Қазақ әдебиетіндегі ана бейнесі – өшпес мейірімнің, терең даналықтың, шексіз махаббаттың және ұлттық руханияттың биік дара символы болып табылады. Ол ғасырлар қойнауынан бастау алатын бүгінгі көркем сөз өнеріне дейін қасиетті, киелі ұғым ретінде үздіксіз дәріптеліп келеді. Қазақ көркемсөзіндегі әйел мен ана бейнесі тек момын, жабырқау немесе отбасы ошақ қасымен шектелген жан емес, керісінше, ел басына күн туған жауапты сәттерде сөз бастап, ел билеген, қиын-қыстау кезеңдерге қайыспас қайсарлықпен төтеп берген дара тұлға ретінде бой көрсетеді.
Өткен аптаның жұмасы күні Қарасай ауданының орталық кітапханасында заманауи бағыттағы сазды-әдеби кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы бастамашыл болған «Кітап оқитын ұлт» ауқымды жобасын іс жүзінде жүзеге асыру аясында өткізілген бұл мазмұнды шара әдебиеттегі сан қилы тағдырлы, бірақ әрқашан асыл қасиеттерімен ерекшеленетін аналар бейнесін өсіп келе жатқан жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттауға бағытталды.
Салтанатты жиынға құрметті қонақ ретінде Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева, ҚР Журналистер одағының мүшесі, белгілі жазушы Аршагүл Тойбай-Ақназар, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова, аудандық «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлтусын Бархинова, аудандық аналар алқасының төрағасы Азиза Наимбаева арнайы шақырылды. Сонымен бірге кешке ауданның руханиятқа, шығармашылыққа жақын белсенді жастары мен зиялы қауым өкілдері белсене қатысты.
Тағылымды кештің шымылдығы облыстық кітапхананың директоры Ғалия Сламбайқызының жүрекжарды құттықтау сөзімен ашылды. Одан әрі жиналған қауымға аталған рухани шараның жастар тәрбиесіндегі маңыздылығы мен мәні жайлы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Әділханқызы тереңнен толғап жеткізді.
Айтулы жиын барысында қатысушылар қазақ сөз өнерінің алтын қорына енген классикалық шығармалардың қайнарына бойлады. Танымал қаламгерлердің романдары мен басқа да іргелі туындыларындағы аналардың тұлғалық болмысы мен адамгершілік парасаты кеңінен сөз болды. Кешке жиналған көрермен қауым әдеби кейіпкерлердің бойындағы сабырлықты, көрегендік пен асқақ рухты әсерлі поэзия шумақтары арқылы шебер жеткізе білді.
Рухани кештің көркін арттырып, салтанатын аша түскен аудан мектептерінің оқушылары болды. Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің ана бейнесін сомдаған ақын-жазушылардың өлеңдерінен жатқа оқып, көрерменді тәнті етті. Сонымен қатар көне дәуірден бүгінге жеткен аналар рухын заманауи театрландырылған поэзия тілімен жеткізуді мақсат еткен кітапхана қызметкерлері арнайы сахналық қойылым ұсынды. Олар М.Әуезовтің «Абай жолындағы» Айгерім, І.Есенберлиннің «Үркер» романындағы Бопай ханым, Ә.Кекілбаевтың «Аласапыран» романындағы әйелдер тағдыры, С.Жүнісовтің «Ақ боз үй» мен Т.Әбдіковтің «Ұйқым келмейді» шығармаларындағы ана бейнесі, сондай-ақ Т.Әсемқұловтың «Қарғын», М.Мағауиннің «Тағдыр» романдарындағы әйел болмысын шағын қойылымдар арқылы көрермен жатқа шебер түрде көрсете білді.
Мұнымен қатар кеш аясында «Әдебиеттегі ана бейнесі» атты танымдық-интеллектуалды викторина ұйымдастырылды. Оның барысында Мемлекет басшысы оқуға ұсынған классикалық шығармалардағы әйел мен ана тағдырына қатысты мазмұнды сұрақтар қойылып, белсенді қатысушылар өз білімдерін сарапқа салды. Бұған қоса жергілікті өнерпаздар халқымыздың танымал композиторларының анаға деген шексіз құрметінен туған жүрекжарды әндерін әуелете орындап, жиналған қауымға ерекше көтеріңкі көңіл-күй мен жылылық сыйлады.
Шара соңында сөз алған құрметті қонақтар ана бейнесінің ұлттық танымдағы, ұрпақ тәрбиесіндегі айрықша орны мен өнегелік мәніне жоғары баға берді. Мұндай тағылымды кездесулер жастардың рухани өресін кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды бойларына терең сіңіруде зор маңызға ие екендігі атап өтілді.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

