Көлащы ауылының орта мектебінде өткен іс-шараға мектеп оқушыларынан бастап, ауданның құрметті азаматтарына дейін жиналды. Кітаптың тұсауын аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы кесіп (суретте), ол барша жиналғандарға таратылды. Қашанда ауылдың көркеюіне атсалысып жүретін азаматшаның жаңа туындысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. «Осының бәрін жас ұрпақ біліп, өсуге тиіс», – деген ойын автордың бұл еңбегі толық өрбіткендей. Өйткені, өскелең ұрпаққа мұра болып қалатындай Көлащы ауылының тарихы да осында жазылған.
Айта кетсек, кітаптың авторы Тұрсынбала Шуашева 1941 жылдың 4 шілдесінде Қошмамбет ауылында дүниеге келген. Тынымсыз еңбек иесі 43 жыл бойы ұстаздық ете отырып, «Қонысы Қарасайдың құтты мекен», «Қазыналы Қарасай» аудандық өлкетану кітаптарын жарыққа шығарып, Қарасай ауданының құрметті азаматы атанған. Тағы да тілге тиек ететін жайт – Тұрсынбала апай «Еңбек ардагері», «Ана жүрегі» белгілерінің иегері. Кітапта автор өз ойларын тек прозамен ғана емес, жыр шумақтарымен де кестелеген.
Сонымен қатар, іс-шара барысында концерттік бағдарлама да ұйымдастырылып, оқушылар автордың кітабындағы өлең шумақтарды оқып шықты. Басқосу соңында Тұрсынбала Нұрсейітқызы жиналғандардың барлығына алғысын айтып, қонақтар көңілді күймен тарқасты.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.[:]