Егемен еліміз тәуелсіздік алғалы бергі уақыт ішінде елеулі оқиғалардың орын алуымен ерекшеленді. Соның бірегейі 30 тамызда тойланғалы отырған тәуелсіз Қазақстан Конституциясының қабылданғанына 26 жыл толуы.
Қазақстанның Конституциялық тарихына көз салсақ, мемлекетіміздің бірнеше жазба Конституциясы болған екен. Соның біріншісі – 1926 жылғы 18 ақпандағы Қырғыз Советтік Социалистік Республикасының Конституциясы (Негізгі заңы), ол кезде қазақтарды қырғыз деп атағаны тарихтан мәлім. Ал, одан кейінгі Конституция 1937 жылғы 26 наурыздағы Қазақ ССР-нің Конституциясы болып табылады. Үшіншісі – 1978 жылығы 20 сәуірдегі Қазақ ССР-нің Конституциясы болса, төртіншісі 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы екендігі белгілі. Қазір қолданыстағы 1995 жылғы 30 тамыздағы ҚР Конституциясы Ата Заң ретінде тарихқа нық еніп отыр.
Алғашқы үш Конституция Қазақстанның Кеңестер Одағы құрамындағы кезде қабылданған Конституция болғандықтан, Қазақстан халқының мемлекеттік тәуелсіздігін жария ете алмады. Ол толығымен орталыққа бағынышты Заң болды. Қеңестер Одағының ыдырауына байланысты оның аумағында құрылған тәуелсіз мемлекеттердің бірі Қазақстан Республикасы өзінің тарихи-ұлттық ерекшеліктеріне байланысты және бұрынғы әкімшілік аумақта жаңа демократиялық, құқықтық мемлекет құруға талпыныс жасады.
1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум өткізіліп, жаңа Конституция өз күшіне енді. Бұл Конституция бойынша Қазақстан өзіні президенттік басқару түріндегі зайырлы, құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекітіп отыр.
Негізгі Заң – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы ең басты тетік болып саналады. Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасының ең басты құндылығы адам, оның өмірі, құқығы және бостандығы делінген. Осыған сәйкес ешкім де адам өмірін, бостандығын шектей алмайды. Қазіргі уақытта айтылып жүрген өлім жазасына мораторий жариялау, оны өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстыру осы қағиданы қолдау болмақ.
Ата Заңның ережелерін іске асыруда мемлекет атынан заңдылықтың сақталуына жоғарғы қадағалау жүргізетін прокуратура органдарына ерекше рөл берілген. Мұндай жағдайда Қазақстан прокуратурасы құқықтық қатынастың әртүрлі субъектілерінің құқықтарын қорғауды жүзеге асырып, сондай-ақ, осы бағыттағы құқық қорғау органдарының іс-әрекетін үйлестіре отырып, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдауда.
Сонымен қатар, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау прокурорлық қадағалаудың басым бағыты болды және осылай болып қала береді.
Еліміздегі және шетелдік сарапшылардың пікірі бойынша, Қазақстан Республикасының Конституциясы алдыңғы үлгідегі, демократиялық принциптерге сай жаңашыл Конституция.
Әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болу, өркениетті елдер қатарына қосылу, елімізде шын мәніндегі азаматтық қоғам құру – халықтың және мемлекеттің алдында тұрған мақсаттардың бірі және негізгісі.
Ғалымжан СӘРСЕНОВ,
Қарасай ауданының прокуроры, аға әділет кеңесшісі.
Алдыңғы үлгідегі, жаңашыл, демократиялық принциптерге сай
Главная » [:ru]Новости[:kk]Жаңалықтар[:] » Закон и мы » Алдыңғы үлгідегі, жаңашыл, демократиялық принциптерге сай