Қазіргі кезде қайсы ауылда болмасын, қат-қабатымен кеңірдектен кептеліп тұрған көкейкесті проблемалар аз емес. Оның бәрі де халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына келіп тіреледі. Сондықтан да қалың қауымның мұң-мұқтажына құлақ асқан жерлерде олардың қандай қажеттілігі болса да дер кезінде қанағаттандырылып, шешімін тауып жатқаны адамды зор қуанышқа бөлейді.
Осыдан 7-8 жыл бұрын Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған және Көксай ауылдарының арасындағы №1, №2 МТФ деп аталатын жерлер халықты қатты қынжылысқа салған еді. Олай болатын жөні де бар болатын. Қарама-қарсы жатқан екі ауылдың ашық жатқан алаңқайларына қаптаған қалың құрылыс түсіп, МТФ-лар арқылы қатынас жасау өте қиынға соқты. Әсіресе, 100-ден асатын оқушыларға жаңадан салынған жайлы мектепке жетуге, ауыл тұрғындарына қажетті жеріне уақытында баруға үлкен қолбайлау жасады.
Аталған жер аса жарлауыт болатын. Оның биіктігі көз өлшемі бойынша 7-8 метрдей. Ал жарлауыттың екі аралығы шамамен 18 метрді құрайды. Осы МТФ-ны басып өтетін Қырғауылды өзенінің тереңдігі 1 метрге жуықтау еді. Бастапқыда екі жақтың ауыл тұрғындары жол салудың амалын іздеп, жалғыз аяқты аспалы көпір жасап еді. Бірақ, ол оңтайлы бола қойған жоқ. Одан оқушылар ұшып кетіп, жарақат алып қалған кездері аз болмады. Бұл жағдай халықты қатты күйзеліске түсірді.
«Сабақты ине сәтімен» дегендей, мұның да оңтайы оңынан туды. Аудан әкімі Жасұлан Естеновтің соңғы есеп беру жиынында ауыл тұрғындары осы мәселені әкімге жеріне дейін жеткізіп айтып еді. Сонда Жасұлан Тоққожаұлы халық пікірімен, ұсынысымен санасып, тиісті адамдарға қатаң тапсырма берген болатын. Міне, соның арқасында көптен бері арман болып жүрген аспалы көпір жұмысы қызу қолға алынды. Нәтижесінде көптен күткен аспалы өткел халықтың игілігіне берілді. Қазір көпірге дейінгі жолға жарық түсіру жұмыстары қолға алынуда.
Бұл орайда көпірді салуға тікелей мұрындық болған Іргелі ауылдық округінің әкімі Арман Камалбектің, ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Егінбек Егеубектің, орынбасарлары Қалиахмет Көшкімбаевтің, Қален Мусаевтың еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Олар өз қалталарынан да қаражат шығарып, ауыл ардагерлері мен тұрғындарын ортақ іске ойдағыдай жұмылдыра білді. Көпірді жасауға құрылыстың кәнігі шеберлері атсалысты. Халықтың қуанышында шек жоқ. Енді автокөліктер жүретін аспалы көпір және басқа ауылдардың тұсынан осындай екі көпір салу жұмыстары жоспарланып отыр.
Қанат ТҰРСЫНҰЛЫ,
ардагер-журналист.

