Қаскелең қаласындағы Жайлы мектепте 2026 жылғы әскери-патриоттық тәрбие беру мен мектеп түлектерін жоғары әскери оқу орындарына даярлау бағытында жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыстарды қорытындылауға арналған салтанатты жиын өтті. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі арнайы ұйымдастырған басқосуға аудан әкімінің орынбасары Азамат Жандосов, аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Ерлан Абдықалыков, сондай-ақ білім беру ұйымдарының директорлары, алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстаздары мен ардагерлер арнайы қатысты.
Ауқымды шарада жас ұрпақты мерзімді әскери қызметке сапалы даярлау, бойында отансүйгіштік пен елжандылық қасиеттерді берік қалыптастыру және болашақта әскери мамандықты таңдауға ынталандыру бағытында атқарылған нәтижелі жұмыстар жан-жақты сарапқа салынды.
Жиынның алғашқы сөзі аудан әкімінің орынбасары Азамат Серікұлына берілді. Ол өз сөзінде әр азамат үшін елін қорғау парыз екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, әскери қызмет – елге деген сүйіспеншілік пен перзенттік парыздың айқын көрінісі. Бұл сөздер жай ғана бос ұран емес, әрбір азаматтың жүрегінен орын алуы тиіс шынайы өмірлік ұстаным болуы қажет. Бұл ретте деміде де, денеде де шыңдалған, білімді, рухы биік әрі елжанды азаматтарды тәрбиелеудің маңызы орасан. Осыған байланысты Қарасай ауданында жүйелі де жоспарлы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. 2026-2027 оқу жылында алғашқы әскери дайындықты жетілдіру, жастарды мерзімді әскери қызметке сапалы әзірлеу және әскери-патриоттық тәрбиені мектеп қабырғасынан бастап күшейту бойынша бірқатар маңызды шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, жыл басынан бері ауданымыздағы 60-тан астам мектепте жоғары әскери оқу орындарына түсуге бағытталған ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілді. Нәтижесінде жоғары әскери оқу орындарына түсуге ниет білдірген түлектердің көрсеткіші бойынша Қарасай ауданы Алматы облысы көлемінде көш бастап, бірінші орынды иеленді.
Аудан жастарының әскерге, әскери салаға деген қызығушылығы мен құштарлығын күзгі әскерге шақыру науқанының қорытындысынан да айқын байқауға болады. Нақты айтар болсақ, ҚР ҰҚК Шекара қызметіне 50 азаматты жіберу тапсырмасы берілген болса, бұл меже артығымен орындалып, 55 өрен ел шекарасын қорғауға аттанды. Мемлекеттік күзет қызметіне 5 адам жоспарланған еді, бұл бағытта да сапалы іріктеу жүргізіліп, 10 азамат сапқа тұрды. Ал ҚР Ұлттық ұланының қатарын 120 адаммен толықтыру міндеті қойылса, бүгінде 130 азамат сенім үдесінен шығып, әскери борышын өтеуге жол тартты.
Мұнан соң сөз алған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Ерлан Төлеуғалиұлы 2026 жылғы әскери-патриоттық тәрбие және түлектерді жоғары әскери оқу орындарына даярлау бағытындағы атқарылған жылдық жұмыстарды баяндап, егжей-тегжейлі қорытындылады.
Баяндамашының айтуынша, ағымдағы жылы аудан әкімдігі мен аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып, 60-тан астам мектепте насихаттау және кәсіби бағдар беру жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Нәтижесі көңіл қуантады. Мәселен, Кемертоған, Жібек жолы ауылындағы жаңа қазақ, Байсалбаев және Бейсебаев атындағы орта мектептерден бес оқушыдан, В.Белинский, Жандосов, Бауыржан Момышұлы атындағы мектептерден төрт оқушыдан, ал К.Әзербаев, Көкөзек, Абай, Жамбыл, Ы.Алтынсарин, Алмалыбақ ауылындағы орта мектептер мен Алмалыбақтағы «Жайлы» мектебінен» үш оқушыдан, Үштерек пен Соқпақбаев мектептерінен екі оқушыдан жоғары әскери оқу орындарына түсуге ниет білдіріп, тиісті оқуға жолдама алды. Негізгі жоспар бойынша ауданнан 57 бала жіберілуі тиіс болса, іс жүзінде ынта білдірген жастардың саны 60-қа жетті.
Бұдан бөлек, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, оларды әскери-құқықтық салаға қызықтыру мақсатында аудандағы барлық білім ошақтарында «жас прокурор», «жас сақшы», «жас шекарашы» сияқты арнайы үйірмелер ашылып, жүйелі түрде жұмыс істеп жатыр. Бұл бастамалар жастардың бойында жауапкершілікті арттырып, ортақ мақсатқа жетуге үлкен септігін тигізуде.
Жиын барысында сондай-ақ аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бағлан Қанатқызы қорғаныс істері бөлімімен бірлесе атқарылып жатқан ауқымды жобалар туралы сөз қозғаса, ауған соғысының ардагері, полковник Мәлік Қуанышбекұлы Отан алдындағы азаматтық парыз, жастар арасында патриоттық тәрбиені күшейтудің маңызы мен бұл бағыттағы жұмыстарды жұмыла жүргізудің қажеттілігіне кеңінен тоқталды.
Алқалы іс-шараның соңы марапаттау салтанатына ұласты. Азамат Жандосов аудан әкімінің атынан 2026 жылдың қорытындысы бойынша әскери-патриоттық тәрбие беруде айрықша белсенділік танытқан бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Ерлан Абдықалыков та өз тарапынан мектеп директорларына, алғашқы әскери дайындық ұстаздарына және ардагерлерге Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды салтанатты түрде табыс етті.
Әсерлі де мазмұнды өткен жиын білім беру мекемесі оқушыларының арнайы дайындаған патриоттық бағыттағы мерекелік концерттік бағдарламасымен аяқталды.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

