
Ақмарал Асанқұлқызы өмірлік жары Жанатбек Сүлейменовпен
Алдынан сабақ алғандардың арасынан кейін ғалым да, инженер де, дәрігер де, басшы да, тіпті, Президент, министр де, сондай-ақ батыр да, басқа да сан алуан мамандық иелері шығуы мүмкін. Олардың барлығы да ұстаз алдында бастарын иеді, еңбегінің ерекше екенін ескеріп қадір тұтып, қатты құрметтейді. Ендеше, өз ісін өте сүйетін, жамандыққа жаны қатты күйетін, шәкіртімнің аты озсын деп жүретін ұстазды қалайша ұлық демейміз?!
Қасиетті Қарасай жеріндегі осындай ұлағатты ұстаздар санатында Сүлейменова Ақмарал Асанқұлқызының да аты аталады. Иә, ол ұзақ уақытқа созылған жемісті педагогикалық қызметінде талай асудан асып, талай берелі белеске көтерілген жан.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты қазақ тілі мен әдебиеті факультетін үздік аяқтаған соң бүкіл өмірін өзі жас шағынан армандаған мұғалімдікке арнады. Алғашқы осы мамандықтың ойымен кіріп, күлімен шықты, оқытудың қыр-сырына терең бойлады, оқушыларына тек сапалы білім мен саналы тәрбие беруді мақсат етті. Мұндай үлкен талап-талпынысын, ұдайы ілгері ұмтылысын, жақсы істерге құлшынысын институттан соң бірден барған Жамбыл ауданындағы Сүйінбай атындағы орта мектепте жүріп-ақ жарқырата көрсете білді.
Отбасылық жағдайына байланысты Алматы қаласына көшіп, №86 Ғабит Мүсірепов атындағы орта мектептің мұғалімі атанғанда да осындай өз бойындағы сын-сипатын тамаша танытты ғой. Ақмарал Асанқұлқызының өзгелерді ерте білуге де бейім екенін жіті байқаған жоғарыдағылар оны жұмысына сай көтере берді. Алдымен аталған білім ұясында педагог-ұйымдастырушы болды, одан соң Қазақ-қытай тілі колледжі директорының оқу ісі және ғылыми істер жөніндегі орынбасары атанды. Сондай-ақ №30 Д.Снегин атындағы мектеп-гимназия директоры қызметін абыроймен атқарғанын айтуымыз керек.
Ақмарал Асанқұлқызы 2013 жылы Қарасай ауданындағы 1 Май орта мектебінің, 2014-2018 жылдары Үшқоңыр қазақ орта мектебінің, 2018-2019 жылдары А.С.Макаренко атындағы орта мектептің, сол сияқты А.Байжанов атындағы орта мектептің директоры болып, жас ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлесін қосты.
Зейнеткерлік демалысқа шықса да ол кісінің бұрынғы елеулі еңбегін бағалаушылар, мол тәжірибесін үйренгісі келіп іздеушілер аз емес. Қазіргі кезде Ақмарал Асанқұлқызы – Қаскелең қаласындағы Асау-Барақ атындағы қазақ-орыс негізгі орта мектебінің директоры қызметінде.
Ауданымыздағы аса тәжірибелі, білікті педагог, білгір ұстаз, байыпты басшы бола білген Ақмарал Асанқұлқызы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мақтау грамоталары мен Алғыс хаттарының иегері. «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қоғамының Ы.Алтынсарин төсбелгісін алған. Кеудесіне «Дарынды ұстаз» төсбелгісі де тағылған. Басқа да марапаттары жетіп артылады.
Ұлағатты ұстаздың, сонымен қатар аудандағы педагог-зерттеуші санатына қол жеткізген өз ісінің шын шебері, шынайы маманы екенін де атап айтқанымыз жөн шығар.
Иә, Ақмарал Асанқұлқызы белгілі педагог болуымен қатар, сүттей ұйыған отбасының алтын қазығы, айнымас жар, ардақты ана, асыл әже ретінде де өзінің өмірлік адами парыз-міндетін адал атқарып келе жатқан жанның бірі.
Құтты болсын мерекеңіз,
Арта берсін берекеңіз.
Отбасыңыз аман болып,
Жақсылыққа таман болып,
Жарқын шықсын үніңіз.
Сонау зеңгір көгіңізден
Күліп тұрсын күніңіз!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
Сурет жеке архивінен алынды.