Қарасай ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мониторинг күшейтілді Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов берген тапсырмаға сәйкес, Қарасай ауданы Қаскелең қаласында орналасқан «Достар» базарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және сауда үстемесін бақылау мақсатында арнайы мониторингтік шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға аудандық кәсіпкерлік бөлімі, мемлекеттік кірістер органдары, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі, полиция басқармасы және төтенше жағдайлар саласының мамандары қатысты.
Тексеру барысында негізгі назар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне қойылатын сауда үстемесінің 15 пайыздан аспауын қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуінің алдын алуға, сондай-ақ делдалдық тізбектерді қысқартуға бағытталды. Сонымен қатар базардағы сауда орындарының заң талаптарына сәйкестігі, баға белгілерінің дұрыс көрсетілуі және тұтынушыларға ашық ақпарат беру мәселелері де қаралды.
Жауапты органдар өкілдері кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, баға қалыптастыру талаптарын сақтау бойынша нақты ескертулер берді.
Аудан әкімінің орынбасары Адис Сейдакматовтың айтуынша, мұндай бақылау шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Заң талаптарын бұзу деректері анықталған жағдайда, жауапты органдар тарапынан тиісті әкімшілік шаралар қабылданады.

