Соңғы уақытта ауданымызда қоғамдық көліктерге қатысты жағымды жаңалықтар аз емес. Шілде айының басынан бері Қарасай жерінен тікелей Алматыға қарай бағыт алатын бірнеше маршруттарда өзгеріс болғанын хабарлаған едік. Оның бәрі, әрине, тұрғындардың өтініші негізінде әрі халыққа қолайлы болу үшін жүзеге асырылды.
Дәл осы мақсатта аптаның алғашы күнінен бастап аудан әкімдігінің қолдауымен тағы бірнеше қоғамдық көлікке қатысты оңды өзгерістер орын алды. Бұл жолы жолаушыларды тасымалдайтын бірнеше қоғамдық көліктің саны артып, қамтитын жүріс аралықтары ұзарды. Атап айтқанда, 2026 жылдың 13 шілдесінен бастап Қаскелең ішінде жүретін №1, сондай-ақ осы қала мен Жандосов, Елтай ауылдық округтерінің арасын жалғайтын №2А, №9 автобустардың саны да, ауыл ішінде тоқтайтын аялдамалар да көбейді.
Үш маршруттың ішінде тек №1 қоғамдық көліктің, яғни Қаскелең ішінде жүретін маршурттың жүріс сызбасы өзгеріссіз қалды. Саны жағынан келер болсақ, бұрын төртеу болса, қазіргі жылжымалы құрамы біреуге артты. Енді жолаушыларды жалпы бес автобус тасымалдайды. Жүріс аралығының интервалы 20 минутты қамтиды.
№9 маршрут бойынша айтар болсақ, олардың саны екеуге артып, енді 8 автобус халыққа қызмет көрсетеді. Аталған қоғамдық көлік бұрынғыдай Қаскелең қаласынан жүрісін бастайды. Ауыл ішін қамтитын аумағы кеңейіп, бұдан былай Исаев ауылында Береке елді мекені арқылы бағыт алады. Жүріс аралықтары 25 минуттан 21 минутқа қысқарып, жұмыс уақытын 22:00-ге дейін ұзартты.
Ал №2А автобустың бағытына тағы бір ауыл қосылды. Нақты айтқанда, бұл қоғамдық көлік әдеттегідей Қайрат ауылына ғана бармайды. Одан ары тасжолдың бойымен Жандосов елді мекеніне дейін жүріп, осы ауылдағы әкімдік пен «Орынбет» мешітінің маңайына тоқтайды. Бұл маршруттың саны 6-дан 8-ге артып, жүріс аралығы 30 минуттан 17 минутқа қысқарды.
Айта кетейік, аталған қоғамдық көліктерге әдеттегідей «D-Trans» компаниясы жауапты. Автобустарға «AlemPay» төлем жүйесі орнатылған. Яғни, аталған компанияның картасын және басқа да банк карталарын қолданып, сондай-ақ QR-код арқылы жолақысын төлеуге болады. Жолаушылар үшін бекітілген төлем барлық маршрут үшін 120 тг бекітілген. Оқушыларға 50% жеңілдік қарастырылған.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

