Конституция күніне орай аудандық «Заман жаршысы» газетінің тілшісі Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының міндетін атқарушы Гүлзипа Байырбековамен сұхбаттасып, бірнеше сұраққа жауап беруін өтінген еді. Сол әңгімені оқырмандар назарына ұсынамыз.
– Гүлзипа Абдулакимқызы, алдымен жалпы Конституцияның мемлекеттегі рөлі туралы айтып берсеңіз.
– Жарайды. Осы заманғы қандай мемлекетті алсақ та оның басты тірегі, негізгі іргетасы ретінде өз Конституциясы болады. Ол қашан да мемлекеттіліктің алтын арқауы. Сол арқылы мемлекеттік, қоғамдық маңызды істер, қарым-қатынастар заңдық тұрғыда реттеледі. Негізгі Заңның тарапынан азаматтардың еркін, тең дәрежеде, азат, бақытты өмір сүруі үшін барлық қажетті жағдай жасалады. Сондықтан да Конституцияның мемлекеттегі рөлі өте айрықша, аса маңызды.
– Осыған орай Қазақстан Республикасының Конституциясы және оның адам құқығын қорғауы жайында не дер едіңіз?
– Бұл ретте алдымен атап айтарым, бүгінде қабылданғанына 26 жыл толған Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы дүние жүзі бойынша алдыңғы қатарлы, өз бойына әлемдік тәжірибелерді молынан жинақтаған Конституция. Осы уақытта мемлекетіміз демократиялық даму жолымен жүріп келеді, экономикада, әлеуметтік салада зор жетістіктерге жеттік. Қазақстан Республикасы азаматтарында ертеңгі күнге деген сенімділік пайда болды. Мемлекеттік институттың дамуы басқарудың бірыңғай жүйесіне алып келді, қоғамның дамуы саяси белсенділікті оятты, Қазақстан халқы мемлекетті басқару ісіне араласып, өзінің құқығын толық меңгерді. Жалпы өзіміздің аталған Ата Заңымызды туындатқан, өмірге әкелген Қазақстан халқы деуімізге әбден болады. Өйткені, ол 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданғаны белгілі. Ал, бұл оған тек ең жоғарғы заңдылық күшін ғана емес, сондай-ақ, рухани-адамгершілік күш-қуат та береді дей аламыз. Сонымен, Республика Конституциясы азаматтардың, адамдардың құқықтарын айқындап қана қоймай, оны сенімді түрде қорғайды. Тіпті, осы ретте Негізгі Заңымыз адамдар мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бәрінен де биікке қоятын ең басты құрал дер едік. Иә, егемен еліміздің сенімді тірегі, тәуелсіздігіміздің берік тұғыры ретіндегі Конституциямызда белгіленгендей, біз қазіргі кезде заманауи демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрып отырмыз.
– Енді өздеріңіздің негізгі жұмыстарыңыз, оның ішінде сот ісін жүргізудегі жаңалықтар жайында баяндасаңыз.
– Біз үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап, атымыз айтып тұрғандай, тек әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі, нақты айтқанда, «Әкімшілік Кодекске», оның ішінде «Ерекше бөлімдегі» сотқа тиісті баптарға қатысты істерді қараймыз. Ал, енді сұрағыңыздың екінші бөлігіне келсек, 2017 жылы Жоғары Соттың төрағасы сот жүйесін дамытудағы 7 түйінді мәселені анықтап, солар бойынша да жұмыс істеуді міндеттеген еді. Оның жетіншісі сот ісіне цифрландыруды енгізу болатын. Сөйтіп, осы бағыттағы «Төрелік» ақпараттық бағдарламасы бүгінде сотқа арыз берушілердің сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз етуде. Яғни, шағымданушы сотқа келмей-ақ, уақыт үнемдеп барлығына да аталған бағдарлама арқылы көз жеткізеді. Ал «Сот кабинеті» жүйесі арқылы арыз қашан түсті, қай судъя, қашан қарайды, істің қаралу барысы – барлығын біліп отырады. Тек бұл үшін телефон, интернет желісі болуы керек. Бұл жағдай сот практикасында өте тиімділігін көрсетуде, атап айтқанда, есеп беруде, талдау жасауда және т.б. Кейінгі жылдары сот мәжілісін аудио, бейне жазумен жабдықтау да қолға алынған. Мәселен, судъяның аудио, бейне жазбаларды қайталап көру мүмкіндігі бар, бұл оның дұрыс шешім шығаруына оңды ықпал ететіні анық. Сонымен қатар, мұндай тәсіл іске қатысушыларды тәртіпке шақырады – судъяны да, басқаларды да. Қазіргі уақытта «Электрондық хаттама» деген де бар, ол енді қазір негізінен жол полициясында. Алда бәрі де бірте-бірте түгел электрондық форматқа (сот жүйесі де) көшуі мүмкін. Сот ісін онлайн жүргізу де қалыптасып қалғандай, оны, әсіресе, қазіргідей карантиндік шаралар жеделдете түсті.
– Жыл басынан бері қанша іс қаралды және олар көбіне қандай мәселеге байланысты?
– Айтайын. Биыл 4300 іс қарадық, сондай-ақ, 50 шақты мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлерінің іс-әрекетіне және шешімдеріне қатысты келтірілген шағымдарға байланысты істер болды. Істердің 40 пайызы жол-көлік оқиғалары болса, онан кейінгі орынды жеңіл дене жарақатын салу, ұрып-соғу, отбасылық ұрыс-керіс, жанжал алады. Қалғандары жер, құрылыс заңнамаларына қайшы әрекеттер, салық төлемеу, арақ-шарап саудасының, 21 жасқа толмағандарға темекі, ішімдік сату тәртібін бұзу сияқты мәселелер болып келеді.
– Ауданаралық сот болған соң жұмыс өте ауқымды шығар?
– Әрине, өйткені, біз Қарасай, Жамбыл, Іле ауданын толық қамтимыз ғой, ал, халқы көп осы үш аймақтан түсетін шағым қалай аз болсын? Мұнымен бірге, Алматы сияқты алып шаһардың түбінде тұрғандықтан, осы жерге жұмыспен, басқа да жағдаймен келген шетелдік азаматтардың да ісін қарауға тура келеді.
– Соңғы сұрақ. Қай уақытта да, қандай жағдайда да азаматтар мен адамдардың Конституциялық құқықтары қорғалуы, сақталуы тиіс. Бұл жөнінде жоғарыда жақсы айттыңыз, тағы не қосасыз?
– Еліміздегі барлық заң Конституциядан бастау алады. Ал, Ата Заңымызда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілген. Конституциялық құқық – өте қастерлі, қасиетті нәрсе. Оған қол сұғуға ешкімге де, ешуақытта да болмайды. Кез-келген жаңадан қабылданған заң Конституция нормаларына қайшы келмеуі тиіс.Заң қабылданарда оның Конституцияға сәйкестігі ерекше назарға алынады. Ендеше, ел тұрғындарының конституциялық құқықтарының сақталуы әрдайым алдыңғы кезекте тұрады. Саяси, мәдени, рухани және экономикалық дамуымыздың қайнар көзі ретінде танылған, елдігіміздің айбыны мен абыройы – Ата заңымыз жасай берсін!
– Әңгімеңізге көп рахмет, істеріңізге тек сәттілік тілейміз.
Әңгімелескен Берікбай ҚАДЫҚОВ.