Өткен аптаның жексенбісі күні Бірінші Май ауылдық округі әкімінің сайлауы өтіп, жергілікті халық дауыс беру арқылы өз таңдауларын жасады. Нәтижесінде ауыл тұрғындарына етене жақын, талай жыл аталған ауылдық округтің әкімдігінде қызмет атқарып келген Хизат Молдыбаев ауылдастардың сеніміне ие болған еді.
Осы аптаның сейсенбісі күні Хизат Нұрәділұлын аудан әкімінің орынбасары Адис Сейдакматов ауылдың белсенділеріне және әкімдіктің ұжымына таныстырды. Сондай-ақ тұрғындардың дауыс беруімен сайланғанын хабарлап, алдағы ісіне сәттілік тіледі.
Ал округтің қариялары Хизат Молдыбаевтың осы уақытқа дейін атқарған жұмысына оң бағасын беріп, оған зор сенім артатынын жеткізді. Ақсақалдардың бірі оның жұмысына ақ батасын арнаса, енді бірі ізгі ниетін айтып, округтің игілігі жолында бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.
Осылайша Хизат Молдыбаев көпшіліктің ақ тілеуімен өзіне жауапты міндеттің салмағын сезініп, округтің басшылық жұмысына кірісті.
Хизат Нұрәділұлы – Қарасай ауданы Қаскелен қаласының тумасы. 1976 жылы дүниеге келген. 1995 жылы Алматы су шаруашылығы техникумын «бухгалтерлік есепке алу бақылау және шаруашылық қызметті талдау» мамандығы, 2001 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1996 жылы Бірінші Май ауылдық округі әкімдігінде есепші болып бастаған. 1998-1999 жылдары 1 Май орта мектебінің есепшісі қызметін атқарды. 1999-2005 жылдары Бірінші Май ауылдық округі әкімдігінде салық инспекторы, 2005-2009 жылдары округ әкімінің орынбасары болды. 2009-2010 жылдары Елтай ауылдық округінің әкімі, 2010-2013 жылдары Бірінші Май ауылдық округі әкімінің орынбасары, 2013-2014 жылдары Ұмтыл ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқарды.
Ал 2015 жылдан бастап осы уақытқа дейін Бірінші Май ауылдық округі әкімінің орынбасары лауазымында еңбек етті.
Өз тілшіміз.

