Жолдың жаңаруы – жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін маңызды бастамалардың бірі. Тасжолдың келбеті жаңара түссе, инфрақұрылымның дамуына әсер ететіні анық. Ал бұл бағытта Қарасай ауданында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Тұрғындардың талап-тілегі мен ауданның әлеуетін жақсарту мақсатында жолдардың жөнделуі мен жаңа көшелердің жаңаруы жақсарып келеді.
Бүгінгі таңда Қарасай ауданы бойынша автомобильдер жолдарының жалпы ұзындығы 1439 шақырымды құрайды. Оның 71-і – республикалық, 253-і – облыстық, 1115 км – аудандық маңызы бар деп есептеледі.
Қарасай ауданының жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, осы жылы ауданның 27 елді мекенінде жалпы ұзындығы 63 шақырымды құрайтын 94 көшені жөндеу үшін тиісті қаражат бөлінген.
Ал бүгінгі таңда Қаскелең қаласындағы жалпы ұзындығы 7,8 шақырым болатын 16 көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары соңына жетті, орташа жөндеу бойынша 63 шақырымға жоспарланған жұмыстың 41 шақырымы аяқталды, яғни ол 52 көшені қамтиды.
Сонымен қатар Қаскелең қаласы мен Жібек жолы, Әйтей, Қырғауылды ауылдарында жалпы алғанда 11 көшенің жолдары маршруттық тәсілмен жөнделуде.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, ағымдағы жылы 32 шақырым жолға арнайы жолақтар сызылды. 6000 шаршы метр шұңқырлы жөндеу жұмыстары атқарылса, 175 жол белгісі мен 18 жасанды жол кедергілері орнатылды.
Одан бөлек айрықша атап өтер жаңалықтың бірі – аудан аумағына қарасты «Алматы-Бішкек» автожолының 19-27 шақырымы аралығындағы жолдың кеңейтілуі. Президент тапсырмасымен жеделдетілген бұл жұмыс осы жылдың 20 шілдесінде басталған болатын. Ал аяқталуы 2027 жылдың соңына қарай жоспарлануда.
Айта кетейік, алдағы уақытта аудан көлемінде тағы біраз көшені жөндеу жоспарлануда. Оған тиісті қаражат бөлу мен неше шақырым жолды ретке келтіру барысы қазіргі уақытта талқылануда.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

