Жуырда Қаскелең қаласының әкімдігінің алдында Республика күніне орай және даңқты күйші, дирижер, ұлы тұлға Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған мәдени шара өтті.
Мерекелік жиын ел тәуелсіздігінің ең басты символы – Республика күнімен тұспа-тұс келіп, өнер деңгейінде ұлықталды. Бұл күн – халқымыздың ғасырлар бойы азаттық арманын жүзеге асырған, мемлекеттілік пен егемендікке деген мәңгілік құрметтің белгісі. 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-ның Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы – ел тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы болды. Ал 2022 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 25 қазан Республика күні ретінде қайта ресми мереке мәртебесін иеленіп, елдің бірлігі мен тәуелсіздігін дәріптейтін ұлттық мерекеге айналды.
Осы ұлық мерекемен қатар келген дәулескер күйші, ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің биыл атап өтіліп жатқан 100 жылдығы – қазақ музыкасының шоқтығы биік тұлғасының есімін ұлықтауға бағытталған ерекше оқиға деуге болады. Нұрғиса Атабайұлы – қазақтың ұлт руханиятындағы дара тұлға, әйгілі күйші, дирижер. Оның шығармалары елдің рухын көтеріп, бірлікті дәріптейді.
Ұлттық мереке мен ұлы композитордың мерейтойына орай күйшіні кескін келбеті бейнеленген муралдың жанында 100 күйші бір мезетте «Әлқисса» күйін орындады. Домбырашылардың бір орында шерткен күй күмбірімен 100 саны бейнеленіп, дәулескер күйшінің ғасырлық мерейтойына арналған ерекше көрініс жасалды. Бір сәтте шертілген күй күмбіріне Қарасай ауданындағы барлық мәдениет үйлерінің қызметкерлері, Қаскелең Мәдениет колледжінің халықтық оркестрі, ұстаздары мен студенттері және «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамблі атсалысты. Бұл күн ұлттық өнер мен рухтың тоғысқан, елдік пен бірліктің әуені естілген ерекше сәт болды.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

