Қазақ тілі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қазынасының өзегі, ұлттық болмысының айнасы. Тіл – тек қатынас құралы ғана емес, ол – құқықтық мәдениеттің, әділеттіліктің, мемлекеттік тұтастықтың негізі. Сондықтан да Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мәртебесі заңмен айқындалып, ерекше қорғалуда.
Мен, судья ретінде, күнделікті қызметімде тілдің тек мәдени құндылық қана емес, сонымен қатар құқықтық жүйенің ажырамас бөлігі екеніне көз жеткізіп келемін. Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабына сәйкес, мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып табылады. Бұл норма – елдегі барлық мемлекеттік органдардың, соның ішінде сот жүйесінің қызметінде қазақ тілін қолдану міндетін айқындайды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы мемлекеттік тілдің қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған заңның талаптарына сәйкес, сот өндірісі де мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Бұл – азаматтардың құқықтарын толық әрі әділ қорғаудың кепілі.
Сот жүйесінде тілдің маңызы ерекше. Себебі әрбір іс – адамның тағдыры, әрбір шешім – әділдіктің көрінісі. Егер азамат сот процесінде өз ойын толық әрі еркін жеткізе алмаса, бұл оның құқықтарының шектелуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан да мемлекеттік тілді жетік меңгеру – судьяның кәсіби ғана емес, азаматтық міндеті деп білемін.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде сот ісін жүргізу тілі нақты көрсетілген. Онда сот ісі мемлекеттік тілде жүргізілетіні, ал қажет болған жағдайда басқа тілдерді қолдануға мүмкіндік берілетіні белгіленген. Бұл – еліміздегі көпұлтты қоғамның ерекшелігін ескере отырып, әр азаматтың құқықтарын сақтау мақсатында қабылданған әділ шешім. Қазақ тілінің сот жүйесінде кеңінен қолданылуы – тек заң талабы ғана емес, ұлттық рухты көтерудің, тәуелсіздікті нығайтудың маңызды қадамы. Себебі тіл – тәуелсіздіктің тірегі. Өз тілін құрметтеген ел ғана өзінің болашағын нық қалыптастыра алады.
Қорыта айтқанда, қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы ғана емес, ол – құқықтық мемлекеттің іргетасы. Әрбір мемлекеттік қызметкер, соның ішінде судьялар, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосуы тиіс. Бұл – біздің заң алдындағы ғана емес, ел алдындағы борышымыз. Әділдік пен заң үстемдігі орнаған қоғамда мемлекеттік тілдің де мәртебесі биік болары сөзсіз.
А.ИМАНДОСОВ,
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.

