Жылда дәстүрлі түрде елімізде жаңа оқу жылының қарсаңында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына қолдау көрсететуге бағытталған «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы бастау алатыны белгілі. Бұл игі бастама ағымдағы жылы да «Балаларға бірге көмек берейік!» деген ұранмен өз жалғасын табуда. Оның аясында Қарасай ауданында көптеген ауқымды шаралар ұйымдастырылып, жақсы жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Сондай шаралардың бірі жақында орталық кітапхананың оқу залында аудандық кәсіподақ ұйымының ұйытқы болуымен өтті.
Игі іске арналған жиынды ұйым төрағасы Сағындық Жылқыбаев ашып, жиналған балалар мен ата-аналарды келе жеткен Білім күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде оқушыларға сапалы білім алып, елдің болашақ білікті азаматтары болуды тіледі. Мемлекеттің басты басымдықтарының бірі – бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ тәрбиелеу екенін атап өтіп, бұл жолғы шараның басты мақсаты да осы ұстанымды қолдау екенін жеткізді. Сондай-ақ кәсіподақ ұйымының «Мектепке жол» акциясын жыл сайын тұрақты түрде өткізіп, көмекке мұқтаж қарасайлық отбасыларға демеу болып келе жатқанын тілге тиек етті.
Шара барысында әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардан шыққан 31 балаға мектепке қажетті құралдары бар сөмкелер табысталды. Оның ішіне оқушы күнделігі, дәптерлер, қаламдар, бояулар, еңбек сабағына арналған құралдар мен су құйғыштар сияқты барлық керек-жарақтар толығымен салынған.
Жиын соңында ата-аналар балаларына қуаныш сыйлап, демеушілік көрсеткен Сағындық Жұмабайұлына және аудандық кәсіподақ ұжымына өздерінің ақжарма алғыстарын білдірді.
Еске сала кетейік, осы шараға мұрындық болған «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы еліміздің барлық өңірлерінде ағымдағы жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйек аралығында өтетін болады. Десе де қарасайлық жомарт жандар қолдауға мұқтаж балаларға аталған шара аясында жыл бойы көмек көрсетіп келеді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

