акциясы Қарасай ауданында дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Әсіресе, «Таза бейсенбі» шарасы аптаның басты жұмыстарының біріне айналған. Күні кеше осы бағытта ауданға қарасты қала мен ауылдық округтерде сенбілік ұйымдастырылды.
Ауқымды экошарадағы басқосудың бірі Райымбек ауылдық округіне қарасты «Анаға құрмет» музейінің аумағындағы «Ұмай ана» саябағында ұйымдастырылды. Аталған сенбілікке Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосов қатысып, тазалық жұмысын бастамас бұрын көпшілікке «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңыздылығын сөз етті.
Саябақ алаңындағы сенбілікке бұл жолы біраз экология жанашырлары жиналды. Олардың ішінде мемлекеттік қызметшілер, белсенді ақсақалдар, ауыл тұрғындары және жастар қауымы бар. Барлығы бір кісідей жұмылып, орталық саябақ пен қоғамдық орындарды қоқыстан тазартты. Сонымен қатар ағаштардың түбін қопсытып, музей аумағында абаттандыру, санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді.
Ал сенбіліктің соңында Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Серікұлы акция аясында туған өлкенің көркеюіне жанашырлық танытып, экологиялық бастамаларға белсене қатысқан бірқатар азаматқа арнайы Алғыс хаттар табыстады.
Жалпы айтар болсақ, дәл осы күні «Таза бейсенбі» шарасына аудан көлемінде әр округте сенбілік ұйымдастырылып, оған 100-ден астам адам қатысты. Бірлесе атқарылған жұмыстың нәтижесінде шамамен 5 тоннадан астам күл-қоқыс жиналды.
Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін Қарасай ауданы бойынша 26 сенбілік ұйымдастырылса, оларға жалпы алғанда 50 мыңнан астап адам қатысқан. Ал шығарылған қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі 797 тоннадан асады. Сондай-ақ жыл басынан бері аудан аумағында 8 355 түп ағаш отырғызылды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

