Шамалған – Қарасай ауданындағы ең абаттандырылған, жайлы ауылдық округтің бірі. Бүгінде 28 049 адам тұрып жатқан округте өзінің жеке ауруханасы, мәдениет орталықтары, аудандағы ең ірі спорт кешені бар. Сондай-ақ жаңа құрылыстарды санамағанда өзге көшелері асфальтталған, әлеуметтік маңызды нысандар айналасы көгалдандырылған. Оның үстіне округті одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстар әлі де тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Мәселен, Шамалған ауылында орналасқан М.Әуезов атындағы орта мектептің ғимараты айтарлықтай ескірген еді. Осыған байланысты 700-ден астам бала білім алып жүрген оқу ордасы бүгінде күрделі жөндеуден өтуде. Жоспарға сәйкес жаңарған ғимарат ағымдағы жылдың тамыз айында дайын болады. Бұл туралы аудан әкімі Жасұлан Естенов жақында Шамалған ауылында өткен есептік кездесуде мәлімдеді.
Мұнан бөлек жиын кезінде аудан басшысы округтегі жарық жүйесінде орын алатын апатты жағдайларды ретке келтіру мақсатында Шамалған ауылының электр жүйелерін жаңғыртуға қажет жобалау-сметалық құжаттамалары дайын екенін де айтып өтті. Сондай-ақ ағымдағы жылы аталған ауылдағы Шалкөде және Бөгенбай батыр көшелеріне жарық орнату жұмыстары жүргізу жоспарланған.
Қарасай ауданында ірі бизнеспен қатар, шағын және орта кәсіпкерлік те қарқынды даму үстінде. Қазіргі уақытта ауданда 41 мыңнан астам кәсіпкерлік субьектісі бар болса, соның 1944-і Шамалған ауылдық округінде тіркеліп, 3200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Оған қоса инвестиция тарту шаралары аясында бүгінде округте жеке кәсіпкер «Мейрамова» жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайтын сауда орталығының құрылысын бастап, ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін аяқтауды көздеп отыр. Аталған орталық ісін жүргізе бастаса, тағы көптеген тұрғынға жұмыс орны пайда болады.
Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Қонаев» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы үш шамалғандық кәсіпкердің жобасын қолдап, оны дамытуға жалпы 27,2 млн. теңге несие бөлді. Бұл арқылы ісін бастаған ауыл тұрғындарының табысы артып қана қоймай, округтегі бизнес саласы одан әрі дами түсетіні анық.
Әрине, Шамалған ауылдық округінде істелген және әлі де атқарылатын жұмыстар жетерлік. Десе де әкіммен кездесу барысында тұрғындар тарапынан округке қатысты тағы да бірқатар мәселе көтерілді. Мысалы, аталған округтен аудандық мәслихат депутаты болып сайланған Ардақ Бакишев мешітке апаратын жол мәселесін көтерді. Оның айтуынша, Шамалған ауылына кіреберіс жерде халық жиі баратын құлшылық орны орналасқан екен. Алайда оған апаратын жолда асфальт жоқ. Осыған дейін де ол бұл мәселе бойынша аудан әкімінің атына және жол-көлік басқармасына депутаттық сауал жолдап, жауап ала алмаған. Бұған байланысты Жасұлан Тоққожаұлы халық көптеп жүретін жолдың жағдайы дұрыс болуы керек екенін тілге тиек етіп, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанат Шакировке аталған көшеге барып, талдау жасап, жоба дайындап, жоспарға кіргізуді тапсырды.
Келесі сауалды жергілікті қоғамдық кеңесінің төрағасы Ержан Жапаров қойып, ауылдағы ескірген су құбыры мен газ тарифі мәселесін көтерді. Кеңес төрағасының сөзінше, Шамалған ауылының ішіндегі су құбырлары 1976 жылдары салынып, осы уақытта дейін оларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Алдағы уақытта аудан басшылығының жоспары бойынша ауыл жаңа су топтамасына қосылса, ескі құбырлар қысымды көтермей, жарылып кетуі мүмкін. Бұдан бөлек округте газдың тарифі тым жоғары. 2023 жылы мемлекет тарапынан газ тарифін көтеру жоспары жасалған. Соған сәйкес өткен жылы «Сигма-ГАЗ» қойған округтегі тариф 39 теңге болса, биыл 54 теңгеге дейін өскен. Ал шілде айының бірінен бастап тариф 73 теңгеге, 2027 жылы 93 теңгеге дейін өседі деген болжам бар. Мұндай баға ауыл тұрғындары үшін тым қымбат болмақ.
Су мәселесі бойынша аудан әкімі қазіргі таңда ауданда елді мекендерді тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлініп жатқанын айтып өтті. Соның аясында өткен жылы Шамалған ауылындағы Қарасай батыр көшесінде жаңа су ұңғымасы бұрғыланып, пайдалануға берілді, сондай-ақ «Ushqonyr» спорт кешені маңындағы жаңа тұрғын үйлердің қасында ұңғыма бұрғыланып, су мұнарасы орнатылды. Ал бүгінде Шамалған округінде «Қаскелең су топтамасы» атты ауқымды жобаның екінші кезеңін іске асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Жалпы бірқатар округтерде ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары атқарылуда. Ол аяқталған соң кезең-кезеңмен өзге округтерде де дәл осындай жұмыстар жүргізіледі. Ал газ тарифі бойынша аудан әкімі 73 және 93 теңгеге дейін көтеріледі деген нақты ақпарат емес екенін түсіндірді. Яғни бүгінде тарифті монополияға қарсы комитет бақылап отырғандықтан, бағаның өсімі дәлелденбей, компания өз еркімен оны көтере алмайды. Ал комитет ауылдық жерлерде ондай қымбатшылыққа жол бермейді. Десе де аудан басшысы ауылда құралған комиссия мүшелеріне аталған мәселені Алматы облысынан Мәжіліске сайланған депутаттардың назарына жеткізуді ұсынды.
«Сигма-ГАЗ» компаниясының көрсетіп жатқан қызметі бойынша ауылда құрылған комиссия мүшесі, шамалғандық Иран Биржигитов те наразылығын білдірді. Оның айтуынша, аталған компания жаңа үйлерге газды қосу жұмыстарын алдын ала төлемнің 50 пайызын алып алса да, 3-4 айға дейін созып жібереді екен. Бұл, әсіресе, күз айларында халыққа өте көп ыңғайсыздықтар тудырады. Тұрғынның бұл шағымына «Сигма-ГАЗ» ЖШС-нің өкілі жауап беріп, олардың тарапынан ешқандай құқық бұзушылық болмағанын айтты. Тұтынушы мен компания арасында жасалатын келісімшартта көрсетілгендей, газды қосу жұмыстарынын мерзімі – үш ай. Осы уақытқа дейін компанияда мерзімнен кешігу байқалмаған. Барлық жұмыс келісімшартта көрсетілген уақытпен сай жасалады. Аудан әкімі мен жиынға қатысқан ауданның бас прокуроры Аңсаған Жеткергенұлы компания маманының сөзіне құлақ асқанымен, газбен қамтамасыз ететін үш мекеме ішінде тұрғындар тарапынан шағымдар жиі «Сигма-ГАЗ» ЖШС-не түсетінін айтып, «алдағы уақытта жұмыс көрсету сапасын жақсарту керек» деп ескерту жасады.
Осы ауылдың тағы бір тұрғыны Маратбек Сметов Қарасай мешіті мен «Ushqonyr» спорт кешені ортасында салынған жаңа құрылыс халқы атынан сөйлеп, Жасұлан Естеновтен аталған массивке бір аялдама салып беруін сұрады. Бұл мәселені шешуді аудан басшысы аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанат Шакировке тапсырды.
Бұдан бөлек кездесу кезінде ауыл тұрғыны Шамалғанда эндокринолог маманының жоқтығына шағымданды. Аталған азаматша 2021 жылдан бері қант диабетімен аурухана есебінде тіркеліп тұр. Алайда ауылда эндокринолог жоқ болғандықтан, тексерістен уақытылы өте алмай, қараша айынан бері қажет дәрілеріне қолжеткізу мүмкін болмаған. Тұрғынның бұл шағымына ауданның бас дәрігері Бауыржан Сатыбалды жауап беріп, жалпы эндокринолог жоғары мамандандырылған маман болғандықтан, әр округке бір-бір адамнан отырғызу мүмкін емес екенін түсіндірді. Десе де ол аталған маманның жоспарына аптасына бір рет Шамалған ауылына келіп, қабылдау өткізуді енгізетінін жеткізді. Әзірге шешім осындай болмақ.
Округке байланысты жаңалықтар талқыланған жиында округ аумағында орналасқан саяжай тұрғындары тарапынан елді мекен аумағына кіргізу туралы мәселе де көтерілді. Аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы бұл бойынша өзі жауап беріп, Қарасай ауданында 200-дей саяжай бар болса, соның 65-і елді мекен кұрамына енгізіліп, қазіргі уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамай, жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сондықтан барлық саяжайлар алдағы уақытта кезең-кезеңімен кіргізілетін болады. Тек ол үшін уақыт және тұрғындар тарапынан түсіністік қажет.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

