Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтің округтер бойынша ІІ жартыжылдықтағы кезекті есептік кездесуі жалғасуда. Осы аптаның сейсенбісі күні аудан басшысы Елтай ауылдық округінің халқымен жүздесті. Жиынға келген елді мекеннің тұрғындары өз ауылдарының ахуалына қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Кездесу барысында аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы жергілікті халыққа Қарасай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндап, алда атқарылатын шаруалардың ретін түсіндірді. Оның ішінде, әрине, Елтай ауылдық округінің ахуалын жақсартуға қатысты жұмыстар да бар.
Бүгінде Елтай ауылдық округінің халқы 27 мыңға жуықтаған. Округ аумағына Береке, Елтай, Қаратөбе, Исаев, Ақсенгір, Көкөзек, Көктоған, Жармұхамбет, 71 разъезд сияқты ауылдар мен 10 саяжай кіреді.
Елтай ауылдық округі – аудандағы өндіріс орындарының орналасуымен ерекшеленетін елді мекендердің бірі. Мәселен, Қарасай жерінде 19 ірі және орта кәсіпорын жұмыс істесе, соның ішіндегі 7-уі Елтайда орналасқан стратегиялық маңызы бар жүйе құраушы болып табылады. Олар – «RG BRANDS Kazakhstan», «Coca-Cola Almaty Bottlers», «Pladis Kazakhstan» (Бұрынғы «Хамле Компани»), «Asia Agro Food», «Efes Kazakhstan», «Kagazy Recycling», «Kelun-Kazpharm» компаниялары.
Сонымен қатар округ аумағында қазіргі уақытта бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында «Focus Aksengir», «Jiang nan Kazakhstan» серіктестіктері мен «MP Solutions-2» сияқты логистикалық кешендерді айрықша атап өтуге болады. Әрбірі 500-ден бастап 2500 мыңға дейін жұмыс орнын ұсынуға дайын.
Елтай ауылдық округінде елді алаңдатқан жайттың бірі – ауызсудың тапшылығы. Осы жағдайды біржақты реттеу үшін қазіргі таңда ауқымды жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, жалпы ауданға қарасты елді мекендерді үздіксіз сумен қамтамасыз ету қолға алынған. Оның ішінде аталған округтің құрамына кіретін бірнеше ауыл бар.
Округ халқын алаңдатқан тағы бір мәселе – энергияның жетіспеушілігі. Өндіріс орындары көп орналасқан мекен болғандықтан, бұл мәселенің өзекті болып келе жатқанына біраз болды. Алайда түйіткілді жайттың шешімі қарастырылып, алдағы уақытта кешенді жұмыстар атқарылу көзделуде.
Жалпы айтар болсақ, округ аумағында жоғарыда атап өткенде басқа да нәтижелі істер жүзеге асу жоспарлануда. Осының бәрін аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы жиынға қатысушыларға кеңінен мағлұмат берді. Одан кейін, әдеттегідей, халықты алаңдатқан мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.
Көтерілген мәселелердің ішінде ең өзектісі – Елтай, Қаратөбе, Жармұхамбет ауылдарындағы су жүйесі. Елді мекеннің тұрғындары осы жайында аудан әкіміне уәждерін айтты. Ал аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы өз сөзінде бүгінгі таңда ауданға қарасты ауылдарды үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету үшін біраз жұмыстар атқарылуда екенін жеткізді. Соның ішінде биыл құрылысы аяқталған Қаратөбе мен Жармұхамбет бар. Қазіргі таңда әр үйге суды қосу жұмыстары жүргізілуде. Жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, бұрын құбыры тартылған үйлер жаңа су жүйесіне арзан бағада қосыла алады, ал егер жаңа құрылыс аумағында орналасса, онда үйдің иелері қосымша құбыр үшін қаражат төлеуі тиіс. Елтай ауылына келер болсақ, қазір бұл жақта су жүйесінің құрылысы қарқынды жүруде, жоспар бойынша осы жылдың соңында аяқталады.
Келесі кезекте Береке ауылының тұрғыны Қарасай батыр көшесіндегі асфальттың жоқтығы мен Искаков көшесінің жарығына наразылығын білдірді. Белгілі болғандай, көшеге жарық шамдарын орнату бойынша тиісті қаржы бөлініп, жылдың соңында жұмыс аяқталады. Ал көшені асфальттау келесі жылы жоспарға алынады.
Осыдан кейін Береке ауылының тағы бір мәселесі көтерілді. Бұл жолы №31 квартал тұрғындары үйлеріне қарай бейіт санының жақындап келе жатқанына наразылықтарын білдірді. Айтуларынша, мүрделердің саны артып, олардың орналасуы тұрғын үйлерге жақындаған. Оған тосқауыл болса және айналасы қоршалса екен деп аудан әкімінен көмектерін сұрады. Бұл ретте аудан басшысы Жасұлан Естенов бейіттердің жеке үйлерге жақын болуы санитарлық-қорғаныш аумақ бойынша 300 метрден кем болмауы тиіс екенін ескеріп, округ әкімі мен сәулет және қалақұрылысы бөліміне осы мәселені бақылауға алуды тапсырды. Барлық жағдай талапқа сай болуын ескертті.
Бұл жиында, сондай-ақ округ халқы учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысына көңілі толмайтынын айтып, бірінен соң бірі шағымдарын жеткізіп жатты. Өйткені ауылда ұрлық-қарлық, тәртіпсіздік орын алғанда тәртіп сақшылары жұмысына жауапсыздық танытатын көрінеді. Бұл жөнінде мәселені аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы мұқият назарға алып, аудандық Полиция басқармасымен бұл мәселені біржақты шешетінін мәлімдеді.
Есептік кездесуде жоғарыда айтылғандардан бөлек, басқа да түрлі мәселе көтерілді. Оның ішінде білім, денсаулық, әлеуметтік салалары мен электр жүйелеріне қатысты өзекті жайттар қамтылды. Аудан әкімі әрбіріне жеке-жеке жауап беріп, оның шешу жолдарын қарастыру үшін тиісті мекеме басшыларына тапсырма жүктеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

