Аудан әкімі Жасұлан Естеновтің кезекті халық алдыңда есеп беру жиыны Жандосов ауылдық округінде өтті. Күн тәртібіне сәйкес аудан басшысы өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен алдағы жылдың міндеттеріне кеңінен тоқталды. Кездесуге аудан басшысымен бірге аудан прокуроры Аңсаған Данағұл, құқық қорғау органдары мен тиісті бөлім басшылары, округ белсенділері мен тұрғындары қатысты.
Регламентке сәйкес Жасұлан Тоққожаұлы алдымен өз баяндамасын оқып, 2025 жылда Жандосов ауылдық округі бойынша атқарылған жұмыстарды сөз етіп, алдағы жоспарлы міндеттер туралы кеңінен ақпарат берді.
Жандосов, Қайрат және Шалқар ауылдары кіретін ауылдық округте бүгінгі таңда 14 280 адам тұрып жатыр. Мұнда 150-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, аудан экономикасына үлес қосып отырған үш ірі кәсіпорын бар. Оған қоса инвестициялық жоба ретінде округке қарасты Қайрат ауылында 12,9 га аумақта «SULU TAU» мәдени-ойын-сауық демалыс кешенінің құрылыс жұмыстары жүзеге асырылуда. Біраз тұрғынды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін жобаның толық аяқталуы ағымдағы жылдың соңына жоспарланған.
Одан бөлек осы уақытқа дейін Жандосов ауылдық округіне жеке Мәдениет үйін салу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылған еді. Нәтижесінде бүгінгі күні нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) дайындалып, құрылыс жұмыстарына қажет қаражат үшін облысқа бюджеттік өтінім тапсырылды. Сонымен қатар Жандосов ауылындағы орталық кітапхананың ғимаратына жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізу үшін Жандосовтағы Темірбеков көшесінде Street Workout алаңы салынып, қолданысқа берілсе, биылғы жылы Шалқар ауылының Сейфуллин көшесінде шағын футбол алаңын салу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары маусым айында басталуы қажет. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жандосов ауылдық округі бойынша 19 көшенің 13,2 шақырымына орташа жөндеу жұмыстыры жүргізілді.
Аудан басшысы осы және өзге де Жандосов ауылдық округі бойынша атқарылатын жұмыстар жайында кеңінен ақпарат беріп өткен соң, кездесуге келген тұрғындар тарапынан алғыс айтылып, бірқатар мәселелер көтерілді.
Алғашқы сұрақты Жандосов ауылынан келген тұрғын қойып, өзі тұрып жатқан жақтағы көшелерде жарық жиі өшіп қалатынын, округте газды қостыру бағасы 530 мың теңгеге дейін қымбаттап кеткенін айтып, осы мәселелерді ретке келтіріп беруін сұрады.
Жарық мәселесі бойынша Қарасай аудандық электр торабы басшысының сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта Жандосов ауылында электр қуаты бір желімен қамтамасыз етілетіндіктен, кернеу пайда болған. Жылдың басынан бері ауылда төрт апаттық, үш жоспарлы жарық сөндіру орын алған. Осыған байланысты жаз айларында өзіндік тректі оқшауланған сымдарды ауыстыру, Қаскелең қаласы арқылы желіні екі бөлу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осы арқылы кернеу азаятын болады. Бұған қоса келер жылы Ұлттық жоба арқылы ауылдың арасындағы 0,4 кв желілерді жаңарту жұмыстарын жүргізу де жоспарда бар. Ағымдағы жылы осы бойынша жобалау-сметалық құжаттама дайындалады.
Газ бойынша округті қамтамасыз етіп отырған «Сигма-ГАЗ» ЖШС өкілі жауап берді. Айтуынша, энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес әр жылы шілде айының бірі күні баға өсіп отырады. Соған байланысты компания тарапынан газды қосу құны 530 мың теңгеге көтерілген. Бұл бағаны монополияға қарсы комитеті де мақұлдаған.
Ал ауылдың зейнеткері Болат Рысқұлбеков ауыз су мәселесін көтерді. Судың жағдайы бойынша Жасұлан Тоққожаұлы қазіргі уақытта сонау 2004 жылы басталған «Қаскелең су топтамасы» жобасының екінші кезеңі іске асырылып, соның аясында Су ресурстары комитеті ауданымызда магистральдық құбырларды жүргізуді аяқтап, оны тиісті облыстық басқарманың балансына өткізу жұмыстарын атқарып жатқанын жеткізді. Осы жұмыстар шешілген соң, аудан облыспен келісімшартқа отырып, суды сол орталық магистраль арқылы сатып алып, жобадағы округтерге жіберіледі. Әрине, оның ішінде Жандосов та бар. Жаңа тариф келісімшарт жасалғаннан кейін белгілі болады. Ал Шалқар ауылында қазір жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде өзінің жеке су құдығы мен су құбыры болады. Осылайша аталған округтегі ауыз су мәселесі шешіледі.
Мұнан бөлек Шалқар ауылынан келген тұрғын округ халқы аса қажет етіп отырған медициналық орталықтың жоқтығы жайлы сөз етті. Бұл сауалға да аудан әкімі жауап беріп, өз баяндамасында айтып өткендей, қазіргі уақытта Шалқар ауылында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысына қажет болып табылатын жобалау-сметалық құжаттама да, жер телімі де бар. Облыстық басқармаға бюджеттік өтінім жіберілген. Соның шешімі күтілуде. Алда облыста өтетін мәслихат сессия барысында ауданымыздың депутаттары осы мәселені тағы бір мәрте көтеретін болады. Егер де қаражаттық қолдау берілсе, жергілікті әкімдік дәрігерлік амбулаторияның құрылысын, тіпті, ағымдағы жылы бастауға дайын.
Бұл жиында, сондай-ақ Жандосов ауылының тұрғыны Мария Жарболқызы қоғамдық көлік мәселесін көтерді. Оның сөзінше, округ халқы жүретін № 2 автобус үлкен трассаның бойындағы Қайрат деген фермаға дейін келіп, 500 метрдей жерде тұрған Жандосов ауылына жетпей, бұрылып кетеді екен. Бұл ауылдың оқушылары мен егде жастағы кісілер үшін ыңғайсыздық тудыруда. Жасұлан Естенов аталған мәселе бойынша аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанат Шакировке аталған көшеге талдау жасап, № 2 автобустын маршрутына қосымша аялдама қосуды тапсырды.
Тағы бір тұрғын округте қоқысты жинайтын «Жаде» ЖШС-нің жұмыс сапасына шағымданды. Осы уақытқа дейін тұрғындардың өз кестесі бар болған, соған сай бұрынғы компания қызметкерлері келіп, аптасына 2 рет шығарылған қоқысты жинап, алып кетіп жүрген. Олардың тарапынан кешігу, қоқысты алмау сияқты кемшіліктер байқалмаған. Алайда бұл жұмыс «Жаде» компаниясына берілгелі соңғы бірнеше айда ауылда қоқыс жинау жұмыстары қалай болса солай жүргізілуде. Ақыры бұған округ әкімдігінің қызметкерлері араласып, бүгінде арасында келіп, тұрғындардың қоқысын жинауға мәжбүр болып жүр. Аудан әкімі өзге округтерде де өткен кездесу кезінде «Жаде» ЖШС-не халық тарапынан шағымдар айтылғандықтан, қазіргі уақытта қайта конкурс өткізіп, өзге компанияларды тарту туралы мәселе қарастырылып жатқанын жеткізді.
Кездесу соңында ақсақалдар ауыл халқының атынан аудан басшысының атқарып жатқан істеріне ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

