«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында күні кеше Қарасай жерінде аптаның дәстүрлі басқосуына айналған «Таза бейсенбі» шарасы ұйымдастырылды. Игі іске қала мен ауылдық округ аумағындағы мемлекеттік және жекеменшік мекеменің өкілдері, жергілікті кәсіпкерлер, жастар қауымы және басқа да белсенді тұрғындар атсалысып, аудан аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Ауқымды ұйымдастырылған сенбіліктердің бірі Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылындағы орта мектептің аумағында өтті. Оған Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосов қатысып, республикалық экошараның маңыздылығы жайлы сөз етті.
– Кезекті «Таза бейсенбі» акциясы аясындағы жұмысымызды Іргелі ауылындағы мектеп ауласын тазалауға бағыттаудың өз маңызы бар. Білім ошағы – тек қана балаларға білім беретін орын емес, олардың дүниетанымы қалыптасатын қасиетті орындардың бірі. Сондықтан мектеп айналасын тазалай отырып, біз балаларға тәлім-тәрбие беріп, олардың болашағына деген көзқарасын қалыптастырамыз деген ойдамын. Осындай қарапайым еңбектің артында үлкен мән-мағына бар. Біз тек қоқыс тазалап жатқан жоқпыз, біз айналаға, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті қалыптастырудамыз, – деді аудан әкімінің орынбасары Азамат Серікұлы.
Сенбілік барысында жиналған көпшіліктің көмегімен мектептің айналасы қоқыстан тазартылып, айнала реттелді. Мұндай игі іске атсалысушылар бір жағынан оқушыларға экологиялық мәдениет қалай болатынын байқатып, өнегелік істі көрсете білді.
Айта кетейік, аталған «Таза бейсенбі» шарасы аясында ауданның барлық аумағында бір күнде сенбіліктер ұйымдастырылды. Мекеме қызметкерлері өздеріне тиесілі аумақты тазартып, игі іске ұжым болып атсалысты.
Өз тілшіміз.

