Өндірісі өркендеп, сан салада сенімді серпін байқалатын Қарасай ауданындағы жақсы жаңалықтарға жұртшылық әрдайым қуанатыны анық. Осы жылы аудан халқы талай игілікті іске куә болып, біраз жүйелі жұмыстардың нәрлі де нәтижелі болғанына көз жеткізді.
Расымен, 2025 жылда аудан аумағында түрлі нысан бой көтеріп, осы уақытқа дейін қазығы қағылған нысандар ел игілігіне берілді. Одан бөлек әр салада оңды өзгерістер байқалып, аудан абыройын арттыратын жетістіктер де орын алып жатты. Тұрғындардың талап-тілегінің біразы ескеріліп, әлеуметтік-экономикалық деңгейді арттыратын жобалар жүзеге асты. Айтулы күндердің қарсаңында жағымды жайттарға да толы болды. Инфрақұрылымдық бағытта жұмыстар жаңғыртылып, әлеуметтік нысандардың қатары артты.
Жалпы алғанда, Жылан жылы Қарасай ауданы үшін жаман болмады. Ендеше, ел есінде сақталу мақсатында жағымды жаңалықтарға толы ауқымды жұмыстардың біразына шолу жасасақ, артық болмас.
«Алтын орда» базарына дейін баратын маршруттар іске қосылды
Жыл басында Қарасай ауданында екі қоғамдық көлік іске қосылды. Тұрғындардың сұранысы бойынша «Алтын орда» базарынан Тұрар және Батан ауылдарына қатынайтын №6 мен №7 маршруттар ашылды. Бұрын мұндай ауданішілік маршрут болмағандықтан, бұл жаңа автобустар тұрғындардың күнделікті жүрісін жеңілдетті. Жаңа ашылған маршруттарда электронды төлем жүйесі орнатылған. Сондай-ақ жолақысын ұялы байланыс операторы арқылы SMS-хабарламамен, арнайы көлік карталарымен және екінші деңгейлі банк карталарымен төлеуге болады.
Іске қосылған автобустардың саны – 12. Оның жетеуі №6 «Тұрар – «Алтын орда» базары» бағытында, бесеуі №7 «Батан – «Алтын орда» базары» бойынша жүруде.
Қаскелеңде Өнер мектебі ашылды
2025 жылдың наурыз айында аудан орталығының тұрғындары ұзақ жылдар күткен Өнер мектебінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл маңызды оқиға ауданның мәдениет пен өнер саласында жаңа бастамалардың негізін қалауға бағытталған қадам болып табылды.
Үш қабатты жаңа өнер ошағының жалпы аумағы 0,1937 гектарды, ал ғимаратының көлемі 5218 шаршы метрді құрайды. Мекемеде штат бойынша 64 мұғалім жұмыс істейді. Олардың барлығы арнайы өткізілетін конкурс нәтижесі бойынша алынды. 300 орынға арналған өнер ордасы 530 оқушыны қабылдай алады. Ауданның жас таланттары мұнда домбыра, шертер, қыл қобыз, сырнай, гитара, ән терме, дәстүрлі ән, фортепиано, саксафон, цирк өнері сияқты 17 бағытта қабілеттерін шыңдайды.
Жаңа өнер ордасын ашу үшін сонау Кеңес Үкіметінен келе жатқан ДОСААФ-тың ескі ғимараты жандандырылды. Бұл мәселе бұрыннан бері қаралып келген еді. Алайда кезінде аталған нысанның 2013 жылдары «Отан» Республикалық қоғамдық бірлестігінің теңгерімінен «Түлек AKG» ЖШС-не өтіп кеткендігіне байланысты талай уақытқа дейін бұл мәселе шешілмей жүрді. Осыған байланысты біраз жыл ауданаралық және облыстық сотта процестер жүргізілді.
Тек 2024 жылы Алматы облыстық ауданаралық экономикалық сотының шешімі бойынша Қарасай ауданы білім бөлімінің арызы орынды болып табылған. Осылайша, ДОСААФ-тың ғимараты толықтай мемлекеттің иелігіне қайтарылып, бюджеттен қаражат бөлініп, тоқтатылған жөндеу жұмыстары қайта жандандырылды. Ал ағымдағы жылдың басында құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, Қарасай ауданындағы екінші мемлекеттік Өнер мектебі ретінде ашылды.
Мерейдегі Мәдениет үйі қайта жаңғыртылды
Қарасай жерінде тарих тамыры тереңде жатқан, өткеннен сыр шертетін мекемелердің бірі – Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Мерей ауылындағы Мәдениет үйі. Өз есігін сонау 1983 жылы айқара ашқан мекеме 2010 жылы күрделі жөндеуден өткен болатын. Уақыт өте келе тозығы жеткен мәдениет ордасы осы жылы қайта жаңғыртылып, сәулеті сәнді жарасқан ерекше нысанға айналды. Оның құрылысы 2024 жылы ақпан айында басталып, бір жылдан кейін ел игілігіне қайта берілді.
Бұл ғимарат Қарасай жеріндегі аудандық Мәдениет үйінен кейінгі округтер арасындағы әзірге ең үлкен әрі ең көп көрермен сиятын өнер ошағы болып табылады.
Күрделі жөндеуден өткен өнер ордасының жалпы аумағы 2248 шаршы метрді қамтиды. Жертөлесімен бірге үш қабатты болып саналады. Ал көрермен залына 250 адам емін-еркін сияды. Бүгінгі таңда өнер ошағында 15 үйірме бар және олардың бәрі тегін. Яғни өнерге, спортқа қабілеті бар кез келген жас бала мұнда келіп өз қабілетін шыңдап, осы жерде өнер көрсете алады. Ол жерде жас ерекшелігі талап етілмейді. Сондай-ақ қазіргі уақытта ауыл жастарынан құралған көркем өнерпаздар бар.
Мәдениет үйіндегі шығармашылық үйірмелер тек өнерге ғана емес, спорттық бағытта да шыңдайтынын айта кетуге болады. Оның ішінде «Дурия» және «МИКС» би студиялары, «Юнити» эстетикалық гимнастика, «Домбыра», «Тоқу», «Сахна тілі», «Актерлік шеберлік», «Улыбка» «Сурет салу» сияқты вокалдық, қолөнерлік үйірмелері жас жеткіншектерді түрлі өнерге баулиды. Сонымен қатар күрес, каратэ, бокс сияқты спорт түрлерінен де тәлім алуға болады.
Өнер ошағының өткен тарихына көз тастар болсақ, дәл осы үйірмелерден кезінде қарым-қабілетін, дарынын ұштап, жетістікке жеткендер көп. Тіпті, кейбірі шет мемлекетке дейін шығып, есімін әлемге танытқан.
SDU-да жасанды интеллект блогы құрылды
SDU университеті – Алматы облысында әзірге көш бастап тұрған әрі жетекші жалғыз оқу орындарының бірі. Мұнда бүгінгі таңда 9000-ға жуық студент білім алады. Олар бүгінгі таңда жасанды интеллекттің қыр-сырын үйренуде. Осы мақсатта наурыз айында жаңа оқу блогы ашылды. Оның іргетасы 2024 жылы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен қаланған болатын.
Жасанды интеллект блогының құрылуы – еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі және бұл SDU University үшін үлкен жетістік. Осы жоба студенттер мен зерттеушілерге болашақ технологияларын терең зерттеу және қолдану үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ.
SDU қабырғасындағы жаңа оқу блогы Freedom Holding Corp. компаниясының «Freedom Шапағат» қайырымдылық қорының демеушілігімен салынды. Жалпы аумағы – 5,6 мың шаршы метр. Мұнда жасанды интеллект технологияларын дамытуға және қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған зертханалар орналасқан. Сондай-ақ интерактивті орталықтар құрылып, студенттер қауымы Freedom Academy сарапшыларынан инвестициялау және трейдингтің негізгі қағидаларын үйрене алады. Жаңа ғимарат түрлі бағыттағы тақырыптық іс-шаралар, конференциялар мен семинарлар өткізуге мүмкіндік береді. Мұнда тек сапалы білім алуға ғана емес, сондай-ақ жайлы демалыс аймақтарын құруға да жағдай жасалған.
Алмалыбақ ауылында – жаңа мектеп
Қарасай жерінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Соның аясында ағымда жылы Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Алмалыбақ ауылында тағы бір заманауи «Келешек мектебінің» құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді.
3 га жер телімінде орналасқан үш қабатты мектеп ғимараты 1500 оқушыға арналған. Мектептің тапсырыс берушісі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ болса, құрылысын жүргізген компания – «BI Group» ЖШС. Білім мекемесінің айналасы абаттандырылып, әкімдіктің ықпалымен жолдары асфальтталып, жарықшамдары орнатылған.
Мектептің сипатына тоқталар болсақ, ол 10 блоктан тұрады. Бірінші, екінші, алтыншы және жетінші блоктар – оқу корпустары, төртінші мен бесіншісі – әкімшілік блоктар, тоғызыншы және оныншысы – шаруашылық мақсаттағы, ал үшінші және сегізінші блоктарда екі үлкен спортзал орналасқан. Бұған қоса бастауыш сынып оқушыларына арналған шағын спортзал да қарастырылған. Асханасы да оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай жасалған. Одан бөлек ауласында үлкен стадион мен балаларға арналған ойын алаңы бар. Актзалы 324 адамға арналған, мұнда арнайы LED-экран орнатылған.
Сонымен қатар әр пәннің кабинеттері толығымен керек-жарақтармен, жиһазбен және физика, химия пәнінің зертханалары тиісті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ал STEM бөлмесінде оқушылар үшін VR көзілдірігімен, дронмен жұмыс істеу және робототехникамен айналысу мүмкіндігі қарастырылған.
Мектептің тағы бір ерекше тұсы – кіреберісте орнатылған Face ID жүйесі. Ол арқылы оқушының келіп-кеткені қадағаланады. Сондай-ақ бұл ғимаратта ұлттық нақышта әсемделген, жиһаздармен сәні келіскен реакрация аумағы бар. Бұл жерде оқушылар үзіліс кезінде демалып, емін-еркін әңгімелесіп, бос уақыттарын тиімді өткізе алады.
«Асыл арман» халқы күткен білім ошағы
«Асыл арман» тұрғын үй кешенінің маңындағы орналасқан білім ошағын салуға ниетті болған компания – «Advennto» ЖШС. Ол жобаның тапсырыс берушісі ретінде төрт жылдың ішінде түрлі экономикалық дағдарысқа ұшырап, ғимаратты белгіленген мерзімде аяқтай алмады. Алайда бүгінгі таңда «Halyk» банк пен «Damu» кәсіпкерлікті дамыту қорының бірлескен несиелендіру бағдарламасы аясында жаңа білім ошағын салып бітті. Енді бұл мекеме жекеменшік ретінде ашылып, «Nomad International School» деген атаумен жұмысын бастады.
Бастапқы жоспарға сәйкес мектеп 3000 баланы қабылдай алады. Оның 2000 мемлекеттік оқу бағдарламасы негізінде тегін оқытылады. Олар – Кемертоған ауылындағы және Л.Толстой атындағы орта мектептердегі білім алушылар. Ал қалған 1000-нан астам бала арнайы тереңдетілген оқу бағдарламасымен ақылы түрде оқиды.
Бұл мектепте жаратылыстану саласына басымдылық берілген, сондай-ақ математика, химия, биология, физика пәндері және шет тілдері бойынша оқу бағдарламасының озық үлгісі қолданылады. Одан бөлек мұнда әлемдік олимпиадаға енген киберспортқа әуестенген оқушыларды бөлек дайындайды. Осы мақсатта демеушілік ретінде «Micro-Star International (MSI)» тайвандық компания мектепті киберспортқа арналған ең мықты компьютерлермен қамтамасыз етті.
Жаңа білім ошағының барлық инфрақұрылымы заманауи стандарттарға сай келеді. Ғимараттың жалпы аумағы – 32 000 шаршы метр. Мұнда кең сыныптар, заманауи кабинеттер, үйірмелер мен спортзалдары бар.
Қарасай жерінде әлемге әйгілі киноакадемия бар
Қарасай ауданы қол жеткізген тағы бір үлкен жетістік – әлемге әйгілі америкалық «New York Film» киноакадемиясының Орталық Азиядағы алғашқы кампусы оның аумағында ашылуы. Energo University мен Dala Edge креативті паркінің базасында құрылған жаңа филиал АҚШ-тан тыс жерлерде ашылған үшінші кампус және Қазақстандағы әлемдік деңгейдегі тұңғыш шығармашылық университет болып табылады.
Айта кетейік, аталған академия ашу бағытындағы жұмыстар екі жылға жуық уақыт жүргізілді. Нақты айтқанда, 2024 жылы Қаскелең қаласында жаңартылатын энергетика, атом энергетикасы, климаттық технологиялар, жасанды интеллект, робототехника, кино, анимация және ойындар сияқты жаңа бағыттарда маман дайындауға мүмкіндік беретін Алматы энергетика және байланыс университетінің жаңа кампусы салынған болатын. Оның базасында шығармашылық индустрия паркі ашылды. Сондай-ақ Energo University мен Нью-Йорк киноакадемиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Соның аясында Energo University мен Dala Edge креативті паркінің базасында әлемге әйгілі «New York Film Academy» (NYFA) Қазақстандағы алғашқы филиалын ашу жұмыстары басталды. Аталған бастаманың нәтижесінде таяуда «New York Film Academy Kazakhstan» корпусының ресми ашылу рәсімі өтті.
15 гектар аумақта орналасқан 1000 шаршы метрлік қазақстандық кампуста кітапхана, дәріс оқитын залдар, дыбыс және монтаж студиялары, шығармашылық кеңістіктер бар. Студенттер режиссер, актер, сценарист, дизайнер және визуалды эффект бағытында білім алады.
Білім беру бағдарламасы тәжірибелік курс ретінде түзілген: идеядан бастап сценарий жазу, түсірілім, монтаж және көрсетілімге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Бағдарламаға қысқаметражды жобалар, режиссерлермен шеберлік сағаттары және жеке менторлық қолдау кіреді. Түлектің дипломдық фильмі оның портфолиосына дайын жұмыс ретінде еніп, түрлі фестивальдерге қатысуға мүмкіндік береді.
Академияда студенттерге сабақты Голливуд пен Нью-Йорктен келген 10 NYFA кәсіби дәріскерлері жүргізеді. Жаңа кампус ашылған сәтте 60 жас кинематографист оқуын бастады, олардың ішінде 11 студент толық грант, 21 студент жартылай грант иегері. Гранттық бағдарламаға 120-дан астам өтінім түскен, ал студенттердің қатарында төрт шетелдік бар. Сонымен қатар филиалда саланың жұмыс істейтін мамандары үшін қысқа мерзімді оқу бағдарламалары (төрт және сегіз апта) жүргізіледі.
Халықаралық компания Елтайда салынды
Айта кетейік, кореялық «KT&G» – әлем бойынша ең ірі өндіріс орындарының бестігіне кіретін халықаралық компания. 2023 жылы осы алып компанияның бір зауыты Елтай ауылдық округіне қарасты Көкөзек ауылының аумағында салына басталған еді. Жобаға 160 миллион АҚШ доллары (70 миллиард теңге) инвестиция құйылды. Нәтижесінде 200 000 шаршы метр аумақты алып жатқан заманауи нысандар салынды, оның ішінде үш өндірістік желі орналасқан бес өндірістік ғимарат бар. Ағымдағы жылдың сәуір айында оның ресми түрде ашылу салтанаты өтті.
Мұндағы өндіріс процесі толығымен автоматтандырылған және халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді. Шикізатты сатып алу және дайын өнімді қаптауды қоса алғанда, барлық кезеңдерінде қатаң сапаны бақылау жүйесі қолданылады. Алғашында компанияда 130 адам жұмысқа кірісті. Алдағы уақытта оның саны арта түспек. Олардың орташа айлық жалақысы 490 000 теңгені құрайды, бұл аймақтық орташа жалақыдан екі есеге жуық.
Зауыт жобалық қуатына шыққан соң Еуразия мен ТМД нарығына сапалы өнім жеткізуді қолға алады. Сондай-ақ ол арқылы ауданның бюджетіне жыл сайын шамамен 25 миллиард теңге салық түседі.
Компания 2027 жылға қарай негізгі бизнесінің бәсекеге қабілеттілігін күшейту және шетелдегі тікелей операцияларын кеңейту арқылы халықаралық сатылым үлесін 50 пайызға жеткізуді мақсат етіп отыр.
«KT&G Kazakhstan» зауытының ашылуы – бұл тек жаңа өндірісті іске қосу емес, сондай-ақ Қазақстан мен Корея арасындағы 33 жылдық серіктестіктің нәтижесі және Алматы облысының инвестициялық тартымдылығының жарқын дәлелі болды.
Импорттық жүктерді қабылдайтын терминал
Burunday Container Terminal (BCT) ағымдағы жылы Елтай ауылдық округінде ауқымды инфрақұрылымдық жоба ретінде өз жұмысын бастаған көпфункцияналды контейнерлік терминал. Бизнеске, саудаға және әріптестікке жаңа мүмкіндіктер ашатын жаңа контейнерлік терминал Қытайдан, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден келетін импорттық жүктерді қабылдап, өңдеуге бағытталған.
Құрылысы 2024 жылдың шілде айында басталған терминал бір жылдан кейін өзінің алғашқы контейнерлік пойызын қабылдады. Қазір барлық өндірістік процестер оңтайландырылып, терминал қалыпты жұмысын бастады.
Нысанның жалпы ауданы 50 000 шаршы метрді құрайды, оның ішінде контейнерлік терминал, ауыр жүк тұрағы, жабық және сыртқы уақытша сақтау қоймалары мен кеңсе ғимараты. Жоба аясында қазіргі уақытта 30 жұмыс орны құрылды, ал болашақта олардың саны 70-ке дейін ұлғайтылмақ. Ал қуаты жылына 100 000 контейнерге дейін жетеді. Бұл өңірдегі логистикалық инфрақұрылымды айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоғары сапалы терминал қызметтеріне сұраныстың артуы және жүк көлемінің ұлғаюы жаңа терминалды дамыту үшін қолайлы перспективалар туғызады.
Қазіргі уақытта Burunday контейнерлік терминалы жалпы жүктерді өңдеу мүмкіндігі бар контейнерлерді өңдейді. Болашақта нысан дистрибьюторларға, бөлшек саудагерлерге және 3PL компанияларына қызмет көрсету үшін қойма инфрақұрылымымен кеңейтуді жоспарлап отыр.
Отандық логистикалық хаб
Ағымдағы жылы Елтай ауылдық округінің аумағында жұмыс процесін іске қосқан заманауи логистикалық хаб – «Focus Aksengir» ЖШС. Ірі Focus Logistics компаниясына тиесілі ауқымды жоба толықтай қазақстандық инвесторлардың қаражатына салынғандықтан отандық болып табылады.
Ашып айтқанда, логистикалық хабтың құрылысы 2023 жылы басталды. Оны іске асыру үшін тартылған жалпы инвестиция көлемі 70 миллиард теңгені құрайды.
Бірінші кезеңде Ozon компаниясы үшін 40 775 шаршы метр аумақта заманауи фулфилмент-орталық салынды. Бұл бағытта компаниялар арасында оффтейк-келісім жасалған.
Қазіргі кезде жалпы ауданы 64 545 шаршы метр қойма пайдалануға берілді. Ал 2025 жылдың IV тоқсанында тағы 26 мың шаршы метр қойма іске қосылды.
Болашақта жоба аясында А+ санатындағы 300 мың шаршы метрге дейін қойма алаңын және қуаттылығы 100 мың TEU болатын контейнер терминалын салу жоспарланып отыр. Жоба өңір экономикасына тікелей әсер етеді. Ozon компаниясымен серіктестік нәтижесінде 4 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал облыс бюджетіне жыл сайынғы қосымша 5 млрд теңгеден астам салық түсімі түседі.
Логистикалық парк Үлкен Алматы айналма жолы, Ақсеңгір теміржол стансасы және Қытай, Ресей мен Орталық Азия елдеріне шығатын халықаралық көлік дәлізімен біріктірілген. Бұл оның өңірлік және халықаралық тасымалдар жүйесіндегі маңызын арттырады.
Focus Logistics компаниясының құрылтайшысы болып табылатын Bazis Holding Company алдағы уақытта 50 000 шаршы метр аумақта көтерме-тарату азық-түлік орталығын салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ 300 гектардан астам индустриялық аймақты жолдармен, инженерлік коммуникациялармен, жатақханалармен және жеке сұрыптау стансасымен қамтамасыз ету көздеуде.
Алматы облысының абыройын арттырған әулет
«Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының республика көлемінде өткен марапаттау рәсімінде Алматы облысының абыройын арқалаған жерлестеріміз, қарасайлық Бекдайыр әулеті құрметке бөленіп, үздіктер қатарынан табылды.
Шара барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең үлгілі 20 отбасының ішінде Бекдайыр әулетінің топ жарғаны бәрімізді қуантты.
Алматы облысының намысын ту еткен Қаскелең қаласының тұрғындары – Бекдайырлар әулеті аудандық, облыстық кезеңдерінен сүрінбей өтіп, республикалық кезеңде облыс намысын абыроймен қорғады.
Қолөнердің қыр-сырын бірнеше буыннан бері жалғастырып келе жатқан бұл отбасы – өнердің, еңбектің және берекенің жарқын үлгісі. Әулет басшысы Қоңыр ағамыз күміс әшекей жасау ісімен танылып, зергер атанса, оның жұбайы Анаргүл Нарботанова ұлттық киім тігу өнерінде шеберлігімен ерекшеленеді. Балалары да ата жолын жалғап, шығармашылық бағытты таңдаған.
Бекдайыр отбасының бұл жеңісі облыстың абыройын арттырып қана қоймай, ұлттық мұраға деген құрметті еселей түсті. Сонымен қатар дәстүрді дәріптеген барша жанның ортақ қуанышы деп білеміз.
Жастарға қызмет көрсету орталығы бой көтерді
Еліміз үшін маңызы жоғары Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қаскелең қаласында екі қабатты заманауи Жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды. Жаңа нысанның құрылыс жұмыстары 2023 жылдың маусым айында басталған еді. Алайда 2024 жылдың сәуірінде бірқатар себептермен, оның ішінде қаржыландыру мәселелеріне байланысты, құрылыс уақытша тоқтатылған. Тек биылғы көктемде қайта жанданды. Нәтижесінде мереке қарсаңында қолданысқа берілді.
Орталықтың бірінші қабатында аудандық Жастар ресурстық орталығының, «Отбасы банк» секілді бірқатар мекемелердің мамандары орналасады. Олар жастарға жұмысқа орналасу, баспаналы болу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу және тағы да басқа мәселелерді шешуде көмек көрсетеді.
Жастар үшін маңызды әрі қызықты бөлмелердің көбі ғимараттың екінші қабатында орналасқан. Бұл жердегі үлкен залда коворкинг-орталығы және антикафе бар. Мұнда жастар бос уақыттарын тиімді өткізіп, бір дастархан басында бас қосып, әңгіме-дүкен құра алады. Сонымен қатар екінші қабатта тігіншілік өнерге тегін үйрететін арнайы студия жұмыс істейді. Бұл бастама жастарды өзін-өзі жұмыспен қамтуына, қосымша табыс табуына жол сілтеп, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы жандардың бейімделуіне көмектеседі.
Айта кетейік, 1000 шаршы метрді қамтитын ғимараттың салынуына «Азамат құрылыс» ЖШС жауапты болды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың маусым айында басталған. Алайда 2024 жылдың сәуірінде бірқатар себептермен, оның ішінде қаржыландыру мәселелеріне байланысты, жұмыстар уақытша тоқтатылған. Тек биылғы көктемде қайта жанданды.
Төрт ауылдың электр желілері жаңартылды
Қарасай ауданында электр қуатының тұрақсыздық мәселесін шешу үшін 2024 жылы 17 ауылдың электр жүйелерін жаңғырту бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген болатын. Солардың ішінде Бекболат, Батан, Елтай, Исаев ауылдарына биыл тиісті қаражат бөлініп, электр желілері жаңартылды. Атап айтқанда, Бекболат ауылында 9 шақырымдай әуе желілері ауыстырылып, 6 қосалқы трансформатор орнатылған. Батанда 13 км электр желілері жаңартылып, 5 қосалқы трансформатор станциясы іске қосылды. Осы жұмыстардың мердігер мекемесі «Kaz Intel Group» ЖШС болып табылады.
Ал Елтай мен Исаев ауылдарындағы электр желілерін жаңғырту ісіне «Кернеу К» ЖШС жауапты болған. Бұл мердігер мекеме бөлінген қаражатқа сәйкес, Исаевта 6 км, Елтайда 7 км электр желілерін жүргізіп, екі елді мекенге сәйкесінше 6 және 5 қосалқы трансформатор орнатты.
Айта кетейік, дәл осындай жаңғырту жұмыстары басқа елді мекендерде де жалғасын таппақ. Жоғарыда атап өткендей, 17 ауылдың төртеуіне тиісті жұмыстар атқарылса, келер жылы Қаскелең қаласы мен Қайнар, Көлащы, Жібек жолы, Жамбыл, Шамалған, Береке, Жармұханбет, Көкөзек, Ұлан, Жандосов, Долан, Тұрар, жалпы алғанда 13 елді мекенге қаражат бөлу мәселесі қарастыралады. Одан кейін электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Аудандық орталық аурухана күрделі жөндеуден өтеді
Жарты ғасыр бұрын іргетасы қаланған Қарасай ауданының орталық ауруханасында осы жылдың қараша айынан бастап күрделі жөндеу басталды. Ғимаратты қайта жаңғырту жұмыстары бір жылға жоспарлануда.
1974 жылы қолданысқа берілген аталған медициналық орталық 10 жылдан астам күрделі жөндеу көрмеген. Енді оның қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынып, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының тапсырысымен республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Құрылысына жауапты мердігер мекемені анықтау мақсатында конкурс өткізіліп, нәтижесінде «AK Construction Company» ЖШС анықталып отыр. Қажетті келісімшарттар мердігер ұйымдармен рәсімделіп, ағымдағы жылдың 15 қарашасынан бастап құрылыс-жөндеу жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес күрделі жөндеу жұмыстары 2026 жылдың 30 желтоқсанында аяқталуы жоспарлануда.
Ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты ұйымның бірқатар құрылымдық бөлімшелері қауіпсіз және үздіксіз медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында уақытша кезең-кезеңімен басқа ғимараттарға көшіріледі.
Аудандық аурухана жоғары санатқа ие болды
Аталған ауруханаға қатысты қуанышты жаңалықты да айта кетуге болады. Жақында Қарасай клиникалық көпсалалы ауданаралық орталық ауруханасы Алматы облысындағы аудандық ауруханалардың ішінде алғашқы болып жоғары аккредитациядан өтті.
Айта кетейік, аудандық орталық аурухана 2022 жылы аккредитациядан өтіп, І санатты алған болатын. Енді, міне араға үш жыл салып, мекеменің қызмет сапасы қайта бақыланып, жоғары санаттық дәрежеге жетіп отыр. Осылайша медициналық ұйымның жұмысы ұлттық стандартқа сай келіп, қауіпсіздігінің жоғары деңгейде екені расталып отыр.
Жалпы аккредитациядан сәтті өткен медициналық ұйымның аккредитация нәтижесі біраз мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтар болсақ, мемлекеттік қаржыландыруға қатыса алады, халыққа сенімді ұйым ретінде танылады, пациенттердің сенімін арттырады және ұйымның имиджін көтереді. Сонымен қатар, еңбек және медициналық процестерді жақсартуға жағдай жасайды, процестерді стандарттап, тәуекелдерді басқаруға және құжат айналымын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Қызмет сапасын көтеру арқылы көрсеткіштердің жақсаруына әсер етеді, тәуекелдерді азайтып, қателерді алдын алады және персонал кәсіби деңгейін арттырады.
Қарасай ауданы 100% табиғи газбен қамтылуға жақын
Қарасай ауданының аумағында орналасқан елді мекендерді толықтай газбен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталуға жақын. Өйткені жақында газ жүйесі тартылмаған жалғыз Сауыншы ауылында газ құбырларын жүргізу жұмыстары басталды және ол жыл соңына дейін толықтай жүзеге асырылу жоспарлануда. Осыдан кейінауданның газдандырылу көрсеткіші 100 пайызға жететін болады.
Айта кетейік, соңғы жылдары Қарасай ауданында халықты толықтай магистральды газ құбырына қосып, табиғи отынмен қамтамасыз ету мақсатында кешенді жұмыстар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде аудан аумағындағы елді мекенге кіретін ауылдардың ішінде 300-ден астам тұрғын үйі бар Сауыншы ауылы ғана орталық газға қосылмаған соңғы ауыл болып қалды. Аудан басшылығы тарапынан ауылды магистральды газ құбырына қосу үшін бастапқы құрылыс жұмыстарына 5 млн. теңге бөлініп, мердігер мекеме «Влад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталған еді. Алайда жобалау-сметалық құжаттама 2021 жылдың шілде айында әзірленіп, уақыты өтіп кетуіне байланысты қайта санау жұмыстары жүргізіліп, жоба мемлекеттік сараптамаға берілді. Ал ағымдағы жылы бұл жоба соңғы кезеңіне жетіп, қазан айында Сауыншы ауылында газ құбырларын тарту жұмыстары басталды.
Қаскелеңнің орталық көшесі абаттандырылады
Қаскелең қаласының орталық көшесі – Абылай ханның бойы келешекте басқа көрініске айналмақ. Наурыз айынан бастап бұл жерде абаттандыру жұмыстары басталды. Оның тапсырыс берушісі – Қарасай ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Ал көше бойын ретке келтіруді жүзеге асыру «Капитал Строй Проект Групп» ЖШС-нің жауапкершілігінде.
Абылай хан көшесін абаттандыру бойынша 2023 жылы жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалған. Жалпы құрылыс барысы екі кезеңге негізделген. Бүгінгі таңда алғашқысын орындау үшін тиісті қаражат бөлінді. Соған сәйкес Қаскелең қаласының кіреберісі, яғни SDU университетінен бастап автобекетке дейін абаттандыру жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ осы аралықтағы көше бойында жарықтандыру мен аялдамалар орнатылып, арықтар ретке келтірілуде. Ал жалпы көше бойын абаттандыру Мақашев көшесіне дейін жүргізіледі және оның аяқталуы келесі жылға жоспарлануда.
Қабырға бетіндегі муралдар көрікті көрініске айналды
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Қаскелең қаласында қазақтың біртуар ұлы, Кеңес одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлына арналған мурал пайда болды. Даңқты қолбасшының бейнесі Қарасай батыр мен Мақашев көшелерінің қиылысындағы көп қабатты үйдің қабырғасына салынды.
Батырдың муралы – қаланың сәулеттік келбетін жақсартып, қазақтың тарихи тұлғаларын насихаттауға арналған арт-нысандардың біріншісі. Суретте солдат формасын киген Бауыржан Момышұлы мен оны үлгі етіп қарап тұрған жас ұрпақтың өкілі бейнеленген.
Ұлттың ұлы тұлғасына айналған муралдың тағы біреуі Қаскелең қалалық әкімдікке қарама-қарсы үйлердің біріне салынды. Бұл жолы даңқты композитор, туғанына биыл 100 жол толған күйші Нұрғиса Тілендиевтің бейнесі көрікті көрініске айналды. Халық қаһарманының осы бір айтулы мерейтойының қарсаңында Қарасай ауданының әкімдігі ұлт тұлғасына құрмет танытып, оның есімі мен өнер жолын ұлықтау үшін келісті келбетін халыққа паш етуді жөн санады.
Айта кетейік, ел мақтанышына айналған батыр Бауыржан Момышұлының да, дәулескер күйші Нұрғиса Тілендиевтің де муралдарын суретші Еркеғали Иманғали салды.
Жыл соңында Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойына орай Қаскелең қаласында үшінші мурал өрт сөндірушілерге арналды (суреті 2-бетте).
Төле би көшесіндегі көпқабатты үйдің қабырғасындағы суретте осы саланың мамандары ұран ретінде айтатын «Адам құтқару – абыройлы міндет» деген сөз жазылған. Жобаны іске асырған мердігер мекеме – «Саба Атабаев» ЖК.
Беттерді дайындағандар – Дидар Мәлікұлы және Ақтоты Мырзабекқызы.
