Адам өзінің жан тыныштығы үшін әртүрлі нәрседен ләззат алып, шабытын сүйікті шаруасынан тауып жатады. Олардың арасында ешкімде жұмысы жоқ, еркіндікте емін-еркін тіршілігін жасап жүргенімен, бірақ ел назарына еріксіз ілінетін жандар болады. Эмиль Абдулаханов – осындай өз әлемінің қожайына айналған азаматтардың бірі.
Біз жақында ерекше жан иесімен жақынырақ танысып, оның қызығушылығын оятқан дүниесіне біз де таңданыспен қызыға қарадық. Өйткені оның айналысып жүрген ісіне таңғалмасқа амал жоқ. Эмиль ағаның жеке автокөлік тұрағындағы темір тұлпарлар әр кезеңнен сыр шертеді. Бірі Ұлы Отан соғысындағы майдан даласын еске түсірсе, басқасы түсінген жанға Кеңес Одағы кезіндегі сәттерді көз алдыңа әкеледі.
Эмиль Насырұлы – Алматы қаласының тумасы. 1953 жылы осы шаһарда дүниеге келгенімен, балалық шағынан бастап есейгенге дейін Алмалыбақ ауылында өсіп-өнген. Ол – осындағы мектеп қабырғасында оқып, ғұмырының 33 жылын ішкі істер министрлігіне арнаған азамат. Өзінің қызмет жолында Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінде бірнеше жыл жұмыс істесе, біраз уақыт туған жерінде, яғни Қарасай аудандық полицияда еңбек еткен. Тіпті, қазіргі аудандық полиция басқармасының іргетасы қаланғанына куә болған. Ал 2005 жылы осы саладан құрметті еңбек демалысына шыққан.
Бүгінде Эмиль аға зейнет жасында болса да жанының тыныштығын ескі көліктерден табады. Оның иелігіндегі әрбір темір тұлпар тарихтан сыр шертіп, өткеннің белгісі ретінде сақталып келеді. Айтуынша, автоколлекционер болу оның мүлде ойында болмаған. Қызығушылығы өзімен жасты 1953 жылғы КСРО кезінде құрастырылған танымал бренд «Москвич» маркалы автокөлікті алған кезде басталыпты. Бұл жағдайды ол ешқашан ұмытқан емес. Әңгіме барысында осы бір сәтті есіне алды.
– 2005 жылы зейнетке шыққаннан кейін бірнеше жылдан соң, қателеспесем, 2006-2007 жылдары болуы мүмкін, сол уақыттарда Қаскелеңдегі бір досым маған «Москвич» көлігін көрсеткісі келді. Оның айтуынша, бұл автокөлік менімен жасты екен. Оны көру маған да, шынымен, қызық болды. Сөйтіп, барып көрдік. Ол кездегі жағдайы, әрине, жақсы дей алмаймын. Бірақ қатты ұнады және өзіммен жасты көлікті пайдаға жарату қызығушылығымды одан сайын оятты. Осыдан кейін менің көліктерге деген хоббиім пайда болды, – деп Эмиль Насырұлы осыдан 20 жыл бұрынғы сәтін еске алды.
Автоколлекционердің айтып отырғаны – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, яғни 1947 жылы құрастырылып, бір жылдан кейін сатылымға шыққан «Москвич-401» маркалы автокөлік. Ол сол жылдары немістің «Опель Kadett K38» деп аталатын көлігінің үлгісі ретінде жасалған.
Эмиль ағаның бұл темір тұлпары өзі айтқандай, алғаш алғанда жақсы жағдайда сақталмаған. Кейбір бөлшектері жеткіліксіз, тіпті, дөңгелектері жүруге жарамсыз болған. Сондықтан оны жақсы қалыпқа келтіру үшін соған ұқсас көліктерді іздеуге тура келген. Донор ретінде бірнешеуін тауып, түпнұсқа түрінде әрбір бөлшектерін алып, солардан бір көлік құрастырған. Одан кейін жаңағы жарамсыз «москвичтерді» де жөндеп, оларды да жүруге болатындай жағдайға жеткізген. Міне, осылайша уақыт өте келе ескі көліктерді құрастыру оның сүйікті ісіне айналып кеткен. Қазіргі таңда біз айтқан «москвичтердің» бәрі құдды бір зауыттан енді шыққан темір тұлпардай, жылтырап, жайнап, көздің жауын алатындай жақсы күйде сақтаулы тұр.
Ескі көліктердің арасында назарымызға іліккендердің тағы бірі – «СМС С-3А». Бұл марканың бас әріптермен аталуы «Серпухов мотоцикл зауыты» дегенмен байланысты. Яғни осы жерден құрастырылып шыққан. Эмиль Насырұлы оның да тарихына қысқаша тоқталып өтті. Айтуынша, аталған шағын автокөлік соғыс жылдарынан кейін тек мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Сол үшін оның басқару рөлі мотоциклге ұқсатып жасалған. Одан кейін бұл көлік халық арасында «Ы операциясы және Шуриктің басқа оқиғалары» атты комедиялық фильм арқылы «Моргуновка» деген атаумен танымал болған. Көбісі бұл көлікті осылай естерінде сақтап қалыпты.
Ал Эмиль ағамыз «Моргуновканы» өзіне алғаннан кейін басқару рөлін ауыстырып, төрт дөңгелекпен жүретіндей етіп жасап қойған. Қазіргі жағдайы кәдімгі көлік тәріздес және жүруге жарамды.
Автоколлекционердің иелігінде ерекше екі көлік бар екенін тағы байқадық. Олар – Ресейдің автомобиль зауытында 1970 жылдан кейін жасалған «Жигулилер». Яғни, екі түрлі «ВАЗ» маркалы «копейкалар». Олардың бірі «21015» болса, екіншісі «21011» деп аталады. Ең ерекшесі – біріншісі. Эмиль Насырұлының сөзіне сүйенсек, олар сатылымда болмаған, тек күштік құрылымдар үшін арнайы жасалған. Көліктің ішінде екі аккумулятор және екі жанармай багы орнатылған. Ал екіншісі адамдардың қолданысына арналған «копейкалар» болып саналады. Аңызға айналған көліктерді де Эмиль ағамыз су жаңа күйінде ешбір жерін бүлдірмей, мұнтаздай сақтап келеді. Тағы бір айта кетерлігі, жаңағы күштік құрылымға арналған көліктің коллекция қатарынан табылуы кездейсоқ болмаған. Ол жайында Эмиль Абдулаханов еске түсіріп, қысқаша әңгімелеп берді.
– Бір күні досым маған хабарласып, өзінің марқұм әкесінен бір көлік қалғанын айтты. Менің ескі көліктерге қызығатынымды біліп, «керек болса, сатып ал», – деді. Содан кейін құжатын қарасам, маркасы «21015» деп тұр екен. Осы ретте бұл көліктің сирек кездесетінін және ол тек милицияларға ғана арналғанын бірден түсіндім. Еш ойланбастан сатып алдым да оны реттеп, қолданысқа жарайтындай жөндеп қойдым, – деді ол.
Бүгінде Эмиль Насырұлының айдап жүргені – киік мүсінімен танымал «Волгасы». Кеңес Одағы кезінде бұл көлік лауазымды басшыларға арналғандықтан, оның беделі әрқашан биік саналған. Қазіргі жағдайы бұрынғыдан кем емес. Мұндай «Волганың» коллекциясында екеуі бар.
Тарихтан сыр шертетін темір тұлпарлардың ішінде ең танымалысы, әрине, ол «Чайка» көлігі. КСРО уақытында оған екінің бірі қол жеткізе алмаған. Өйткені онымен жоғары лауазымды басшылар, бай-бағландар ғана жүре алатын. Сондықтан шағын лимузин ретінде есептелген. Элиталық топқа арналғандықтан, оның ешқайсысы такси қызметін де атқармаған. Міне, осы маркалы көлік Эмиль ағамыздың көлікжайында жылтыраған күйі сақтаулы тұр. Көздің жауын алатын қара түсі де, 5 метрден асатын ұзындығы да, шағын теледидары бар ішкі жағы да, былғары орындықтары да – бәрі-бәрі бұл көліктің тегін емес екенін аңғартып тұрғандай.
«Чайканың» ерекшелігі болғаны соншалық жақында даңқты тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа арналған фильмге түспек. Қазір соған дайындық үстінде..
Айтпақшы, автотұрақта үш жетекті мотоциклге де көзіміз түсті. Пулеметі бар бұл көлік құралы соғыс жылдарында ерекше рөл атқарған екен. Жаудың бетін қайтарып, оқ жаудыратын қарудың орналасуы да екі жаққа қарастырылған. Алдыңғы шептен де, артқы жақтан да пулеметті басқаруға ыңғайлы. Автомобильдердің арасындағы жалғыз мотоциклдің тарихы тереңде болғандықтан, коллекция арасынан табылуы ағамыз үшін қалыпты жағдай екенін айтпасақ та түсінікті.
Жалпы Эмиль Насырұлының иелігіндегі әрбір көліктің өз тарихы және құпиясы бар. Біз солардың тек бірнешеуіне ғана тоқталдық. Осы уақытқа дейін қай-қайсы болсын танымал әншілердің бейнебаяндарына және түрлі киноға, деректі фильмдерге түскен. Сондай-ақ Эмиль ағамыз «Ретро клуб Қазақстан» деп аталатын әуесқойларға арналған ұйымның мүшесі болғандықтан, көбінесе автомобильдерге арналған көрмелерге жиі қатысады. Ол жақта да әрбір темір тұлпарды көпшілікке көрсетіп, оның тарихымен таныстырады.
Эмиль Абдулахановтың коллекционерлік хоббиінен бөлек тағы бір өнері бар. Ол – бильлярд ойнау. Бұл спорт түрін жанына серік етіп, ҚР Ішкі істер министрлігінің ардагерлері арасында талай бәсекеде топ жарған.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, ағамыз бос уақытын бекер өткізгісі келмейді. Оның айтуынша, адам баласы еті тірі болса, диванда жата бергенше, өмірлік құлшынысын арттыратын сүйікті ісімен айналысуы керек.
70 жастың жетегіндегі автоколлекционердің күш-қайраты, шынымен, қартайған шақтың күйіне мүлдем ұқсамайды. Қимылы ширақ, жігері мықты, жүрісі белсенді. Оның алдағы жоспары – иелігіндегі 20-дан астам көлікті қаз-қалпында күтіп, жарамды түрде, ұзаққа сақтау. Бұл арман-мақсатына біз де тілекшіміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

