Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылдық округінің аумағында, стратегиялық маңызы бар «Алматы – Бішкек» тасжолының бойында металл құрастырылымдары мен тауарлы бетон шығаратын «Almaty W. S.» ЖШС-нің зауыты салтанатты түрде ашылды. Бұл нысан тек Алматы облысының ғана емес, бүкіл Алматы агломерациясы бойынша осы саладағы ең ірі өндірістік кешендердің біріне айналып отыр. Жаңа инвестициялық жобаның басты ерекшелігі – шет елдік, яғни қытайлық инвесторларды тарту арқылы жүзеге асырылуында.
Салтанатты шараға келген қонақтарды зауыттың негізін қалаушы, құрылтайшы Ру Тивей зор ықыласпен қарсы алды. Ол өз сөзінде Қазақстанның бүгінгі таңда Орталық Азия өңіріндегі ең тартымды инвестициялық орталық екенін тілге тиек етті. Құрылтайшы елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен бизнеске көрсетіліп жатқан қолдауларды жоғары бағалап, бұл бастаманың жүзеге асуына мемлекет тарапынан жасалған жеңілдіктер мен қолдаулардың тигізген септігі зор болғанын жеткізді. Оның сөзінше, жаңа өндіріс орны компания үшін де, аймақ үшін де жаңа мүмкіндіктер мен биік белестерге жол ашатын бастапқы кезең болмақ. Сондай-ақ зауыт ұжымы алдағы уақытта отандық еңбек нарығындағы сұранысқа ие білікті мамандарды даярлауға, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және Қазақстан экономикасының тұрақты өркендеуіне өздерінің лайықты үлестерін қоса беретініне сенім білдірді.
Аудан өміріндегі айтулы оқиғамен жиналған қауымды Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Адис Сейдакматов та құттықтады. Сонымен қатар аймақтың индустриялық әлеуетін арттыратын мұндай жобалардың маңыздылығына тоқталып, аудан басшылығы жаңа жұмыс орындарын ашатын, заманауи технологияларды енгізетін кез келген инвесторға жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін атап өтті. Салаға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 4,7 миллиард теңгені құраған. Бұл аудан экономикасы үшін таптырмас мүмкіндік болып отыр.
Жаңа іске қосылған зауыт еліміздің құрылыс индустриясына қажетті жоғары сапалы, халықаралық стандарттарға сай өнімдердің кең түрін ұсынып отыр. Кәсіпорынның өндірістік қуаты таңғалдырарлық. Себебі мұнда жыл сайын 300 мың шаршы метр заманауи сэндвич-панельдер, 300 мың шаршы метр профнастил мен металл жабындар (черепица), С және Z тәрізді болат профильдері шығарылады. Бұған қоса, жылына 1,5 миллион шаршы метр тауарлық бетон өнімдерін, 10 мың дана дайын, жылжымалы, құрастырмалы үйлер мен контейнерлерді, сондай-ақ 40 миллион дана цемент блоктары мен плиткаларын шығару жоспарлануда. Бұл көрсеткіштер зауыттың құрылыс нарығындағы ірі өндіріс орнына айналатынын айқын аңғартады.
Салтанатты шара барысында аудан тұрғындарының атынан Адис Жаратбекұлы шетелдік инвесторларға, құрылысшыларға, білікті инженерлер мен жобаның сәтті жүзеге асырылуына үлес қосқан барша мамандарға шынайы ризашылығын білдірді. Ата-бабамыздан қалған ізгі дәстүр бойынша, жаңа кәсіпорынның алдағы жұмысына Әйтей ауылдық округінің құрметті ақсақалы Серғазы Қырғызов ақ батасын беріп, зауыттың аяқ алысына сәттілік тіледі.
Осыдан кейін қонақтар жаңа өндіріс орнының кіреберісінде салтанатты түрде лента қию рәсімін өткізіп, кәсіпорынды ресми түрде ашық деп жариялады. Одан соң зауыт ішіндегі заманауи құрылғылармен жабдықталған цехтарды аралап, автоматтандырылған өндіріс процесімен танысты.
«Almaty W. S.» ЖШС директорының орынбасары Сержан Дәулеткерейұлының мәліметінше, кәсіпорын иелігіндегі жер телімінің жалпы аумағы 3 гектарды құрайды. Компанияның басты басымдығы кез келген күрделілік деңгейіндегі металл құрастырылымдары мен тауарлы бетон өнімдерін өздігінен жобалау, өндіру және монтаждау болып табылады. Басқаша айтқанда, мұнда жұмыстың толық циклі – алғашқы жоба сызбаларынан бастап, дайын өнімді жеткізу және оны нысанда кәсіби деңгейде құрастыруға дейінгі аралық қамтылған. Сондай-ақ зауыт аумағында жоғары сапалы терезелер мен есіктер, үш қабатты қабырғалық сэндвич-панельдер мен кран-арқалықтар (кран-балка) дайындалады, ал болашақта модульдік үйлер өндірісін кеңейту көзделіп отыр.
Өндірісте дайын зауыттық модульдер мен металл қаңқаларды қолдану – заманауи құрылыстың басты талабы. Бұл әдіс дәстүрлі монолитті құрылыспен салыстырғанда өнеркәсіптік ғимараттардың бой көтеру мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар металл құрастырылымдарын арнайы бұрандалы қосылыстар арқылы жинау технологиясы қажет болған жағдайда қаңқаны оңай бөлшектеп, басқа орынға тасымалдауға жол ашады. Бұл әдіс уақыт пен қаражатты үнемдеу тұрғысынан өте тиімді.
Нысанның құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында басталып, қысқа мерзім ішінде, яғни сол жылдың желтоқсанында толықтай аяқталды. Одан кейін өндіріс конвейері іске қосылып, бүгінгі күнге дейін зауытта 200 мың текше метрге жуық бетон және 6 мың тоннадан астам металл құрастырылымдары өндіріліп үлгерді. Кәсіпорынның толық жобалық қуаттылығына тоқталатын болсақ, ол жылына 10 мың тонна металл құрастырылымы мен 300 мың текше метр бетон шығаруға қауқарлы. Осы екі стратегиялық бағыт бойынша зауыт Алматы қаласы мен Алматы облысындағы ең ірі кәсіпорын болып танылып отыр.
Қазіргі уақытта кәсіпорында 80-нен астам қызметкер еңбек етуде. Олардың 50-і жергілікті тұрғындар болса, 20-дан астамы өндірістің қыр-сырын үйрететін жоғары білікті шетелдік бас мамандар мен инженерлер. Алдағы уақытта жаңа өндіріс бағыттарының игерілуіне байланысты жұмыс орындарының саны тағы да артатын болады.
Өнімді өткізу нарығы да жан-жақты жоспарланған. Зауыт өнімдерінің 60%-ы Алматы қаласы мен Алматы облысының ішкі нарығындағы құрылыс нысандарына бағытталады. Ал қалған 40%-ы еліміздің басқа өңірлеріне, соның ішінде Шымкент қаласы мен батыс облыстарға жөнелтілуде. Бұдан бөлек, кәсіпорын басшылығы таяу болашақта өнімді сыртқы нарыққа экспорттауды мақсат етіп отыр. Қазірдің өзінде көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттерінен ірі көлемдегі тапсырыстар түсе бастағаны – өнім сапасының жоғары екендігінің және халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің айқын дәлелі.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

