Жыл сайын оқу жылының қарсаңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін Республикалық тамыз конференциясы биыл да дәстүрлі түрде Астана төрінде ұйымдастырылды.
Пленарлық отырысқа еліміздің әр аймағынан келген педагогтер қатысты. Оның ішінде, әрине, қарасайлық ұстаздардың да бар екенін атап өтуге болады.
Мемлекет басшысы алдымен ұстаздар қауымын конференцияның ашылуымен құттықтады. Ал жиынның биылғы тақырыбы «Адам капиталы, білім, прогресс – халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» деп аталды.
Президент сөз басында мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі, бұл – нағыз ақиқат екенін атап өтіп, ұлы Абайдың қара сөзін тілге тиек ете келе, ұстаздар қауымының еңбегіне баға берді.
– Ұстазды ұлықтаған елдің келешегі жарқын болары айдан анық. Ұлы Абай 38-ші қара сөзінде адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан. Сіздер жас буынға терең білім беріп, саналы, озық ойлы және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Осылайша, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға атсалысып келесіздер.
Биылғы Тамыз конференциясы еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңіне тұспа-тұс келді. Бәріміз бір ел болып, түбегейлі реформаларды ойдағыдай жүзеге асырдық. Наурыз айында өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде жаңа Халық Конституциясы қабылданды. Тұтас қоғам қолдаған Ата заң бірінші шілде күні күшіне енді. Бұл – еліміз үшін маңызы ерекше тарихи оқиға.
Бас құжатта тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілді, яғни адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды. Қазір бүкіл билік жүйесін және қоғамдық институттарды ауқымды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның саяси бастамаларға қадам басып жатқанын түсіндіріп, Құрылтайдың маңыздылығын сөз етті.
– Құрылтай сайлауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Партиялар ұсынған тізімге тәжірибесі мол түрлі мамандық иелерімен қатар, саясатқа жаңадан келген азаматтар да енді. Олардың қатарында қабілетті жастар, соның ішінде Президенттің кадрлық резервінің мүшелері бар. Жаңа буын өкілдері саяси науқанды жандандыра түскені сөзсіз. Халыққа адал қызмет еткісі келетін, жауапкершіліктен тайсалмайтын, жаңашыл адамдардың бәріне бірдей мүмкіндік берілді. Түптеп келгенде, бұл – қалыпты, яғни эволюциялық үдеріс, – деді Қ.Тоқаев.
Соңғы жылдары еліміздегі білім саласының дамуы айқын байқалады. Өйткені сапа мен сандық нәтижелер осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың көрсеткішіне айналған. Бұл жөнінде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы кеңінен түсіндірді.
– Соңғы жеті жылда бұл салаға бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 триллион теңгеге жетті. Кейінгі бес жылдың ішінде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынды. 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңартылды. Білім ошақтарында 7 мыңнан астам заманауи үлгідегі пән кабинеттері жасақталды.
Өздеріңізге мәлім, осыдан екі жыл бұрын менің тікелей тапсырмаммен «Келешек мектептері» жобасы бастау алды. Осы жоба аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынды. Заманауи мектептердің жаңа стандарты пайда болды десек, артық болмайды. Алайда, біз әрбір өңірде, соның ішінде мектептерге сұраныс бар аудандарда сапалы оқу орындарының құрылысын міндетті түрде жалғастырамыз. Бұл – алдымызда тұрған мемлекеттік маңызға ие аса өзекті міндет. Уақытты созбай жұмысқа кірісуіміз керек, келесі жылы құрылыс барысы қарқынды болуы қажет.
Ұстаздың беделін нығайтып, оларды жан-жақты қолдау үшін белсенді жұмыс атқарылып жатыр. «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Биыл бұл заңға толықтыру енгізіліп, ұстаздарға қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер берілді. 5 қазан күні ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді.
Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл мәртебелі наградамен марапатталған тұлғаларға қомақты сыйақы беріліп жатыр. Қазірдің өзінде 100-ге жуық мұғалім марапатталды. Басқа да лайықты ұстаздар мемлекет назарынан тыс қалмай, осы құрметті атаққа ие болары күмәнсіз. Соңғы үш жылда еліміздегі 3 мұғалімге ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл ұстаздар қауымына деген айрықша құрметтің белгісі екені сөзсіз, – деп атап өтті Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі білім саласын дамыту үшін көп жұмыс атқарылғанын және нақты нәтижелердің бар екенін жеткізді. Атап айтқанда, былтыр 30-дан астам оқушы беделді халықаралық олимпиада мен ғылыми жобаға қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алған. Мәселен, ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерінің саны 10 есе ұлғайды.
Әрине, нәтиже әрдайым көңілді қуантады. Алайда Президентіміз арқаны кеңге салуға әлі ерте, алдымызда көп жұмыс бар, оны тиімді атқаруымыз қажет екенін ескертті. Осы ретте білім беру саласында әлі күнге дейін шешімін таппай отырған біраз түйткіл бар екенін айтып, бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталғанды жөн санады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен оқу-ағарту саласындағы кадр тапшылығын жойып, ұстаздардың біліктілігін көтеру қажет екенін алға тартты.
– Елімізге тағы да 5 мыңнан астам мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келеді. Соңғы жылдары салынып жатқан мектептердің саны да едәуір көп. Осы жағдай педагог мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Бұл мәселе бойынша министрлік тың тәсілдер ұсынуға тиіс.
Сонымен қатар мұғалімдердің біліктілігін көтеру мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Алайда осы саладағы кезекті ауқымды реформаны жасаймыз деп, бүкіл оқу жүйесін қысқа мерзімде түбегейлі өзгертуге болмайды. Әйтпесе, бұрыннан қалған теріс нәтижелер осы аса маңызды саланың тас-талқанын шығарғаны есімізде бар. Осындай сынақтар оқу саласына үлкен зиян әкелді. Тек реформа үшін жай ғана аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді доғару қажет. Басқа сөзбен айтқанда, реформаларды, өзгерістерді, әрине, жүргізу керек, бірақ ондай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшыратпауы керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлы білім саласындағы екінші мәселе ретінде аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты жою қажет екенін ескертті. Осы тұста Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы нәтижелеріне тоқталды.
– Мәселе мынада: облыста білім алып жатқан оқушылардың 75 пайызға жуығы ауылда тұрады. Олардың жан-жақты және қарқынды дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Қажетті инфрақұрылым салып, шалғай елді мекендерге мықты мамандарды тартқан жөн. Бұл – Үкіметтің және әкімдіктердің алдында тұрған жедел міндет, жұмысты жоспарлы түрде тездетіп атқарып, нақты нәтижелерге қол жеткізу қажет. Жалпы, төмен нәтиже көрсеткен барлық аймақтың әкімдері бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек. Үкіметке осы жұмысты тиімді үйлестіруді тапсырамын, – деді Қ.Тоқаев.
Екінші мәселені сөз еткенде Президентіміз алдағы үш жыл ішінде «Келешек мектептері» білім берудің озық тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналу керек екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізуді үшінші мәселе ретінде көтерді.
– Озық технологиялар мен жастардың зияткерлік әлеуеті үйлесім тауып, қазірдің өзінде елеулі экономикалық нәтиже беріп отыр. Жаңа стартаптар ашылып, алғашқы «сыңармүйіз стартаптар» пайда болды. Осы тәжірибені кеңейту үшін білім беруді басты орынға қоятын инновациялық экожүйе құру қажет. Сол себепті Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында саланы басқарудың платформалық үлгісіне көшу басталды. Білім беру базасын жаңғырту қолға алынды. Яғни бүкіл мемлекеттік сервис пен қызмет біріктіріледі. Мұғалімдер уақыт алатын шаруадан арылады. Әсіресе, соңғысы өте маңызды. Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы төртінші және бесінші мәселелерге тоқталғанда балаларды қорғау, олардың жан-жақты дамуы және жалпы тәрбиесіне қатысты сөз етті. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды жетілдіріп, ұлағатты ұрпақ тәрбиесіне аса мән беру керек екенін атап өтті.
Сөз соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саналы бала тәрбиелеу жолында мұғалімдердің еңбектері еселі екенін айрықша атады.
– Қазақ – кез келген сын-қатерді еңсеруге дайын жұрт, келешегіне сеніммен қарап, алға қарай батыл қадам басатын нағыз жеңімпаз ұлт. Өткенге өкпе артып, тарихтағы сәтсіздіктер үшін басқа халықтар мен мемлекеттерді айыптау – болмысымызға мүлдем жат дүние. Біз өскелең ұрпақты осындай кеселден, теріс түсініктен сақтауымыз керек. Бұл тұрғыдан алғанда, оқу-ағарту саласына зор жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан ұстаздарымыз ең алдымен, ойы таза, ниеті түзу, жақсылыққа, жарқын болашаққа деген сенімі зор жігерлі азаматтарды тәрбиелеуге тиіс, – деп айтты Президентіміз.
Осы ретте Мемлекет басшысы елдің көшін отаншыл, білімпаз, еңбекқор адамдар алға бастайтынын жеткізіп, бүгінгі жастарға зор сенім артты.
Ал ұстаздарды саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында білім-білігін аямауды сұрады. Бұл бағытта әлі бірлесе жұмыс атқарылатынын жеткізді.
– Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Біз озық ойлы ұлт қалыптастыру жолында бірлесе еңбек етуіміз керек. Халқымызда «Білім – таусылмас қазына» деген сөз бар. Сапалы білім мен нағыз ғылымға ұмтылсақ, біз барлық мақсатымызға қол жеткіземіз.
Білікті мұғалімдеріміз, дарынды жастарымыз, мызғымас бірлігіміз барда еліміз кез келген белесті бағындырады. Бұған еш күмәнім жоқ. Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Мұғалімнің еңбегі ең жоғары құрметке лайық. Мен бүгін бір топ ұстазды жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Баршаңызға құтты болсын деймін! Қызметтеріңізге табыс тілеймін. Жаңа оқу жылы жемісті болсын, – деп Президент сөзін аяқтады.
Ал конференция соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім берудегі талай жетістіктерге жетіп, ел алдында еселі еңбек еткен бірқатар педагогті мемлекеттік наградамен марапаттады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

